ЫРЫС АЛДЫ – ЫНТЫМАҚ

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы Атырау облыстық хатшылығының басшылары ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бектеміров қоғамның түрлі саласында бірлесе қызмет атқару, бейбітшілік пен келісімді көздеген мұндай келісім Астанада өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясынан бастау алғанын атап көрсетті. Атырау облысы оған алғашқылардың қатарында қол қойып отыр.

Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығы төрағасының орынбасары Еркін Қадырғалиев мұнайлы өңірде сексеннен астам ұлт өкілдерінің тату-тәтті тұрып жатқанын және 17 ұлттық-мәдени орталықтың тіркелгенін айта келіп, олардың ұлтаралық бірлікті нығайту жолында жұмыстанып отырғанын жеткізді. Ассамблея өкілдерінің басым көпшілігі «Нұр Отан» партиясының мүшесі болып табылады. Алдағы уақытта олар партияның кадрлық резервіне көптеп тартылмақ. Осы орайда неміс “Видербург” ұлттық-мәдени бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Александр Думлер қабылданып отырған құжаттың маңыздылығына тоқталса, «Нұр Отан» партиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңесінің төрағасы Сайын Қуанышев тараптардың бірлестігі жемқорлыққа қарсы күрестің ықпалын күшейте түсетінін айтты.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы Атырау облыстық хатшылығының арасындағы меморандумға сәйкес, олар ұлттық стратегиялық міндеттерді бірлесе талқылап, ұлтаралық келісім негізінде ұсыныстар жасайтын болады.

Құралай ҚУАТОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз