Шейітсай шері қиылда  қынадай  қырылған…

Жаңалықтар

 …Шейітсай алабы көз алдымызда әлдебір шемен боп қатқан шерін сыртқа шығара алмағандай күңірене толғанып жатты. Тұлпарлар тұяғынан тас тілініп, дүние астан-кестен болған сол бір сұрапыл шақтың елесі ой-сананы шырмап, алдымыздан әлдебір мұңды әуен сыбызғыдан таралғандай сызылып тұрды…

%d1%82%d3%99%d1%83%d0%b5%d0%bb%d1%81%d1%96%d0%b7%d0%b4%d1%96%d0%ba-%d1%82%d0%b0%d1%80%d0%b8%d1%85-%d1%82%d0%b0%d2%93%d1%8b%d0%bb%d1%8b%d0%bc%d0%b4%d0%b0%d1%80%d1%8b…Айналайын халқымның ештеңені де, ешкімді де жадыдан өшірмейтін, қандай жолмен болса да санада сақтап, ұрпағына аманаттап отыратын текті болмысына қайран қаламын. Өз басым Ақтөбе облысының Қобда ауданы аумағындағы Шейітсай деген маң далаға алғаш ат басын тірегенде тап осылай ой кештім. Халық батыры Исатай бабамыз бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің соңғы шайқасы – Қиыл қырғыны өткен бұл жердің Шейітсай деп аталуының өзі осының айқын айғағы емес пе?! Өйткені, сол қиян-кескі ұрыста сандаған боздағының шейіт кеткенін көрген ел оны сол заматында-ақ тарихқа айналдырып  үлгерген  ғой…

Осы Шейітсайға бұдан ширек ғасыр бұрын арнайы барған ақтөбелік белгілі журналист Идош Асқар өзінің «Ақырып теңдік сұраған» атты зерттеу мақаласында: «…Ол кезде сайдың ұрыс жасалған жоғарғы жазықтығында биіктігі құмырсқаның илеуіндей ғана сансыз ұсақ төмпешіктер – азаттық жолында шейіт болған бабалардың бейіттері көз ұшына дейін тізбектеліп жатты. Исатайдың сүйегі жатқан жер сол жалпақ тізбектің сай жақ шетінде екен…» деп жазыпты. Ал, біз Исатай баба бейітіне қарай өте алмай шалғынды жағалауын шақырымдар бойы шиырлаған терең сайдың бойынан бұл жолы ондай ұсақ төмпешіктерді аңғара алмадық. Соған қарағанда жермен жексен тегістеліп кеткен ғой. Қиыл қырғыны өткен 1838 жылдан бері арада өткен уақыт бедері жыл қаншама белгі-тасты да көзден де, көңілден де жоқ қылғаны айдан анық. Оған тосқауыл қойып, бәрі-бәрін «елге – мұра, ұрпаққа – ұран» болатындай етіп сақтап қалуға, рухтарына тағзым етіп ұлығылауға күні кешегі тәуелсіздік алған кезімізге дейінгі қазақтың бастан кешкен тар жол, тайғақ кешуі мұрша берді ме? Кеңестік кезеңдегі ұлттың үрейін ұшырған небір зұлматтар құтын қашырып, есін шығарды емес пе?..

«Қара қазан, сары баланың» қамы үшін атойлап жауға шапқан, сол елдік ұлы мұрат жолында мерт болған батыр бабаларымыздың алдында осылай деп ақталғандай күй кештік. Алайда, Шейітсай алабы көз алдымызда әлдебір шемен боп қатқан шерін сыртқа шығара алмағандай күңірене толғанып жатты. Бәлкім, бұл еңіреп өткен ерлердің ғасыр жарымнан да аса уақыт өткенде ұлттық намысы, елдік рухы көтеріліп, басына кесене тұрғызған бүгінгі ұрпағына айтар назы болар. Бәлкім, бұл өздері кемел келешегі үшін шейіт болған елінің тәуелсіз мемлекет болып, тарихын жаңаша түгендей бастағанына айтқан алғысы шығар. Әйтәуір, құлағымызға тұлпарлар тұяғының дүрсілі естіліп, көз алдымызға ызы-қиғы шайқас суреттері күні бүгінгідей елестегенде тұла бойымыз тітіркенді. «Қайран сарбаздар мына терең сай іштерінде бой жасырып, келіп қалған жауды қарсы алдынан жусата күтіп алған-ау…» дедім бір сәт оймен XIX ғасырдың 38-ші жылының шілдесіне еніп…

Бұл жолғы сапардың мақса ты айқын: Елбасымыз нұсқағанындай, тарихтың ақтаңдақ тұсын түгендеу, батыр баба рухын асқақтату, сол арқылы жас ұрпақ бойына патриоттық сезім ұялату.

– Исатай Тайманұлы – бір аймақтың емес, бүкіл қазақ халқының ұлы батыры. Міне, елінің азаттығы жолында еңіреп өткен есіл ердің басына ұрпақ рухын көтеретіндей үлкен кесене салынды, – деп мәлімдеді Ақтөбе облысындағы Қобда ауданының әкімі Асқар Қазиханұлы Жүсібалиев.

Бұл – негізінен атыраулықтар, нақтырақ айтқанда, біздің Исатай ауданы көтерген бастама бойынша салынған кесене. Бұл үшін Маңғыстаудан арнайы екі вагон, яғни әрқайсысының салмағы 2,5 тонна болатын 52 дана ұлу тас әкелінген, қазір бекітілген жоба бойынша салынған 8 бұрышты, ені – 6 метр, биіктігі – 11 метр мазар алыстан «мен мұндалайды».

Бассыз  қалған  батырлар

Қайран ерлерім-ай, Қиылда қынадай қырылған! Исатай сол 1838 жылдың 12 шілдесіндегі шайқаста осылайша басынан айырылса, оның сенімді серігі, көтерілістің жыршысы Махамбет ақынның да басы Дендер жеріндегі Қаройда кесілді ғой. Не дерсің тағдырға? Бірақ, олар өз бастарынан айырылса да, қазақ деген халыққа Бас болып кетті. Жарқын болашаққа, азаттыққа үндеді. Бүгінде сол арман ақиқатқа айналды.

Енді бір сәт Исатай батырдың сүйегі қалай табылғандығы жөнінде де нақты дерекке жүгінсек, ойымызға Ақырап ауылының пошта тасымалдаушысы болып қызмет атқарған Құбаш Мұқанов оралады. Исатай қолының соңғы шайқасы, міне, осы Қиыл алабында өткендіктен, ұрыс туралы естеліктер осындағы ұрпақтар жадында сақталып, жалғасқан. Батырдың сүйегі баласымен бірге Шейітсайдың қай жерінде екенін айтып, көрсеткен – осы адам. Қазаға ұшырағандардың жерленген жерін оның жас кезінде атасы жетектеп әкеліп, әдейі көрсеткен көрінеді. Қазақтың тұңғыш антрополог-ғалымы, әйгілі Михайл Герасимовтың шәкірті Ноэль Жұмабайұлы Шаяхметов (1942-1954 жылдары республика Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған Жұмабай Шаяхметовтың баласы) сол Шейітсайға әуелі 1966 жылы, кейіннен 1975 жылы қайта-қайта келіп, сүйекті қаздырып алғанда осындай нақты деректерді негізге алған.

Осы жерде «…қазу кезінде «Исатайдың қабiрiнде бас сүйегi болмай шықты» деп ел шулап жүрдi. Тарихшы-зерттеушілердің бәрінің де әңгімелерінде батырдың басы кесілгені хақында айтылады. Тіпті, патша үкіметінің Исатайдың басы үшін 500 сом бәс тіккені мұрағаттық ресми құжаттарда да бар. Бұл туралы орыс тарихшысы А.Рязановтың 1926 жылы жарық көрген «Восстание Исатая Тайманова» атты кітабында атап айтылған.

Халқымыз батырларын ешқашан ұмытпайды, әрдайым ғасырдан ғасырға жаңғыртып, ту етіп көтере береді. Осыдан екі жыл бұрын Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Ұлттық тарихты зерделеудегі өлкетанудың рөлі» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Оған батыс өңірдің белгілі зерттеушілері қатысып, 1836-1838 жылдардағы Бөкей Ордасы мен Кіші Жүздегі ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты тың деректер кеңінен ортаға салынды. Исатай Тайманұлы бейітінің басына күмбезді кесене орнату бастамасы да алғаш рет көпшілік зиялы қауым тарапынан қызу қолдау тапты.

Исатай батыр рухын ұлығылау, оның арда есімін Мәңгілік ел болу идеясының басты бір негізіне айналдыру, сол арқылы кейінгі ұрпаққа патриоттық тәрбие беру шараларын жүзеге асыру, әсіресе, Исатай ауданында жүйелі жүргізілді. Қобда өңіріндегі атақты Қобыланды батыр мемориалдық кешенін, Абат-Байтақ кесенесін, Әлия Молдағұлова ескерткішін көзбен көріп қайтқан исатайлықтар жігерін жанып, намысқа мінді. Исатай ауданының сол кездегі әкімі Нұрлыбек Ожаев (қазір «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары) өзі бас болып ең алдымен Аққыстаудағы батыр мүсін-ескерткішін қайта жасатып, мәдениет үйінің алдына орнатты. Құм ішінде елеусіздеу қалып бара жатқан Исатайдың әкесі, заманында елінің беделді адамдарының бірі болған Тайман қарттың басына «Сазанқұрақ» кәсіпорнының демеушілігімен қызыл кірпіштен бейіт тұрғызылды. Исатай ауылындағы батыр атындағы мектепте арнайы мұражай жасақталып, көтерілісшілерге қатысты әрбір құнды жәдігердің өткен тарихты қайтадан жаңғыртуына баса назар аударылуда. Осының бәрін біз Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы – Әдеп кеңесінің төрағасы, ұлтжанды азамат Мұхит Избановтың ұйымдастыруымен ауданға арнайы барып көрген едік…

 

Тарихқа – тағзым, болашаққа – аманат

 Батырдың бейіті табылғанына, жұрттың оның басына барып зиярат етіп жүргеніне жарты ғасырдан асты. Сонда осыған дейін сол зиратты анықтауда қыруар шаруа тындырған ғалымы бар, жазушысы бар, қоғам қайраткерлері бар… – солардың бәрі де құр «тұлыпқа мөңіреп» келген жоқ…

Ақтөбелік белгілі өлкетанушы, исатайтануға бір кісідей еңбегі сіңген қайраткер Еркін Құрманбеков бізбен кездескенде осылай шамырқанған еді. Ақсақал сөзінің жаны бар. Мұрағаттық деректерді сөйлетер болсақ, «Қазақ әдебиеті» газетінің 1962 жылдың 14 желтоқсанындағы санында «Исатайдың бейіті» атты мақала шығыпты. Сол мақалада: «Исатайдың моласы табылды. Оның басына қалақша тақтай қағылды. Енді осы жерге батырға арнап ескерткіш орнатуды ойластырса, халық батырына деген ел ықыласының куәсі болып шығар еді», – деп жазыпты Х.Дүйсенәлиев деген азамат. Міне, бұл – бұдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрынғы нақты мәлімет. Оның үстіне сол кезде (1962 жыл) Исатай-Махамбет қозғалысының тарихын зерттеуші небір мүйізі қарағайдай ірі зерттеуші-ғалымдардың бәрінің де көзі тірі еді, әрі олардың бірде-біреуі бұл дерекке еш күмән келтірмеген.

Ауыл көнекөздерінің айтуынша, сол кезде аудандық партия комитетінің алғашқы бірінші хатшыларының бірі Мақсот Керейұлы Балғынов Исатай есімін есте қалдырудың мүмкін болған шараларын қолға алған. Қабірдің басына орнату үшін темірден шағын қоршау жасатып, бір үлкен көлемді тасқа батырдың және сол шайқаста өзімен бірге қаза болған баласы Оспанның есімдерін қашап жаздырыпты.

– 1981 жылы мен осы жердегі кеңшарға директор болып келдім. Осы алқап сол кезде малға толы еді. Жұмыс дегеніңіз қауырт, күні-түні мігір таппаймыз. Сондай сүргінді күндердің бірінде «осы орыстың моласындағы белгі құсап жатқаны несі, бұған бір амал жасау керек» деп өзімді-өзім қамшылап, әрлі-берлі жүгіріп жүріп, Исатай батырдың өзі мен баласы Оспанның аты-жөндері жазылған қазірге дейін тұрған мәрмәр құлпытасты қойғызып едім. Кеңес өкіметінің түкірігі жерге түспей тұрған кезінде ондай шаруамен айналысу – өзіңді отқа байлап берумен бірдей. Айдалада қараусыз қалған батырымыздың бейіті үшін бойымызды намыс қысып, әлгіндей әрекетке барып едік. Қазір ғой, бәрі –  батыр, бәрі – патриот, – деді бір сәт сөзге араласқан еңбек ардагері Халиолла Сағындықов.

Ақсақалдың ашына сөйлеуі де қисынды. Шынын айту керек, ұлтымызды құлдық сана әбден езіп тастаған. Тіпті, күні бүгін де ана тілінде сөйлей алмай, сөйлегісі де келмей мәңгүрттеніп жүрген можантопайлар жетіп жатыр. Сөйтіп жүріп «қазақпын» деп төс соғатынын қайтерсің. Оларға ел қорғаған батырың да, тәлім алар тарихың да қажет емес, көксейтіндері – көз алдындағы жылы-жұмсақ, ақша-байлық, сән-салтанат қана. Ал, соның бәрі елін, жерін жаудан қорғаған, азаттық үшін алысқан шейіт ерлердің арқасы екендігін сол мұндарлар сезіне ме екен? 

Осы сапарымызда    біз аңыздың кейіпкері ретінде саналып келген  қарақыпшақ Қобыланды батырға арналған тарихи-мемориалдық кешенде болып, ол батырдың да Жиренқопа деген жерде тұрмыс кешкенін, сол жерде жерленген орнына дулыға пішіндес зәулім кесене тұрғызылғанын, мұражай, түнек үйі ашылғанын көзімізбен көрдік. Бір қызығы, XV ғасырда өмір сүрген Қобыландының анторологтар көмегімен анықталған сүйегі 2006 жылдың 26 тамызында қайта жерленіпті. Ал, 2007 жылы әсем кесене салыныпты. Сонда арада алты ғасыр өткенде Қобыландының сүйегі, жатқан жері нақты анықталғанда, қаза болғанына әлі екі ғасырға да жетпеген Исатай батырдың бейітін таба алмай не көрініпті?..

P.S.

Еділ үшін егестік,

Жайық үшін жандастық,

Қиғаш үшін қырылдық,

Теңдікті малды бермедік,

Теңдіксіз малға көнбедік, – деп қынынан суырылған да, қынабына қайта түспей қойған жалаң қылыш Исатайдың сан жылдар бойы құлазып қалған бейітінің басында енді ақшаңқан кесене тұр, ардақты ағайын!

Ат үстінде күн көрмей,

Ашаршылық шөл көрмей,

Өзегі талып ет жемей,

Ер төсектен безінбей,

Ұлы түске ұрынбай,

Түн қатып жүріп, түс қашпай,

Тебінгі теріс тағынбай,

Темірқазық жастанбай,

Қу толағай бастанбай,

Ерлердің ісі бітер ме?! – деген Махамбеттің алмас жыры – тұтас көтерілісшілер ұраны. Бүгінгі Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету, Мәңгілік ел болу идеясын баянды ету үшін де бізге осында жанкешті тірлік керек. Исатай бастаған боздақтардың ерлік ғұмыры – бізге осы тұрғыдан үлгі-өнеге. Ал, оған көрсетілген құрмет – тарихқа тағзым, болашаққа аманат.

 

ТӘРКІЛЕУ ТАҚСІРЕТІ

ХХ ғасырдың 30 жылдарында Атырауда жүргізілген кәмпескенің астарында не жатыр?

Шаруашылықтарды анықтау

Алғашқыда Өлкелік орталықтың жоспары бойынша Гурьев округінде 40 шаруашылық, 35- бірінші топ, 5-екінші топ кәмпескеленуге тиісті болды. Округтік комиссия 49 шаруашылықты өлкеге бекітуге ұсынды. Өлкелік комиссия 25 шаруашылықтың он тоғызын 1-топқа, алтауын 2-топқа бөлген, яғни бұрынғыдан 18 шаруашылыққа аз етіп бекіткен. Бірақ, бұл тізім соңғы емес еді.

Кәмпескелеу басталғанда бірқатар жерлерде шаруашылықтардағы мал саны көбейтіліп көрсеткен болып шықты. Бұлай болуы заңды да еді. Себебі, соңына дейін күресуге бекінген байлар түрлі амал істеп бақты. Осылайша, тәркілеуге барлық округ бойынша 24 шаруашылық анықталды.

 

Жер аудару

Кәмпескеге ұшыраған байларды жер аудару Қазақ Совет халық комиссариатының нұсқауымен жүргізілді. Жергілікті органдарға байларды орталықтың көрсеткен мерзімінен кешіктірмей жер аудару қатаң тапсырылды. Мәселен, Қызылқоға ауданы бойынша Игіліков, Жұлдызов, Елубаевтың, Теңіз ауданынан  Танашев, Салиев және Құрманбаевтың отбасы республикадан тыс жерлерге жер аударуға кесілді.

Тарихи деректер тәркілеу кезінде отбасында ажырасу фактілерінің көп болғанын көрсетіп отыр. Күйеуі істі болған әйелдердің көбі бөтен жерге барудан қорқақтап, осындай қадамға амалсыздан барған болуы да мүмкін. Немесе, қазақ әйелдерін мұндай қадамға әдейі итермелеп, үгіт жүргізілген болуы да ғажап емес.

 

 Колхоздар мен совхоздар ұйымдастырылды

Тәркілеу науқанымен бірге, қазақ даласында колхоздарды ұйымдастыру мәселесі де күн тәртібіне қойылды. Алғашқыда мұндай ұжымдардың жұмысына жұртшылық сенімсіздікпен қараған еді. Кейін тоқтаусыз жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесінде бұл жұмыс жақсы жүре  бастады. Барлығы 25 колхоз құрылып, оларға 437 шаруашылық енді.

Колхоздарды құруға басшылық ету үшін округтік жер басқармасы жанынан бес адамнан тұратын ұйымдастыру бюросы құрылып, оған  бір  агроном бөлінді.

 

Заңсыздық фактілері

Кәмпескелеу кезінде шараға тікелей қарсылық көрсету фактілері де, оны жүргізушілер тарапынан байларға көмектесу фактілері де кездесті. Сондай-ақ, комиссия өкілдері мен мүшелері тарапынан заңсыздықтар мен әлсіздік орын алды.

Нәтижесінде – сегіз адам сотқа берілді, екі адамның ісі партия ұйымдарына қарауға жіберілді, үш адамға сөгіс жарияланды.

 

Ықпал ету комиссиясы

Теңіз ауданында барлығы 11 әкімшілік қазақ ауылы болды. Ықпал ету комиссиялары құрылды. Оның құрамы барлығы 191 адамнан тұрды. Комиссия ішінде кедейлер, батрактар, жұмысшылар, әйелдер, коммунистер мен комсомолдар болды.

Тәркілеу науқаны кезінде олар комиссиясының барлық тапсырмаларын бұлжытпай орындап отырды. Орталықтың директивалары мен ережелерін, комиссияның құжаттарын елді мекендерге көп жағдайда жаяу жеткізіп отырды.

Түйін

Бас ал десе, шаш алатын сол замандағы науқаншылдық тәркілеу кезеңінде де көрініс тапты. Ақ-қарасын анықтамай жатып, байларды, орта шаруаларды қуғынға ұшыратқан тәркілеу – қазақ даласының құтын қашырды. Ұрпақтар сабақтастығының үзілуіне, қарға тамырлы қазақтың тарыдай шашырауына тікелей себепші болды.

 

(Соңы. Басы газетіміздің  өткен сенбілік санында)

 

 

Шахман НАҒЫМОВ,

 педагогика ғылымдарының кандидаты.

 

Мұрағат деректерінен

Қызылқоға ауданының №3 ауылсоветінің төрағасы Аманов, бай Игіліковтің қашып кетуіне ықпал еткені үшін жауапқа тартылды. Қосшы одағының төрағасы Игіліковтің туысқаны Жақыпов Ақтай және сол аудандық Советтің хатшысы Сұлтанғалиев №2 ауыл кедейлерінің басын біріктіріп, кәмпескелеуге қарсы үгіт жүргізіп, соңында 103 адамның қолы қойылған хатты аудандық комиссияның атына жолдатқан.

Осыған орай, Қызылқоға ауданына әдейі барған Жолдас Мыңбаев барлық ауылдардың өкілін жинап, 500 адам қатысқан жалпы жиналыс өткізді. Онда комиссияға жазылған хаттың жалған екендігі анықталды. Көп қолдардың жалған қойылғаны, бірқатарының қолын сыртынан қойып жібергені белгілі болды.

Барлық жиналысқа қатысқандардың атынан (3-еуі қарсы болды) шешім қабылданды. Онда «Игіліков Әлжанды жақтап 103 адамның қолы қойылған құжаттың жалған екендігі анықталды. Жалған арызды дайындауға Қосшы одағының төрағасы, Игіліковтің туысқаны Ақтай Жақыпов және оның жақтастары мұрындық болған. Округтік ұйымның алдында аталған зиянкестерге қатаң шара қолдану сұралсын» делінген. Нәтижесінде Амелов, Жақыпов, Сұлтанғалиевтар тұтқындалып, сотқа берілді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған