Жарнама
Білім

20 шілдеден бастап Атыраудағы BINOM мектептері оқуға қабылдайды

20 шілдеде Атырау қаласындағы Нұрсая және Сарыарқа шағынаудандарындағы BINOM мектептеріне қабылдау басталады. 

Бұл туралы «Білім болашағы» ҚҚ атқарушы директоры, BINOM SCHOOL басқарушы компаниясының директоры Шолпан Қадырова баспасөз мәслихатында хабарлады. 

– Еліміз бойынша Астана қаласында 6 BINOM мектебі жұмыс істейді. Онда 24 мың бала білім алады. Қыркүйек айынан бастап Атыраудан да екі мектептің есігі ашылады. Мектеп Атырау облысы әкімдігі мен «BINOM Atyrau» ЖШС арасында мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы іске асырылып отыр. BINOM мектептерінде сабақ қазақ және орыс тілдерінде өтеді. 

“1-11 сынып оқушылары мектепке жалпы білім беру мекемелерінің оқуға қабылдау ережесі арқылы қабылданады, оқулықтар тегін беріледі. Сонымен қатар, 1-4 сынып оқушылары, аз қамтылған, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектігі бар балалар тегін тамақпен қамтылады. Мектепте оқу ақысыз болады”,- деп түсіндірді Шолпан Маратқызы. 

BINOM мектептерінің ерекшелігі — физика-математика бағытында тереңдетіп оқытатын лицей ретінде болады. Дәлірек айтқанда, сыныптың 30 пайызы физика-математикалық бағытқа басымдық бере оқытылады. Бұл сыныптарға оқушылар  IV сыныптағы үлгерімі бойынша іріктеліп V сыныпқа қабылданады. 

Шынар Қадырованың айтуынша, аталмыш мектептерге мұғалімдерді қабылдау болып жатыр. Қабылдау конкурсы jumys.snation.kz сайтына жарияланды, электронды түрде өтуде.

Баспасөз мәслихатына қатысқан облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова, Нұрсая BINOM мектебінің директоры Өнербек Ерғалиев, BINOM SCHOOL мектептері бойынша өңірлік менеджер Данагүл Баймашова қатысып, заманауи мектепке қатысты пікірлерін білдірді. 

Нұрсая BINOM мектебінің директоры Өнербек Ерғалиевтің берген мәліметіне сәйкес, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, 3*4 өлшемді фотосуреті, денсаулық жағдайы туралы №065/У, №026/У-3 анықтамаларын беру қажет. Өтініштерді қабылдау кезең-кезеңімен сыныптар бойынша белгіленген күндерде онлайн форматта mektep.snation.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. 

20-21, 24 шілде күндері – 1-4 сыныптар, 2-4 тамыз күндері – 5-9 сыныптар; 14, 15 тамыз күндері – 10-11 сыныптар тапсыра алады. Сенбі, жексенбі – демалыс күндері, сайт істемейді. Өтініштер кезек тәртібімен өңделеді, оқуға қабылдау бос орындардың болуына байланысты жүзеге асырылады.

“Оқушыларды қабылдау тұрақты мекенжай бойынша жүргізіледі. Егер соңғы бір айда тұрақты мекенжайыңызды өзгерткен болсаңыз, порталда «өзектендіру» батырмасын басу қажет”,- деп нақтылады Ө. Ерғалиев.

Жиында спикерлер бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен қала тұрғындарын толғандырған сұрақтарға жауап берді. 

Алмас ҚАБДОЛОВ, 

Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button