Атырауда дуалды оқыту дамуда
Өңірлік ғылым мен жоғары білімнің дамуында С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің де үлесі зор. Биыл диплом алған 600-ге жуық студенттің 43-і дуалды оқыту жүйесімен өндіріс орындарында тағылымдамадан өтіп, еңбек кітапшаларын алған.
Оқытудың бұл жүйесін дамытқан білім ордасы – салалық жұмыс орнында кәсіптік және іскерлік дағдыларды игеріп, күрделі мамандықты меңгеруге, әртүрлі жүйелер білім, ғылым және өндірісті қамтитын жоғары білім алуға мүмкіндік беруде. Студенттердің оқу жүктемесінің кем дегенде 40 пайызы кәсіпорындағы жұмыс есебінен игеріледі.
– Дуалды оқыту жүйесі елде алғашқылардың бірі болып, 2015 жылы іске қосылды. Бүгінде 800-ге жуық студент халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейдегі 100-ден астам өндіріс орнында осы жүйе бойынша тәжірибеден өтіп жүр, — дейді университет ректоры Гүлзада Шакуликова.
Айта кету керек, аталған жоғары оқу орнында индустрияның интеграциясы студенттерді кәсіби бейімдеуге, өндіріс орындарында жаңа технологияны игеріп, ірі компанияларда жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп келеді.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА