Атырауда мектеп оқушыларына арналған «Qabilet» білім беру жобасы іске қосылады

aa66083b ebc1 4916 90ec 0094aad92bee Білім

     Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2019 жылдан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ел үміті» бастамасы жүзеге асты. Бастама аясында осы қазан айынан «Qabilet» («Қабілет») жобасы іске асырыла бастады. Жобаның аты айтып тұрғандай, бірінші кезеңге 10-11 жастағы мектеп оқушылары қатысып, солардың қабілет-қарымы анықталса, екінші кезеңде жасөспірім балалар қамтылатын болады. 

     Бұл туралы баспасөз брифингінде сөз алған спикерлер – Атырау облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова мен Таланттарды анықтау және қолдау орталығының директоры Руслан Сарбалин кеңінен әңгімеледі. 

     Жобаны Нұрсұлтан Назарбаев қоры мен «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жүзеге асыруда. Оқушы қабілетін анықтаудың негізгі құралы – тесттер. Оларды әзірлеуге психологиялық диагностика саласындағы отандық сарапшылар қатысқан. Диагностика мен қабілетті анықтау «Дарын» өңірлік орталығының базасында және «Елбасы Академиясының» qabilet.elbasyacademy.kz – Qabilet онлайн платформасында жүзеге асырылады. Жас дарындардың ата-аналары оларды осы сайтқа тіркеп, Call-орталықтың 8 (800) 080 48 48 нөміріне өздерін толғандырған сауалдарына жауап ала алады. Қоңырау шалу тегін.   

    Еліміздің ертеңі – мектеп партасында отырған бүгінгі шәкірттер. Олай болса, сенім мен үміт ақтар ұрпағымыздың қабілет-дарынын анықтауды ертерек қолға алайық, қадірлі ата-ана мен ұстаздар! 

Лиза СЕЙТІМОВА

Суретті түсірген автор  

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз