Сауаттылық – сала мамандарынан

Адам өмірінде кездесетін кейбір тосын жағдайларда шариғат нені үкім етеді? Жұқпалы дертке шалдыққан әйелге жүктілікті тоқтатуға шариғат қалай қарайды? Облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде өткен кездесу барысында қатысушылар осындай сауалдарға нақты жауап алды.

Кездесу барысында алдымен облыстық дін істері департаментінің теолог-маманы Ерғали Алпысбаев өңірдегі діни ахуалды реттеудегі жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, қайта тіркеу біраз нәтиже берген. «Бұған дейін өңірде 45 діни бірлестік жұмыс істеп келген болса, қайта тіркеу нәтижесінде олар 32 пайызға дейін азайған» деп атап өтті ол. Одан әрі ҰҚК департаментінің өкілі Руслан Қуанғалиев радикалды топтардың жолын кесуде атқарылып жатқан шаралар жөнінде баяндады. 
Кездесудің екінші бөлімі сұрақ-жауапқа ұласты. «Диспансер емделушілері әр аптаның жұма күні мешітке жұма намазына қатысуға сұранады. Бұл қаншалықты дұрыс? Балаларға салынатын дәстүрлі екпеге қарсы болатындар көп. Бұған не дейсіз?» деген сауалдар қойылды. Бұл орайда теолог Ерғали Алпысбаев денсаулық нашарлап, сырқаттанған уақытта жұма намаздың парыз еместігін айтты. «Сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «оба ауруы болса, ол жерден шықпаңдар, ал, оба ауруы болған жерге бармаңдар» деген сөзі бар. Туберкулез оба ауруына тең дерт болған соң, оған шалдыққан адамдар көпшілік жиналатын жерге бармауы керек» деп жауап берді.
Осы орайда диспансердің бас дәрігері Ж.Сағиев «түрлі ауруларға қарсы тұратын сынамаларды сәбиге салдырудан бас тартқан ата-ана баланың азаматтық құқығын бұзып отыр» деп есептеймін деген пікірін білдірді. Кездесу барысында, соңдай-ақ, туберкулез дертіне шалдыққан әйелдер арасындағы жүктілік мәселесі де сөз болды.
Иә, қалай десек те, дін ең алдымен асқан сауаттылықты қажет етеді. Сондықтан, шариғаттың түсініксіз тұстарына жауапты ғаламтордан, бейнетаспалардан емес, имамдардан, дін саласының мамандарынан іздеген дұрыс.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз