Атырауда белсенді оқушылар форумы өтті
Атырау облыстық әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ел үміті» және «Қамқорлық» бастамаларына арналған «Тәуелсіздік жолын жалғастырар ұрпақ» атты форум өтті. Форумға болашағынан үлкен үміт күттіретін мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары, облыстық білім беру басқармасы мен облыстық әкімшіліктің қызметкерлері, ұстаздар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Үстіміздегі жылдың ақпан-наурыз айларында Атырау облысы бойынша «Мың бала» жобасының сырттай кезеңі өтті. Алғашқы кезеңге 5-6 сыныптың 12 470 оқушысы қатысты. Олимпиада карантиндік нормаларды сақтай отырып, Назарбаев Зияткерлік мектебінде, Құрманғазы, Қызылқоға, Мақат, Махамбет аудандарының мектептерінде өтті. Осынау білім-білік сайысының қорытындысымен 49 жүлдегер оқушы өз білімдерін дарынды балаларға арналған мектептерде жалғастыруға мүмкіндік алды.
Бұған қоса биылғы шілде айында жастарға арналған «Елбасы медалі» челленджі іске қосылып, оған 14-29 жас аралығындағы білімдар жастар қатысты. Бұл жастағы ұл-қыздар спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, еріктілік, саяхат пен жорықтар, еңбек тәжірибесінен өзара сынға түсті. Қазір жобаға республикада 11 мыңнан астам қатысушы, 600 тәлімгер, 17 өңірлік үйлестіруші мен сарапшы, ал облыс бойынша 332 қатысушы, 9 тәлімгер, бір өңірлік үйлестіруші мен сарапшы тартылып отыр.
Шыны керек, бұл қатысушылар үшін үлкен сын болды. Жоба барысында олар спорттағы дайындықтарын күшейтіп, ұлттық мұраны зерттей түсті. Әлемдік және қазақ әдебиетінің шығармаларымен етене танысып, еңбек тәжірибесінен де өтті. Сонымен қатар, волонтерлық қызметке де белсене араласып бақты. Бүгінде аталған бағдарламаға жас ерекшеліктеріне қарай оқушылар да, студенттер де, жұмыс істейтін жастар да, мемлекеттік қызметшілер қатысуда. Себебі, жобаның басты ерекшелігі сол, ол – әр қатысушы өзгелермен емес, тек өзімен бәсекелеседі. Күнделікті өзін-өзі дамытып, кешегіден бүгін зерек, ынталы, құймақұлақ болуға ұмтылады. Сөйтіп, ертеңіне батыл да анық қадам жасауға дағдыланады.
– Шынайы патриотизм – барлық жеке мүдделерден жоғары тұратын адам рухының асқар шыңы. Нағыз отаншылдықтың басты өлшемі де әрбір қазақстандықтың елі мен халқы алдындағы парызын терең түсінуінде. Бұл өтіп жатқан жобалардың мақсаты да жас ұрпақтың рухани-адами қасиетін қалыптастырып, патриоттық тәрбие беруде Отанға деген сүйіспеншілік сезімі мен қоғам дамуындағы ұрпақтар сабақтастығының маңыздылығын көрсету болып табылады. Біз қашан да туған еліміз бен жеріміздің даңқын асқақтатып, бабалар үмітін ақтар ұрпағымызбен мақтанамыз, марқаямыз. Жүлделеріңіз құтты болсын, сабақтарыңызды жақсы оқыңыздар! – деген облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Қайыржанқызы облысымыздың бір топ білімді шәкіртіне Елбасы қорының атынан дайындалған сыйлық – арнайы диплом мен ноутбукты, ал енді бір тобына қола медалін салтанатты жағдайда табыс етті.
Марапатталушы оқушылар атынан Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының 10 сынып оқушысы, «Елбасы медалінің» иегері Мәдина Қожабалуанова сөз алып, тұңғыш Президентке, облыс басшылығына, ұстаздар мен ата-аналарға шынайы алғыс сезімін білдірді.
Лиза СЕЙТІМОВА