Жылдың үздіктері анықталды

басты жаналык салтанатты жиын Жаңалықтар

Жыл аяқталар тұста өлкемізде әр салада оза шауып, өз мамандығының хас шеберлерін анықтайтын игі дәстүр қалыптасты. Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Атырау қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен «Жыл адамы–2016» байқауының үздіктерін ұлығылау шарасы өтті.

%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%82%d1%8b-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d0%ba-%d1%81%d0%b0%d0%bb%d1%82%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d1%82%d1%82%d1%8b-%d0%b6%d0%b8%d1%8b%d0%bd
Салтанатты кеште Атырау қаласының әкімі Серік Шәпкенов шаһар тұрғындары мен қонақтарын келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, мәдениет саласының дамуына сіңірген еңбегі үшін Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның «Нарын» ұлт-аспаптар оркестрінің әртісі Рысты Дәуешеваны «Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Сондай-ақ, №18 «Балдырған» балабақшасының директоры Салтанат Убдияноваға, №3 мектеп-гимназиясының директоры Ерік Оралбековке және «Болашақ и К» қоғамдық қорының жетекшісі Жібек Бисеноваға Атырау қаласының Құрмет грамотасын табыс етті.

«Жыл спортшысы» атағы өңірдегі кикбоксинг спортының жұлдызы, екі дүркін әлем чемпионы Абзал Дүсіповке бұйырды.

Облыс орталығындағы №6 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Әлия Айтмағанбетова «Жыл мұғалімі» атанса, «Жыл мәдениет қызметкері» атағын Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының «Фантазия» вокал үйірмесінің жетекшісі Любовь Иванова алды.

Атырау қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметі жол патрульдік полиция батальонының полицейі Айболат Өтешқалиевке «Жылдың құқық қорғаушысы» аталымының арнайы сыйлығы табыс етілді.
Ал, «Жігермұнайсервис» ЖШС басшысы Асхат Дүйсә-лиев «Жыл кәсіпкері» деген атаққа лайық деп танылды. Қалалық перзентхана дәрігері, акушер-гинеколог Назымгүл Меңдешова «Жыл дәрігері» аталымы бойынша сахна төріне шақырылды.

Қаламыздың сәулеттік және инфрақұрылымының дамуына зор үлесін қосып жүрген, еңбегімен ерекшеленген құрылысшылардың бірі «А-Құрман Құрылыс Групп» ЖШС директоры Санат Бекімов «Жыл құрылысшысы» аталымының иегері болды.

Ал, әріптесіміз, газетіміздің бөлім меңгерушісі Баян Жанұзақова «Жыл журналисі» аталымымен марапатталды.

%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%82%d1%8b-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d0%ba-%d1%81%d0%b0%d0%bb%d1%82%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d1%82%d1%82%d1%8b-%d0%b6%d0%b8%d1%8b%d0%bd2

Биыл Баян үшін шығармашылық табыстарға толы жыл болды. «Қоғамдық келісім» күніне орай облыс әкімінің Алғыс хатын және арнайы сыйлығын иемденіп, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ұйымдастырған журналистер арасындағы республикалық байқаудың жүлдегері атанды.

Өңірдің ауыл шаруашылығы саласының дамуына зор үлес қосып келе жатқан «Тілекші» ЖШС директоры Орынғали Ахметов «Ауылшаруашылық саласының жыл қызметкері» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.

Жергілікті зейнеткерлерге және мүгедектерге үйден әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Елена Петренко «Әлеуметтік саланың жыл қызметкері» ретінде үздіктер қатарына қосылып, құрметке бөленді.

«Жылдың мемлекеттік қызметкері» номинациясы қала әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі бөлімінің басшысы Рабиға Жалмұқановаға берілді. Осы салада жұмыс жасаған уақыт ішінде ол өзінің еңбекқорлығымен, білімділігімен үлкен жетістіктерге жеткен.

Қаладағы №28 «Алмагүл» балабақшасының тәрбиешісі Ләззат Ілиясова «Жыл тәрбиешісі», қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жасұлан Мұқашев «Коммуналдық саланың жыл қызметкері» болды.

Мешін жылының «Жыл адамы–2016» атағымен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, параволейболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Бауыржан Тахауов марапатталды.

Бауыржан Тахауов жаттықтыратын облыс командасы биыл алтыншы рет қатарынан ел чемпионы атанды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз