Жарнама
Білім

Атырауда көшбасшылардың жобасы жүзеге асырылуда

Облыста «Білім берудегі өзгерістің 1 000 көшбасшысы» пилоттық жобасы өткен жылдың шілде айынан бастап іске қосылды. Биыл жоба аясында 6 көшбасшы директор және директор орынбасары лауазымдарына тағайындалды.

Облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарованың хабарлауынша, бүгінде ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісімен білім берудегі өзгерістердің көшбасшыларын іріктеу және даярлау жөніндегі жобаны жүзеге асыруда. Үміткерлер 8 ай бойы құзыреттілікті бағалау, үш деңгейлі оқыту, еліміздің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өту, қорытынды бағалау және министрлік жанындағы комиссиямен әңгімелесуден өтеді. Резервке қабылданған жаңа буын басшылары кадр мәселесін шешуге өз үлесін қосады, сонымен қатар жаңа мектептерді, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептерді де басқаруға құзыретті болады.

–Биыл жобаның екінші кезеңі жүзеге асырылды. Жыл басынан бері мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында еңбек ететін педагогтерден 309 өтінім қабылданды. Тестілеу нәтижесі бойынша келесі кезеңге өткен үміткерлер педагогикалық шеберлік орталығында «Өзгеріс көшбасшылары: заманауи білім беру ұйымын басқаруға жаңа көзқарас» тақырыбы аясында оқыды. Іріктеудің барлық 5 кезеңінен өткен қатысушылар республикалық кадр резервіне алынды – дейді облыстық білім беру басқармасы педагог кадрларды аттестаттау және басқару бөлімінің басшысы Зульфия Мағзомова.

Оқудан, тағылымдамадан және әңгімелесуден өткен үміткерлерге сертификат берілді. Өңірде 2023 жылы резервтегі 1 көшбасшы, 2024 жылы 6 көшбасшы директор, директор орынбасарлары лауазымдарына конкурстық рәсімдерден өтпей тағайындалды.

Солардың бірі – Қайсар Нұртанов. Жоғары білікті маман 2022 жылы Үкіметтің «Мұғалімдер тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тиісті қолдау шараларының пакетімен тарту қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес Атырау қаласындағы Ж.Қаражігітов атындағы №16 мектеп-лицейіне жұмысқа орналасқан. 2024 жылы «Білім берудегі өзгерістің 1 000 көшбасшысы» жобасы бойынша тағылымдамадан және әңгімелесуден сүрінбей өтіп, Ж.Жабаев атындағы №21 орта мектептің директоры болып тағайындалды.

Өз тілшіміз

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button