Атырау мұнай және газ университеті алғаш рет мектеп оқушыларына арналған жастар форумын өткізді
Ең ауқымды трансформация өңірдегі, қаладағы шағын өзгерістерден басталады. Ал бұл өзгерістердің барлық қатысушыларын байланыстыратын басты буын – жоғары оқу орындары.
Мектеп түлектерінің болашаққа жасар ең маңызды да жауапты сәтінде бағыт-бағдар беріп, білім мен ғылымды дәріптеу мақсатында АтМГУ І Жастар форумын өткізді.
Маңғыстау облысының орталығындағы Rixos Water World Aktau кешенінде болған форумға 11 сынып оқушылары қатысты.
-Зияткер түлек – ел үміті. Келешектің кемел тұлғасы болудың алғашқы қадамы мамандықты дұрыс таңдаудан басталады, өйткені бұл өмірдегі ең маңызды шешім. Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті «Мектеп-жоғары оқу орны» жобасы аясында оқушыларға мамандық таңдауға көмектесу, техникалық мамандықтарды таныстырып, мансаптық бағдарлау жұмысын жүргізу үшін осы форумды ұйымдастырып отыр,-деп атап өтті университеттің Басқарма Төрағасы-ректоры Гүлзада Шакуликова.
Форум барысында универитет проректорлары Дархан Құралханов, Қанат Оразалиев, Аида Байғараевалар оқу орнының артықшылықтары мен болашақтағы жоспарлар туралы айтты. Сонымен қатар, табысты түлектер өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, талантты студенттер өнер көрсетті. Форумға қатысқан оқушылар арасында викториналық ойын ұйымдастырылды.
Ресейлік Астрахань мемлекеттік техникалық университеті ректоры Юрий Пименов, Астрахань мемлекеттік университеті ректоры Маркелов Константин кездесудің құрметті қонағы болды.
Форум хэдлайнері продюсер, композитор, Маңғыстау облысы баскетбол федерациясының президенті Самсон Аракелян (Биггсом), КТК ойындарының жүлдегері Шыңғыс Рахмашев қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Маңғыстау облысынан басталған Жастар форумы алдағы уақытта еліміздің басқа да өңірлерінде жалғасады.