ТЕОЛОГ МАМАНДАР ДӘРІСІ

Skype жүйесі арқылы таралады

Бұған дейін облысымызда теолог мамандардың тапшылығы, олардың шалғай аудандарға, елді мекендерге ат ізін салуы елеулі қиындықтар тудыратын. Әсіресе, боранды бұрқасын, сақылдаған қыс кезеңдерінде солай болды. Бұл ретте жылыойлық жамағаттардың атыраулық Ерсін Әміре, Ерғали Алпысбаев, Қанат Жұмағұлов сынды теолог мамандарды  асыға күткенінің талай куәсі болдық.

 

Құлсарыда заманауи технологияның нәтижесінде оның да жолы табылды. Аудан тұрғындары  алғаш рет қала орталығындағы мешітте Skype жүйесі арқылы уағыз-насихат тыңдау мүмкіндігіне ие болды. 

– Бүгінгідей діннің өзекті мәселеге айналғанына алаңдаушылық білдіріп отыратын мешітке келген жамағат енді дәрісті тыңдап қана қоймай, мамандарға өздерінің көкейкесті сауалдарын қойып, тәлімді, нанымды жауап алуға да жағдай туып отыр. Аталған жүйе қондырғысы мешіт ғибадатханасына орнатылып, жастардың жат ағымдар жетегінде кетпеуінің тағы бір шарасы ойластырылуда, – дейді аудандық мешіттің бас имамы Арман Исаев.

 Бұл игілікті шара өзге облыстардағы мешіт қызметкерлеріне де ой салып, ынта-ықыластарын тудырып отырғанда, жаңа жүйенің жүзеге асуына қолдау білдіріп, демеушілік көрсеткен жергілікті кәсіпкерлерге ризашылық сезім, рахметтен басқа айтарың бар ма?!

Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілшіміз,
Жылыой ауданы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз