
Атырауда болашақ мамандар бәйгесі басталды
С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінде алғаш рет мектептің 14-16 жас аралығындағы оқушыларына арналған «Jas Skills-2025» кәсіби шеберлік байқауы өтіп жатыр. Бұл – болашақ жас мамандардың алғашқы қадамын қолдап, кәсіби бағыт-бағдар беретін маңызды іс-шара.

Байқау 7 колледждің базасында 15 құзыреттілік бойынша өткізіліп, оған 100-ден астам оқушы қатысады. Жиында сөз алған облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Лаура Меңдіғалиева жұмысшы мамандықтарды дәріптеу облыс көлемінде бұған дейін де жүзеге асырылып жатқандығын атап айтты.
– Ақпан айының басында «Baby skills», яғни балабақшалардың, балалардың арасында да осындай іс-шара өтті. Сондай-ақ колледж студенттерінің арасында өткізіліп келеді. Бұл байқау республикалық, халықаралық деңгейде де ұйымдастырылады. Бүгінгі байқауда баршаңызға сәттілік тілеймін. Бүгінгі күннің сіздерге берері мол деп есептеймін. Өйткені алдағы уақытта мамандық таңдауда сіздерге көп көмегі тиеді деген сенімім зор. Белсенділік танытып қатысып жатқандарыңыз үшін көп рақмет, — деді Л.Мұхамеджанқызы.
Колледж директоры Бақыт Шеркешбаева оқушыларға сәттілік тілеп, осындай керемет мүмкіндікті пайдалануға шақырды. «Jas Skills-2025» кәсіби шеберлік байқауы C.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінің базасымен қатар, өзге де іргелі орта білім беретін колледждерде өтетіні белгілі болды. Ол жерлерде оқушылар «Робототехника», «Графикалық дизайн», «Веб дизайн», «Электромонтаждық жұмыстар», «Химиялық және зертханалық талдау», «Шанақ жөндеу», «Көлікке техникалық қызмет көрсету», «Әлеуметтік медициналық күтім»,
«Шаштараз ісі», «Мейрамхана ісі», «Кірпіш қалау», «Бастауыш сынып мұғалімі», «Ауыл шаруашылығы механизациясы», «Электромонтаждық жұмыстар», «Дәнекерлеу ісі» құзыреттіліктері бойынша бөлініп, шеберліктерін танытуға мүмкіндік алды.
№36 мектеп-гимназиясының IX сынып оқушысы Абылай Кенжеғали «Электромонтаждық жұмыстар» құзыреттілігін таңдап, қызығушылық білдіргенін айтады. Үй жағдайында да қолынан келетін электромонтаждық жұмыстарға да көмектесіп, қосқыштарды өзі-ақ ауыстыруға тырысатынын айтты.
– Электромонтаждық жұмыстар маған өте қызықты. Осы салаға қатасты үйдегі жұмыстарды өз қолыммен жасаған ұнайды. Бұл тек пайдалы ғана емес, қауіпсіздікке де үлкен мән беруді үйретеді. Болашақта осы саланы тереңірек меңгергім келеді, — деді А.Кенжеғали.
Байқаудың нәтижелері бүгін анықталады.
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген автор