АҚ ЖОЛ САҒАН, ЖАС ӨРЕН!
Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен сынақтан сүрінбей өткен оқушыларға ақ жол тілеген «Дарынды түлек-2014» салтанатты шарасы кеше «Ренессанс» қонақ үйінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иелері мен халықаралық, республикалық пәндік олимпиадалар, ғылыми жобалар байқауларының жүлдегерлерін облыс әкімінің атынан құттықтап, алдағы өмірлеріне сәт-сапар тіледі.
Білім сынағы артта қалып, жарқын болашаққа жол тарт-қан түлектердің жүздерінен арайлы қуаныш сезімі анық байқалып тұрды. Жақында өткен Ұлттық бірыңғай тестілеуде олар жоғары білім деңгейлерін көрсеткен еді.
— Бүгін — үлкен өмірге жолдама алған түлектер үшін ерекше қуанышты күн. Қуаныштарыңыз құтты болсын! Түлектердің келешек қадамдарына тек сәттілік тілейміз. Биыл мектеп қабырғасынан ұшқан түлектердің арасында 3799 оқушы тестілеуге қатысуға ниет білдіріп, бағын сынады. Оның отызы «Алтын белгі» иегері атанса, 23-і «Үздік аттестатқа» қол жеткізді. Және түрлі байқауларда топ жарған 46 оқушы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің арнайы бұйрығымен тестілеуден босатылды. Жастайынан ғылым мен білімге ден қойған оқу озаттары жетістіктерімен ата-аналарын ғана емес, бүкіл аймақты қуантып отыр. Сіздер ең бақытты заманда өмір сүріп отырсыздар. Елбасы сіздер секілді білімді, талантты, қайратты, жігерлі жастарға үлкен сенім артады. Себебі, тәуелсіз елдің болашағы – сіздердің қолдарыңызда, — деп, облыс әкімінің орынбасары Айгүл Теміртасқызы білім сынынан сүрінбей өткен үздіктерге «Алтын белгілерін», «Үздік аттестаттарын» және сертификаттарын табыс етті.
Облыстық білім беру басқармасының берген мәліметінше, биылғы жылдың қорытындысымен облыстың орта балы – 62,9.
— Ұлттық бірыңғай тестілеуге соңғы оқу жылдары көп дайындалдым. Басты мақсатым «Алтын белгіні» қорғап, ата-анамның, ұстаздарымның үмітін ақтау болды. Мақсатыма қол жеткіздім. ҰБТ қорытындысы бойынша 118 балл жинадым. Сұрақтар мектеп бағдарламасына сай болды. Ауданнан тағы бір түлек «Алтын белгі» иегері атанды. Облыс басшылары осындай әдемі ғимаратта қабылдап, құттықтап жатқанына шексіз ризамын. Болашақта бағдарламашы мамандығының қыр-сырын үйреніп, қоғамға жаңа технологиялар енгізуді жоспарлап отырмын. Елбасының, ата-анамыздың, ұстаздарымның үмітін ақтауға тырысамын, — дейді жадыраңқы көңіл-күйінен қуанышы анық байқалған Индер ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің түлегі Венера Слекенова.
Атырау қаласындағы М.Әуезов атындағы №7 орта мектептің түлегі Айжан Михаилова да білім сынағы өте жақсы өткенін айтады. «Оқыған адамға еш қиындығы жоқ, сұрақтар да айтарлықтай күрделі емес», — дейді ол. Білім сынағынан 114 балл жинаған Айжан «Үздік аттестатқа» лайық екендігін дәлелдегеніне дән риза.
Облыстық қазақ-түрік лицейінің түлегі Әмірбек Орынғали ағымдағы жылдың сәуір айында Ресейде өткен «Адам, ғарыш және жер» атты халықаралық байқауына қатысып, екінші орынды жеңіп алып, ережеге сәйкес Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің арнайы бұйрығымен тестілеуден босатылды. Айта кетсек, биыл қазақ-түрік лицейін 47 түлек бітіріп шықса, соның он бесі Ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылған болатын. Ал, «Алтын белгіге» үміткер үш оқушының біреуі және «Үздік аттестатқа» үміткер сегіз оқушының екеуі өз білімдерін дәлелдеп шықты.
— Ғылыми жобамды физика пәнінен қорғап, альтернативті энергияны дамыту бойынша өз пікірімді ортаға салдым. Алматыдағы С.Демирел атындағы университетте жоғары білім алып, еліміздің болашағы үшін білімімді жұмсағым келеді, — деген Әмірбек білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына ерекше алғысын білдірді.
Мұғалімнің жетістігі шәкірт жеткен нәтижемен бағаланатыны сөзсіз. Өздерінің шәкірті Райхангүл Мырзабайқызы ҰБТ сынағын өзінің білімділігінің, дарындылығының арқасында өте жоғары деңгейде тапсырып, «Алтын белгінің» иегері атанғанына Құрманғазы ауданындағы Еңбекші орта мектебінің ұстаздары шексіз риза.
— Райханның бойындағы жүріс-тұрыс сыпайылығы, жинақылық пен тазалық, білімділік пен дарындылық, парасаттылық, үлкендерге ізеттілік, құрбы-құрдаспен, сыйластық–бәрі-бәрі қызымыздың жұдырықтай жүрегіне ұялаған. Біз осындай шәкірт тәрбиелеп шығарғанымызға мақтанамыз,- дейді ұстаздары.
Мектеп түлектерімен қатар, ата-аналар ерекше толқу үстінде жүрді. Күні кеше балалары мектеп табалдырығын тарыдай болып аттаған еді. Он бір жыл олар үшін де қас-қағымда өте шықты. Сондай-ақ, балаларының алғашқы білім сынағының қорытындысы бойынша үздіктер қатарынан табылғаны — әр ата-ана үшін үлкен қуаныш.
— Бүгін үлкен қуаныш, толқу үстіндеміз, — деді Құрманғазы ауданындағы Ломоносов орта мектебінің түлегі, 119 балл жинап, «Алтын белгісін» қорғап шыққан Жайнар Кеңесованың ата-анасы Жеңіс Мұқлесов пен Меңсұлу Ботағарина. – Қызымыз математика пәнінен облыстық пәндік олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы болды. Он бір жылдық білімді саралайтын Ұлттық бірыңғай тестілеуді де жақсы тапсырып шықты. Он бір жыл бойы мектепте үздік оқыды. Спорттық жарыстарға да қатысып келді. Қызымызға ризамыз. Ел сенімін ақтайтын азаматша боларына сеніміміз мол.
Мектеп бітіру кеші барысында ҰБТ қорытындысымен облыс бойынша ең жоғары 122 балл жинаған Атырау қаласындағы Н.Крупская атындағы №18 орта мектептің шәкірті Гүлнұр Аманжолова түлектер атынан сөз сөйлеп, өңірде білім саласын қолдап, мектеп оқушыларының сапалы білім алуы үшін барлық жағдайды жасап отырған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке, егемен еліміздің абыройын асқақтатып, өсіп-өркендеуі жолында қызмет атқарып жүрген ұстаздарға және жанашырлық танытып отырған ата-аналарға ризашылығын білдірді.
Салтанатты сәтте педагогика саласының ардагері Нұрзила Сәрсенова мектеп бітіруші өрендерге ақ батасын беріп, облыс басшылығы мен ұстаздар қауымына жылы лебізін арнады.
Салтанатты шара Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясы өнерпаздарының дайындаған шағын концертіне ұласты.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.