
AІ саласындағы мамандарды даярлауға әзірміз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Жолдауында еліміздің бүгінгі дамуын және ертеңгі күнге бетбұрысын айқындап, жұртшылықтың көкейіндегі біраз мәселенің түйінін тарқатты.
Әлемдегі қалыптасқан халықаралық жағдайды күрделі деп бағалады. Осыған қарамастан басты мақсатымыз қашанда айқын – ол мықты, әділ әрі озық Қазақстан мемлекетін құру.
Жолдау барысында Президенттің баса назар аударғаны жасанды интеллект болғаны бекерден бекер емес. Себебі, ол өмірімізге батыл ене түсуде.
Енді күнделікті өміріміздің барлық саласында жасанды интеллект қызметін пайдаланатын боламыз. Осы тұста батыл да нақты стратегиялық тапсырма берілді – таяудағы 3 жылда біз цифрлық ел болуымыз керек. Жұмыс атаулы жаңаша тәсілмен жүргізілетін болады.
Ең басты мәселелердің бірегейі – инвестиция тарту екені ерекше атап өтілді. Ол негізінен өңдеу саласына тартылып, елде өңдеу өнеркәсібі қарқын алуы тиіс.
Өңірлер де бұдан қалыс қалмайды – Атыраудағы ірі газ- химия кешені, оның ел үшін орны мен маңызы, болашақ жұмыс орындары, заманауи білімді жас кадрлар жайы, жаңа қуат көздері, жасыл энергия, энергетикалық тәуелсіздік, табиғи артықшылықтарымыз, геологиялық барлауды күшейту хақында жеткілікті айтылды.
Қоғамда шынайы тазалық мәдениетін қалыптастыру және орнатудағы білім беру мекемелері мен жастардың орны айрықша екені көрсетілді.
Жоғарыда айтылған цифрлық даму – білім беру саласына бірінші кезекте керек мәселе. Оқу орындары осыған жедел бейімделулері керек, мұндай жағдайда көшпен бірге болу жеткіліксіз, оның алдында кем дегенде бір қадам алда болу керек екенін Президент қадап айтты. Осы орайда, біздің колледжімізде педагогтер мен қызметкерлерге арналған тамыз айында ғана «AI құралдарын тиімді пайдалану» атты курстар легі өткізілді. Колледж базасында АІ орталығы ашылып, басқа оқу орындары оқытушылары біліктіліктерін арттырып, студенттерді сертификаттау жобалары іске асырылады. Өйткені AI саласындағы мамандар әлі де аз, сондықтан біз оларды CareerHub.kz компаниясымен оқытып, дайындауға ниеттіміз.
Жұмысшы мамандықтар жылы жарияланғанымен, мамандықпен жұмыс жасау өмірге толық енбей тұр, кей жастар жеңіл саналатын, оңай пайда табуға болатын жерлерге ұмтылады. Бірақ үміт бар – жұмысшы мамандығына құрмет артады, жалақылары айтарлықтай, адал еңбек лайықты бағаланатын болады.
Құбылмалы заманмен бірге отаншылдық, патриотизм ұғымы да өзгеруде. Бұл ұғым озық ойлы ұлт қатарына қосылу, халыққа пайдасы тиетін іс жасау, елге адал қызмет ету, білімді кәсіби маман болу, әсіре діншілдік пен әсіреұлтшылдық аулақ болу сияқты әлдеқайда кең әрі терең қасиеттермен толыға түсуде.
Бұлардан басқа да елең еткізер жайлар Жолдауда жетерлік болды. Олар – бір палаталы парламент құру бастамасы, «Алатау-Сити» сынды ел бойынша бірінші толық цифрлық қала, БҰҰ құрылымына өзгерістер енгізу туралы Қазақстанның ұсынысы.
Бұлар – әлемдегі жаңа Қазақстанның орнын, оның орасан зор әлеуетін, жарқын болашағын, асқақ абыройын көрсететін игі үлкен істер.
Абыройың арта берсін, Қазақ елі!
Бақыт ШЕРКЕШБАЕВА,
С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінің директоры