ТАМСАНДЫРҒАН «ТӘТТІ ӘЛЕМ»

Кеше қаладағы «Сауран» сауда орталығының артындағы алаңнан, яғни Әуезов көшесі №56 «б» ғимаратынан «Тәтті әлем» («Сладкий мир») дәмханасы ашылды. Дәмхананың ашылу рәсіміне қала әкімдігі мен облыстық ішкі саясат басқармасы өкілдері, қала тұрғындары жиналды. 

Атырау қаласы әкімінің орынбасары Амантай Айтбаев Елбасының алға қойған мақсат-міндеттерінің бірі шағын кәсіпкерлікті дамыту, барынша оны қолдау екенін айта келіп: «Ата Заңымызды атап өтер мерекенің алдында осындай кәсіп ашып, «Жол картасы – 2020» бағдарламасын негізге алған жеке кәсіпкер Қарлығаш Жансариеваның бұл ісін қала әкімдігі шын жүректен қолдайды. Міне, соның нәтижесінде ол 40 адамды жұмыспен қамтып отыр. Болашақта бұл қала халқын тек тәттімен қамтамасыз ететін дәмхана ғана емес, сонымен бірге кондитер, кулинария ілімін үйренемін деушілерге дәріс беретін, тәжірибе жүзінде көрсететін бірден-бір оқу орталығы болады. Істеріңізге сәттілік тілейміз!» – деді.
Осындай игі тілекті облысымызға танымал өнер иесі Нариман Сиражев та айтты.
Алқызыл лентаны қию рәсімі қала әкімінің орынбасары А.Айтбаев пен Н.Сиражевке ұсынылғаннан кейін бір топ қонақ су жаңа қондырғылармен жабдықталған дәмхана ішін аралап көрді. Олар дәмхана өндіріп жатқан тәттілер мен шашудан ауыз тиіп, бата-тілектерін білдірді.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз