«ҚУАН, СӘБИ» ҚУАНЫШҚА КЕНЕЛТТІ

Орталық нерв жүйесі зақымдалған балалар үйі тәрбиеленушілері үлкен қуанышқа кенелді. Атырау облысы сотының алқа төрағасы Әділхады Шығанбаев, Судьялар Одағының облыс бойынша филиалының төрағасы Базарғали Қадырғалиевтар сәбилер үйіне түрлі-түсті плазмалық теледидар, төсеніштер мен бүлдіршіндерге тәттілер сыйға тартты.

Мекеме басшысы Гүлмира Рысмағамбетованың айтуынша, қайырымдылық шарасы республикалық «Қуан, сәби» республикалық акциясы аясында өтіп отыр.
– Біздің өңірде де бұл игі бастамаға үнқосушылар саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Бүгінде сәбилер үйінде 3 жасқа дейінгі 33 бүлдіршін тәрбиеленуде. Олардың 10-15 пайызы – ата-анасынан айырылған жарымжан жандар болса, 30-40 %-ы – тастанды балалар. Сонымен бірге, жетімдіктің алдын алу мақсатында құрылған «Үміт» тобында 7 сәби бар. Олардың аналары қалаған уақыттарында бүлдіршіндеріне келіп, қастарында бола алады, – деген Г.Рысмағамбетова 10-15 жылдан бері қамкөңіл сәбилерге қамқорлық көрсетіп келе жатқан облыстық сот ұжымына алғысын білдірді. Мерекелік шараға ел анасы Ділдә Матайқызы мен Балалардың құқықтарын қорғау департаментінің бастығы Сатқан Есенғалиев та болып, бүлдіршіндердің қуанышымен бөлісіп, игі тілектерін арнады.
Балаларға базарлық жасауды қолға алған Атырау облысы сотының алқа төрағасы Әділхады Шығанбаев «Адамның бақыты балада. Бала – болашағымыз,сондықтан бар жақсымыз да балаларға арналады. Бейкүнә бүлдіршіндердің ата-анасының орнын баспасақ та, оларға көңілімізді білдіріп, қамқорлығымызға алғанымыздың өзі үлкен қуаныш» десе, Судьялар Одағының облыс бойынша филиалының төрағасы Базарғали Қадырғалиев ата-ананың мейіріміне зәру сәбилер балалық шақтың бал қызығына бөленіп өсуі қажеттігін және мұндай жақсылықтардың алда да жалғасатынын айтады.
Аузынан ананың сүті кеппеген сәбилер жүздері бал-бұл жайнап, асыр салып ойнап, сыйлықтарға дән риза. Бүлдіршіндер сыйға сый ұсынуды да ұмытпады. «Айналайын, ақ мамам», «Анашым» секілді әндерін әуелетіп, мың бұрала билеп, алғыстарын өнерлерімен білдірді.
«Жетім көрсең, жебей жүр» демекші, жарымжан көңілдерге шаттық сыйлаған жандарға балалардың да, ұжымның да алғысы шексіз.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз