
Атырау мұнай-газ университетінде жаңа мамандық ашылды
UTEBAYEV UNIVERSITY (С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті) еңбек нарығындағы өзгерістер мен өндіріс орындарының нақты сұранысын ескере отырып, жаңа, заманауи білім беру бағдарламаларын ашуға ерекше мән беріп келеді. Бұл – оқу орны мен өңірлік индустрия арасындағы тығыз байланыстың айқын көрінісі.
Университет мұнай-газ және химия өнеркәсібінің даму бағыттарына сай кадр даярлауды жаңаша көзқараспен жүзеге асыруда. Соның нәтижесінде 2025–2026 оқу жылында жаңа 6В0710Х – «Материалтану және жаңа материалдар технологиялары» білім беру бағдарламасы ашылды.
Аталған білім беру бағдарламасы өндіріс орындарының, атап айтқанда, мұнай-химия кешендерінің сұранысына нақты жауап беретін бағыт. Бағдарлама аясында студенттерге жаңа материалдардың (синтезделген материалдар, полимерлі және модификацияланған композиттер және т.б.) құрылымы мен қасиеттерін талдау; олардың физикалық-химиялық сипаттамаларын зерттеу; өндірістік технологияларды зерделеу мен оңтайландыру әдістері; экологиялық талапқа сай тиімді әрі орнықты технологиялар құрастыру сынды білім мен дағдылар үйретіледі.
Білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – өндірісте тиімді пайдалануға болатын, экологиялық таза және жаңа буындағы материалдарды жасауға қабілетті жоғары білікті мамандар даярлау.
UTEBAYEV UNIVERSITY Қабылдау комиссиясының төрағасы Есенгелді Арыстаналиевтің айтуынша, бұл бағдарлама еліміздегі индустрияның инновациялық даму бағытына толық сәйкес келеді.
– Оқуға түсу үшін талапкердің ҰБТ нәтижесі 50 балдан жоғары болуы керек. Бейіндік пәндер – математика мен физика. Құжат қабылдау аптаның барлық күні, соның ішінде сенбі және жексенбі күндері де жүргізіледі, – деп атап өтті Қабылдау комиссиясының төрағасы.
Айта кету керек, бұл бастама – өңірлік өндіріс орындарының тікелей тапсырысы мен ұсынысы негізінде іске асып отыр. Демек, жаңа мамандық түлектері тек теориялық білім алып қана қоймай, нақты өндірістік жобалармен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады.