Атырауда «Nazar» жобасы іске қосылды
Атырау қаласында білім беру сапасын арттыруға бағытталған «Nazar» жобасы іске қосылды. Жобаның ресми ашылу салтанатына облыс әкімі Серік Шәпкенов пен «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин қатысты.
Бірегей бастаманы қолға алған облыстық білім беру басқармасының өкілі Эльмира Тұңғатарованың айтуынша, «Nazar» – «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп әзірленген білім беру сапасын жақсартуға бағытталған пилоттық жоба. Жоба аясында қаладағы 64 мектепке 2 426 бейнебақылау камерасы орнатылды. Жоба арқылы мұғалімдердің сабақ беру сапасы әділ бағаланып, оларға әдістемелік қолдау көрсетілмек.
Білім беру процесіне мониторинг жүргізуді облыстық білім беру басқармасының әдістемелік кабинеті жүзеге асырады. Бағалау сабақтың мақсаты – оқыту әдістері, мұғалімдер мен оқушылар арасындағы өзара әрекеттестік, цифрлық білім беру ресурстарын пайдалану, сабақ құрылымы және уақытты тиімді пайдалану аспектісі арқылы жүзеге асырылады.
Мамандар бір компьютермен барлық сабақты қашықтан талдай алады. Бұл жылына 5 100 сабаққа дейін бағалауға мүмкіндік беріп, мұғалімдердің жұмысын жан-жақты талдау мен қолдауға жағдай жасайды. Сондай-ақ жаңа жүйе әдіскерлердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді, кабинеттерді физикалық тұрғыда араламайды және жалпы білім беру мен оқыту сапасының артуына ықпал етеді.
Алдағы уақытта бұл жобаны қала мектептерінен бөлек, аудандық білім ордаларында іске асыру жоспарланған, бұл облыс оқушыларының білім сапасын арттыруға септігін тигізеді.
Еркеназ ҚАЛИЖАН