Жаңа әліпби кириллге қарағанда жеңілірек болады

Жаңа әліпби кириллге қарағанда жеңілірек болады Жаңалықтар

Қоғам жаңа әліпби нұсқасын қызу талқыға салып, әлеуметтік желіде алуан түрлі пікір айтылуда. Осыған орай латын графикасындағы қазақ әліпбиін құрастырушы, А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Ерден ҚАЖЫБЕКПЕН Tengrinews сайтында сұхбат жарияланған еді. Бұл біздің оқырмандарымызға да қызықты болар деген оймен назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Жаңа әліпби кириллге қарағанда жеңілірек болады

– Латын әліпбиінің қанша нұсқасы ұсынылды?

– 500-дің арғы-бергісі шығар. Одан кейін Президент Әкімшілігіне 300 нұсқа түсті деп Президенттің өзі айтты. Одан бұрын институтта 100 нұсқа жатты. Бәрі қаралды, ішінде ғылыми, кәсіби дайындалған нұсқалардың саны 50-ге жуық. Біздің Тіл білімі институты бұл мәселені зерттеп жүргеніне 20 жылдан астам уақыт болды. Негізінен нұсқалардың барлығы бұрыннан тіл білімі институтында дайын болды. Мұндай нұсқа да болды. Өйткені, түрліше, түрлі тәсілдермен әліпбиді жасап беру жолдары қарастырылған және жазылған, зерттелген. Нұсқалары жасалған, бес-алты монография шыққан. Бірнеше жүз мақала жарияланған. Сондықтан, ғылыми тұрғыда бұл жерде ешқандай проблема жоқ.

– Апостроф жолымен жасалған латын әліпбиінің ұтымды тұстарын атап берсеңіз.

– Бізге тек осы латын әліпбиінің бар таңбаларының көлемінен шықпай жазу керек болды. Мұндай ұстаным бойынша жұмыс істегенде латын әліпбиінде жоқ дыбыстарды қалай бересіз? Не диграф деген қосар дыбыстармен, не апостраф деген белгі арқылы беру керек, одан басқасы жоқ, басқасын жасау үшін жаңа функцияларды қосу керек болады. Сондықтан, осы екі ғана жол. Біреуі – апостраф, екіншісі – диграф. Диграф халыққа ұсынылды, оны психологиялық тұрғыдан қабылдау қиын болды. Сондықтан, бұл жерде халықтың пікірі ескерілді деп есептеймін. Әрдайым, болашақта да дұрыс нұсқаны таңдау үшін халықтың пікірін біздің билік ескеретінін білдірді. Президенттің өзі бұл мәселенің ешкімге де ыңғайсыздық туғызбауы керектігін айтты. Сондықтан, тағайындалған әліпбиді ертең іске асыра салуға болмайды. Мұны зерттеу керек, емлесін, ережесін жасауға кірісу керек. Буынның, сөздің, сөз тіркестерінің, сөйлемнің құрамын зерттеу керек. Қандай психологиялық әсер беретінін анықтау қажет. Интернетте қазір қатар келіп қалатын дыбыстар туралы көп жазып жатыр. Мұның барлығы қарастырылады. Бұл жерде ешкім де кабинетте отырып, кітап шығара салмайды. Бұл жұртшылықпен, мектеп ұжымдарымен, университет студенттерімен, ғылыми-зерттеу мекемелерімен ақылдасу арқылы жасалады, интернет арқылы сауалнама ұйымдастырамыз. Бұл мәселе егжей-тегжейлі зерттелуі тиіс.

– Осы апостроф пен диграф әдістерін қолданатын екі жол бар дедіңіз. Біздің елде бекітіліп отырған апострофтар қолданылған тағы қандай тілдер бар?

– Тек осы апострофты таңдаған тілдер жоқ, бірақ, апострофты пайдаланатын тілдер өте көп. Бұл – латын тілдерінің дәстүрлі тәсілі. Біз айтып отырған диграф қана емес, триграф бар, төрт-бес таңбаны қатар қоя салып, бір дыбысты беретін тілдер бар. Біз бұл жерде түсініп алуымыз қажет бір мәселе бар, бұл апостраф тәсілі тілдің төл дыбыстарын сақтау үшін ғана қолданылады. Біз таңдап отырған нұсқада барлық төл дыбысымыз сақталады. Мұнда мәселе ыңғайлы ма, қолданыста ма, осы мәселені енді ғана ғалымдар зерттейді. Бұл турасында тіл тұтынушыларымен, қауыммен, елмен терең бір апробация кезеңіне өтеді. Жұмысты бастау үшін жоспар болуы керек, әліпби – бұл жоспар. Жұмыс біткен жоқ, жұмыс енді басталды.

– Жастар пернетақтаға ыңғайлы әліпбиді қажет деп есептейді. Бұл турасында бекітілген әліпби қаншалықты ыңғайлы?

– Жастар бастапқыда диграф ыңғайсыз деді, енді апостроф жолын ыңғайсыз дейді. Алайда, пернетақтада ыңғайлы болу үшін өзге бір тәсіл ойлап табу мүмкін емес. Барлығын ойластыру қажет, ғалымдар осы мәселеге кіріседі, орфографтар, фонология мамандары бар, сөз құрамын зерттейтін морфологтар бар. Осы мамандарымыз бұл мәселені зерттейді.

– Өзіңіз айтқан диграф тәсілінде «saebiz» сөзі көп айтылып, әзілге арқау болса, апостроф тәсілінде «S’yg’ys Qazaqastan» сөзін желіге жазбаған адам қалмады.

– Біз көбінде өзге тіл арқылы оқимыз, өзбекте sex деген сөз болды. Цех деген сөзді олар осылай жазды. Бірақ, ол sex ағылшын немесе орыстың көзімен қарамайды ғой. Бізде өз тілімізге орыстың, ағылшынның көзімен қараушылық бар. Бұл бір. Екіншіден, осындай жекелеген сөздер әр жерде шығып жатыр. Ал, біз тұтас сөздік қорын зерттеуіміз керек. Біз осындай мысалдарды көптеп жинаймыз. Мұның бәрі де шешілетін мәселе.

– Көпшіліктің тағы бір сұрайтыны – жаңа әліпбиде неліктен «у» дыбысы латынның «u» таңбасымен таңбаланбай, кириллицадағы «у’» деген артық апострофы бар таңба қолданылды?

– Мұны жалғыз адам қабылдаған жоқ қой. Талай тіл орталықтары, ғалымдар, жұмыс тобының өкілдері біріге отырып шешкені осы болды. Шешім осыған ауды. Бірақ, бұл мәселелердің барлығы кейін де қарастырылады.

– Ал, кейін, болашақта мұны өзгертуге бола ма?

– Президент айтты ғой, біз мына ғылыми-әдістемелік жұмыстарды жасамай, жаңа әліпбиді енгізуге кіріспейміз. Бұл әліпби ғылым жүйесіне 2022 жылдан бастап кіретіні айтылды, яғни, төрт жылдан кейін. Қажет болған жағдайда Елбасы халықтың пікіріне құлақ асатынын көрсетті, сондықтан байбалам салудың қажеті жоқ. Кез келген жаңа нәрсе үйреншікті болмайды, қазір тек жұмыс істеу керек, жүйелі, конструктив түрде, жоспарлы түрде ғалымдарды тарта отырып, шешілетін мәселе.

– Ал, термин сөздер мен кірме сөздерге келсек, енді жаңа әліпбиімізді қабылдағаннан кейін бұл сөздерді жазуды бірізділікке салу жолдары қандай?

– Біз шет терминдерінің көбісін өзгертпей, сол қалпында айтуға, жазуға етіміз үйреніп кеткен. Енді содан айырылғымыз жоқ, ал, мұның барлығын қазақша айтып, қазақша жазуымыз қажет. Қазір бірақ, оған бірден ауыса алмайтын шығармыз.

– Дәл осы тұста көркем әдебиетте кездесіп қалатын «коммунисті» «көменес» деп, «документті» «дөкімент» деген мысалдар еске түседі. Біз осылай сөйлеуіміз керек пе?

– Әрине. Мысалы «бревно» деген сөзді біз «бөрене» деп әп-әдемі айтып, қолданысқа енгізіп алдық. «Пуховикті» «бөкебай» дейміз. «Кровать» – «кереует». Мәселе біздің халқымыздың құлағының өзгеруінде. Кейбіреулер мұны жетістік деп те айтады. Бірақ, қазақ тілінің сөйлеу барысында осы бүкіл тілдік заңдылықтар өзгермеуі тиіс. Біз бір тілдің заңдылықтары бойынша сөйлеп, жазуымыз керек. Қарап көрсеңіз, дауға ұласып отырған көп мәселе қазақ тіліне қатысы жоқ, көп дау кірме сөзді қалай айтамыз дегенге келіп тіреліп отыр. Біз қазақ тіліне әліпби жасауымыз қажет, қазақ тілін өзіміз жақсылап үйреніп алуымыз керек, одан кейін бөтен сөздерді алғанда дүние жүзінің заңдылықтары бойынша, әр тілге өз тілдік заңдылығы бойынша айтып, жазуымыз тиіс.

– Сіздің ойыңызша, қазақстандықтар бұл әліпбиді қанша уақытта үйренеді?

– Өте қысқа уақытта. Бірақ, бұл үшін ережелері, емлесі жасалуы қажет. Осылар дайын болса, қазіргі біздің үйреніп кеткен, өте оңай болып көрінетін кирилл әліпбиіне қарағанда жеңілірек болады. Міндетті түрде.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз