Шәкір Кейкин «шатырда оқып жатқан» балалар мәселесіне түсінік берді
atr.kz/8 қыркүйек, 2020 жыл. «Бірнеше сайтта интернеттің нашарлығына байланысты Ескене елді мекенінің бірнеше оқушысына қатысты «шатырда оқимыз» деген тақырыппен ақпарат шыққан болатын. Аталған мәселеге қатысты Мақат ауданының әкімі Шәкір Кейкин түсіндіріп берді»,-дейді Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Оның сөзінше, Ескене елді мекенінде 13 отбасында мектеп жасындағы 22 бала тіркелген. Аталған елді мекенде интернет желісі болмауына байланысты облыстық «Қазақтелеком» басшысы осы үйлерді интернет желісімен қамтуды «Белайн» немесе «Кисел» байланыс операторлары арқылы 20 тамызға дейін шешіп беруге уәде етіпті. Бірақ аталған байланыс операторларының қызмет көрсету жұмыстары қаражатқа тірелгендіктен облыстық «Қазақтелеком» басшысы бұл мәселені шеше алмайтындықтарын әкімге хабарласып, ескерткен.
«Туындағын мәселені шешу үшін облыстағы «Транстелеком» мекемесінің байланыс желісі арқылы Ескене елді мекеніне интернетпен қамтамасыз етіп, өзекті мәселені шешіп беруі үшін мекеме басшылығына өтініш білдіргенмін. Өтініш бойынша «Транстелеком» мекемесі тарапынан Ескене елді мекенін теміржол торабының бергі бетіндегі 11 үйдің 9-на оптикалық желісі арқылы интернет желісі жүргізілді. Қажетті материалдардың болмауына байланысты «Транстелеком» мекемесі қалған үйлерді ағымдағы жылдың қазан айының ішінде интернетпен толық қамту жоспарлап отыр.
Теміржол торабының арғы бетіндегі орналасқан 14 үйдің отбасында, мектеп жасындағы 19 бала кеңжелоқты интернет желісімен қамтылмағанымен, «Актив» байланыс жүйесі бар.
Қазіргі кезде Ескене елді мекеніндегі 13 отбасының мектеп жасындағы 22 баласын, Таскескен елді мекеніндегі 3 отбасындағы 6 баланы, №441 бекеттегі 1 отбасындағы 2 баланы, ата-аналары тарапынан өтініш білдірген жағдайда толығымен Доссор кентіндегі өздері оқитын С.Шарипов атындағы мектеп-интернатқа қабылдап, 2020 – 2021 жылғы оқу процесін жүргізуге дайын. «Осыған байланысты өзім, орынбасарым, округ әкімі, аудандық білім беру бөлімінің басшысы және сол елді мекеннің балалары оқитын С.Шарипов атындағы мектеп-интернатының директорымен бірге Ескене елді мекеніне барып ата-аналарымен кездесіп, «Қазақтелеком» мекемесінің интернет желісін жүргізіп бере алмауына байланысты барлық мектеп жасындағы балалар өздерінің жыл сайын жатып оқитын Доссор кентіндегі С.Шарипов атындағы мектеп-интернатының дайын екенін айтып, интернет толық тартылып болғанға дейін 1 қыркүйектен бастап мектеп-интернетта оқуларын сұрадым. Жатын орындары, тамақтары бәрі дайын»,-дейді Мақат ауданының әкімі Шәкір Кейкин.
Бірақ тұрғындар карантин жағдайында балаларын Доссор кентіндегі мектеп интернатына жатып оқитынына келіспеген. Сондай-ақ балаларды қашықтықтан оқыту үшін бәрібір интернет орнату мүмкіндіктерін қарастыруды сұрап отыр. «Интернет тарту жұмыстарын жеделдетуді қолға аламыз», -дейді Мақат ауданының әкімі.