«Сені ұлы істер күтіп тұр!»

Жаңалықтар Тұлға

Аtr.kz/25 мамыр, 2020 жыл. … «Сені ұлы істер күтіп тұр, Нұртөре!» Құрдасым, қаламдас досым, Қазақстан Парламенті Сенатының депута­ты Нұртөре Жүсіп ойыма оралса-ақ, осы бір сөз тіркесі тіл ұшына оралып, көңілдің көк дөненін бұдан қырық жылдан астам бұрынғы санадан өшірілмес көріністерге қарай алып-ұша жөнеледі.

Осындайда адам алдан тек қана жақсылықтар күтіп, өзін үлкен істерге құлшындырғанда ғана өмірі асқақ мұраттармен қанаттас өрілетінін айтып кеткен ғұламалар қағидасының ақиқаттығына бас игендей боламын. Бұған мысал – бүгінгі қарымды журна­лист-публицист, Cенатор Нұртөренің жеткен жетістігі, шыққан биігі.

… Біз екеуміз өткен ғасырдың 78- ші жылының жазында ару Алматыда таныстық. Ол да, мен де орта мектепті енді ғана бітірген, ол да, мен де бойымызда қырым ет жоқ шілмиген, әркімнің жүзіне үрке қараған сарыауыз балапан едік.

Сөйтсе де, арманымыз асқақ, қиялымыз өр болатын. Мектеп қабырғасында жүріп- ақ қағаз шимайлап, онымыз «Қазақстан пионері» деген аты мәшhүр басылымға жиі жарияланып, өзімізше ендігі жет­пей тұрғаны ҚазМУ-ге түсу ғана қалып тұрған мықты «журналистерміз». Сол бір абитуриенттік шақтан менің есімде Нұртөрені ерекше сақтап, даралаған сәт – осы бір құлағы қалқиған қара торы бозбаланың кірген емтиханынан бес алып шығатындығы. Бұған бір-бірімізге тілеулес те, бәсекелес те – бәріміз таңғалысатынбыз.

Журналистика факультетіндегі оқуымыз да бізді етене жақындастырды. Бір қызығы, ҚазМУ қалашығындағы судай жаңа №5 жатақхананың екі секциялы бөлмесінде Нұртөремен бірге тұратын болып шықтық. Жатақханада болсын, жертөле пәтерде бол­сын (сол кездің студенттері 4-5 курстарда өздерінше «еркін өмір сүру» пәсапасымен пәтерге шығатын), оның керуетінің тұсында маржандай әріптермен «Сені ұлы істер күтіп тұр, Нұртөре!» деп ақ қағазға жазылған жалғыз ауыз, салмағы ауыр сөйлем ұдайы қабырғаға жапсырулы тұратын. Студенттік қызыққа толы күндерде оған куә болған біз – Аманғазы, Серік, Мақсот, Мақсат, Қанапиялар әжуалап күлетін де едік. Әрқайсысымыздың кеудемізге нан пісіп, өзімізді күні ертеңгі дүрдей қаламгер сезініп, ертегідегідей «сиқырлы кілем» – қиялмен көкте қалықтап жүрген журфактың балаң студенттері үшін Нұртөренің мына қылығы баланың ойыншығындай көрінетін болуы керек.

– Қыздар көрсе, ұят болар, мынауыңды алып тасташы, – дейміз. Ондайда Нұрекең аспай-саспай:

– Е, қыздар менің тегін адам емес екенімді, алдымда ұлы істер күтіп тұрғанын біліп жүрсін, – деп жылы жымия- ды. Қандайма істе болсын әркімді келер күнге деген асқақ сенім мен биік мұраттар ғана жарқын жетістіктерге бастайтынын ауылдың аңқау баласы, бәлкім, сол шақта тап басып пайымдамаған да шығар. Бірақ, оның біз әпенділік деп санаған осы бір кішкентай қылығының жай нәрсе болмағанын бүгінде шым-шымдап түйсінгендеймін.

Нұртөре әу бастан әзілқой, үлкенді- к ішілі о тырыстарда қисынды қалжыңымен кісі көңіліне жол тауып кететін. Онысынан күні бүгінге дейін өзгерген жоқ. Бірде Алматыға кезекті жол түскенде әріптес досымыз, «Алма­ты ақшамы» газетінің Бас редакторы Қали Сәрсенбайдың үйіне Нұртөре екеуміз бірге бара қалдық. Бізден басқа да белгілі журналистер Серік Рәсілов, Еркін Нұразханов, ақындар Маралтай Райымбек, Әділғазы Қайырбеков бол­ды. Дастархан басындағы гүрілдеген әңгіменің бір сәтінде махаббат турасында пікірталас қызып берсін. Әркім алғашқы сүйіспеншілік сезімін нешінші сыныпта бастан кешіргенін айтып, бірінен-бірі асып түсіп жатты. Бір кезде үндемей отырған Нұртөре:

– Махаббат деген пәлеңді өз ба­сым түсінбеймін. Біздің ауылда кілең туысқандар тұратын, ата жолымен сүйек жаңғырта беруші еді, – деп қарап отыр жайбарақат қана. Әдепкіде тосын пікірге аң-таң болып қалғандар сәлден кейін Нұрекеңнің кәдуілгі «бүйректен сирақ» шығаруы екенін пайымдап, еріксіз езу тартысты. Оның студенттік шақта да ортаның өз адамы болғанын білетін маған да бұл анабір таңсық емес-тін. Тек біреулер үшін тауып айттым дегені оспадарсыз шығып жататын болса, Нұртөренің тосын қалжыңдары оны сол ортаға одан әрмен кіріктіре, бауырласты­ра түседі.

Мұның өзіндік себебі де бар. Өйткені, ол – тумысынан қарапайым. Өз басым Нұртөренің әлдекімдерше шікірейіп не кекірейгенін көрмеппін. Қашанда қалбалақтаған ақкөңіл қалпы. Кез­дескенде анадайдан арсалаңдап келіп құшақтасып, қоштасқанда киіміңді өзіңнен бұрын әпергіштеп қызмет көрсетіп жатқаны. Баяғы бұдан қырық екі жыл бұрынғы мінез-құлқы еш өзгермеген. Таяу- да біздің үйде бас қосқан емен- жарқын әңгіме барысында осы туралы өзіне айтқанымда ол:

– Пәлі, Исатай, ана сүтімен дарыған мінез, ата тәрбиесімен сіңген құлық өзгере ме? Құдайым мынау өткінші жалғанда барға тоқмейілси қалудан сақтасын, – деп ойлана жауап берді. Маған сол сәтте «Нұреке-ау, қарапайымдылықты томашадай бойына сыйғыза ал­май, мансаптың буына балқып, күні кешегі сыйластығынан демде айырылып қалатын қуыс кеуделер аз ба? Адами қалпын сақтай білу де екінің бірінің қолынан келмейді ғой…» деген ой келсе де, үндемедім. Өйткені, бұл сөзді оған айтудың қажеті де жоқ болатын.

Менің журналистік қызметімнің тұп-тура тоғыз жылы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің еліміздің батыс аймағындағы меншікті тілшісі болып өтті. 1999 жылы өз еркіммен босадым. Бір қызығы, осы Нұртөре Жүсіп сол басылымға Бас редактор болып кел­геннен кейін тура бір жылдан соң! Әрине, оның басқаны қуса да, мені қумасы анық. Он жылға тарта үйде жатып жұмыс жасау өзімді де әбден жалықтырып, ертелі-кеш кеңсеге барып қызмет істеуге аңсарым ауды да тұрды. Сөйтіп, Нұртөре іс- сапарда жүрген сәтте Бас редактордың бірінші орынбасары Қали Сәрсенбайдың қолынан еңбек кітапшамды алып кете бардым. Кейіннен телефон арқылы хабарласқанымызда, Нұртөре:

– Алматыға, аппаратқа келсейші, – деп өтініш айтты. Аймақта орнығып қалған отыз сегіздегі адамға Алматы асу қайдан оңай болсын, көңілім алабұртып жүрді де, «қой шалабымды шайқамайын» дедім де қойдым. Жуырдағы бір басқосуда осы хақында әңгіме болғанда Нұртөре:

– Сен сонда дұрыс жасадың, біздің де босатқанымыз жөн болды. Әйтпесе, өмір бойы меншікті тілші болып, соған еті үйреніп кеткендер көп қой, – деп өзінің редакторлық тәжірибесінен біраз сыр шертті. Шыны керек, республикалық бірқатар беделді басылымдарда Бас ре­дактор болып, өзінің ізденімпаздығымен, жаңашылдығымен, іскерлігімен жұрт ау­зына іліккен, әріптестерін мойындатқан оның байсалды ой-пікірлеріне ден қоймау мүмкін де емес.

– Қайсы газеттің де қандай бо­луы редакцияның ішкі қуатына бай­ланысты. Бас редактор соны үйіріп әкетіп, ұйымдастыра, көзін аша, бағыт-бағдар бере білуі тиіс, – дейді ол. – Бас редактордың ой еркіндігін қалыптастыруы маңызды. Өйткені, әр журналистің де өз айтары бола­ды. Яғни, өз үні. Егер барлық дауыс бірдей болып жамырап шықса, ол хор болады. Ал, әр адамның үнін бір жерден ғана құмықтырып шығарам деген адам өмірбақи қор болады…

Еркін ойлау жүйесіне негізделген жаңа сипаттағы баспасөз үшін қисынды-ақ пікір. Әр журналистің өзіндік айтар ойын тұмшалап, қолтаңбасын бірізділікке салып трафарет жасауға болмайды. Десек те, жақсы редактор күземесе де, түзеуі тиіс. Өйткені, «редактор» сөзінің алдындағы «Бас» деген анықтауыш текке қойылмаған. Басылымның бағыт- бағдарын, бет-бейнесін айқындайтын басты тұлға – Бас редактор. Нұртөремен өзіміз «илеп отырған бір терінің пұшпағы» туралы пікір алысуымыз осылай әр жүздескен сайын сабақтаса түсіп жатады.

Нұртөре Жүсіп – кәсіби қызметінде сан түрлі сынақтардан өтіп, әбден шыңдалған қайраткер- редактор. Бір кездері «Жас Алаштан» қалай кетіп бара жатқанын өзі жазса, кейіннен түрлі себептермен «Ақжол Қазақстаннан» да кетуге мәжбүр болды. «Саясатты сен іздемейсің, саясат сені өзі іздеп табады» дегендей, оны түрлі көзқарастар қайшылығы өз қазанында қайнатты. Соның бәрінде де Нұртөренің кәсіби біліктілігі мен қаламгерлік қуаты айқындала түсті. «Егемен Қазақстанның» «шинелінен» шыққан ақмылтық жур­налист «Астана хабарын» бір белеске шығарып, «Айқынды» айтарлықтай асқақтатты. Бұған өзі Қызылорда облыстық әкімдігіне аппарат жетекшісі болып бара жатқанда «Айқынның» жетекшілігін Нұртөреге тапсырып кеткен Бауыржан Омарұлының (қазір Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор) сенім мен ілтипатқа толы пікірі айқын дәлел болғандай: «…Бүгінгі күні «Айқын» ақпарат кеңістігінен ауқымды орын алып отыр. Елордада қызмет істеп жүргенімде «Айқынның» еңселі кеңселерде қалай оқылатынын көрдім. Енді, міне, сүйікті газетімнің аймақтардың тыныс-тіршілігімен тамыр­ласып кеткенін аңғарып отырмын. Бұл алдыңғы әріптесім Серік Жанболаттың үш жыл бойы төккен терінің, қазіргі бас редактор Нұртөре Жүсіптің мол тәжірибесінің нәтижесі…»

Өмірде сан қилы пендені көзіміз көріп, бірінен ала тайдай безініп, бірінің адам- асылдығын сезініп жүреміз. «Күле кіріп, күңірене шыққан без» дейді атам қазақ. Бұл пәниде ондай ішіне пышақ айналмас көркеуделер де аз емес. Тіпті, қалқиып жүргеніңді көп көретін ондайларға не айтарсың?! Өзі ақкөңіл, ойындағысын ақтарылып айтып салатын Нұртөренің қуыс кеуделердің тоғышар тірлігіне таусылатыны да бар. Сөйтсе де, оның жанын жүдетпейтін пәлсапасы – «ит үреді, керуен көшеді». Сөйтеді де, үнемі көңілді күйде жүреді. Бұдан отыз бес жыл бұрын, диплом алғасын Алматыда қалған ол зиялы деген аға-апаларына жақын жүрді, олармен бірге шет елдерге сапарға бірге шықты. Қалтай, Әбіш, Шерхан, Сәкен, Сайын, Оралхан… әңгімелерін жақыннан тыңдап, көкейіне тоқыды, көңіліне түйді. Оларын майын тамыза айтып та отырады. Әлі күнге солай…

Өмірден тағы бір түйгенім – қарапайымдылықтан әділдік те бастау алатындығы. Қызғаныш, жоқ жерден бедел жинау, өсек-өтірік ондай жанға мүлде жат. Нұртөре біздің «Аты­рау» газетінде жарияланған материалдар жөнінде де жылы лебіздерін білдіріп оты­рады. Көлгірсу емес, ақ-адал пейілі екенін өз басым риясыз түйсінемін. «Қазіргі қазақ баспасөзі бір-бірімен айтысудан аулақ болса екен. Қазақ басылымдары қазақ мемлекетіне, ұлтқа, тілге, дінге, жерге қатысты бес мәселеде бас біріктіруі тиіс. Онсыз істің бәрі далбаса. Шынайы тілектестік осы бес мәселе төңірегінде бо­луы тиіс. Мен мұны өз сұхбаттарымда да үнемі айтып жүрмін. Ал, шығармашылық бәсекелестікте шек жоқ. Материалды кім қалай береді? Кім қалай құлпыртады, кім қалай құтыртады? Бұл енді әркімнің өз мүмкіндігіне байланысты…» дейді ол. Қаламдас құрдасымның бұл ойларын мен де сәті түскен жерінде қайталап, темірқазық етіп ұстанамын.

Рас, Нұртөремен ҚазМУ-ге бірге түссек те, ол денсаулығына байла­нысты бір жыл академиялық демалыс алып, ауылына кетті де, оқуын кейіндеу курста жалғастырды. Бірақ, осы бір түйдей құрдас азаматпен тағдыр белестері жиі қауыштырып, сыйлас, сырлас досқа айналдырып жіберді. Университеттің 4-ші курсында өзіміздің журналистика факультетіндегі Мұхамеджан Сералин атындағы әдеби бірлестіктің төрағасы болып сайланғанымда да бірден-бір қолдаушы болған жігіттердің бірі – осы Нұртөре. Жатақханадағы әдеби талқылаулардың бел ортасынан ұдайы табылған да – осы Нұртөре. Бүгінгі белгілі жазушылар Нұрғали Ораз, Сәбит Дүйсенбиев, өмірден ертерек озған талант­ты ақындар Нұрлан Мәукенұлы, Бейбіт Құсанбек және басқа да қаламгерлердің тырнақалды туындылары сол әдеби ор­тада талқыланған. Бірлестіктегі өзінің төрағалық орнын маған тапсырып, қасымда үнемі ақыл-кеңесін айтып жүрген, әдеби ортада «фанатик» атанған жайсаң аға Жұмабай Әбілов (кейіннен филология ғылымдарының докторы, профессор болды) марқұм да осындайда еске түседі. «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Шәмшиден Паттеев, белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбеков, «Алматы ақшамы» газетінің Бас редак­торы Қали Сәрсенбай, ғалым-журналист Мақсат Тәж-Мұрат… – біздің буынның мүйіздері қарағайдай өкілдері бүгінде осылай тұлғаланып көрінеді. Бұл жерде айтайын дегенім – осы азаматтардың бәрі де Нұртөре туралы тек қана іңкәрлікпен сөз сабақтайды.

– «Жас Алаш» газетінің 80 жылдығына орай Атырауға барғанбыз. Сонда Ма­хамбет бабамыз жатқан Қаройда болған болмашы ғана бір оқиға күні бүгінге дейін көз алдымнан кетпейді, – дейді Нұртөре. – Батыр кесенесінің жанын­да шыныдан жасалған киіз үй пішіндес үйшік бар екен. Соның есігін аштым да, «ассалаумағалейкум» деп дауыстай сәлем бердім. Ішінде бір үкінің балапаны бар екен, сол үркіп, шыныға соқты да құлап түсті. Ішке еніп, тағы да дауыстап сәлем берген маған әлгі құс үш рет басын изеп амандасқандай көрінді. Үйшіктен шығарып қоя беріп едім, әуелеп барып Махамбет кесенесінің ұшар басына қонақтады. Содан қашан біз кеткенше сол жерден қозғалған жоқ. Өз басым бұны жақсы ырымға балап едім…

Сәл нәрседен ой түйіп, ырымдау да зердесі биік, түйсігі терең жанға бұйырған. Сезіне білгенге өмірдің тылсым сырлары шексіз. Жан сарайының көркемдік қуаты зор суреткерлер ғана оны пайымдай алар. Қарабайырлықтан ада қарапайымдылық, адыраңдаудан ада адалдық жанына жалау болған қаламдас хақында бірер ауыз жүрекжарды лебізімізді осылай өрдік.

P.S.

Астанаға кезекті бір сапарымда «Сені ұлы істер күтіп тұр, Нұртөре!» деген жазу жөнінде еске түсіріп едім, Сенатор үнсіз жыми­ды да:

– Ұмытпапсың ғой, – деді разы пішінмен. Қалайша ұмытамын, сол жазу әлі де мәнін еш жоймаған сияқты мен үшін. «Журналистика – шығармашылық өмір күшінің ең соңғы тамшы қанына дейін сорып алатын аяусыз аш сүлік. Бірақ, біз өз сезіміміз бен кез келген оқиғаны лайықты қабылдау қабілетімізді тұрақты түрде бабында ұстауға жәрдемдесетін мұндай керемет жаттығуды ешбір жерден таба ал­маймыз…» деген екен атақты жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты Габриэль Гарсия Маркес. Ендеше, өмірлік мамандығынан ешқашан да безбейтін бір адам болса, ол – Нұртөре Жүсіп. Десек те, ол қазір еліміз Парламентінің жоғарғы палатасында қызмет атқаруда. Мемлекет қайраткері тұрғысындағы айтылар әңгіме алда екені қапысыз. Өйткені, Сенатордың тың бастамалары мен өрелі ойлары жұртшылықтың ыстық ықыласына ие екенін көзіміз көріп отыр…

СЕНІ ҰЛЫ ІСТЕР КҮТІП ТҰР, НҰРТӨРЕ!..

 Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,

ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Жылыой ауданының Құрметті азаматы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған