«САНАНЫ ТАЗАЛАУДАН ГӨРІ, САҚТАУ ТИІМДІ»

Жаңалықтар

 

Мәртебелі меймандар педагогтер ұжымы алдында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауындағы білім беру, ғылымды дамыту, жас мамандар дайындауда озық үлгіні басшылыққа алу турасында пікірлерін ортаға салған сенаторлар сапар мақсаты Әнұран авторларының бірі – Жұмекен Нәжімеденовтің өмірден озғанына отыз жыл толуына орай, Құрманғазы ауданының Жұмекен ауылында бой көтеретін ескерткіштің ашылу салтанатына қатысу екенін де айтып өтті.
Доктринадағы жетістікке жетелейтін жеті факторға тоқталған сенатор Сәрсенбай Еңсегенов сөзін ұрпақ тәрбиесімен сабақтады.
«Бүгінге дейін білім беру ісінде қол жеткен табыстар баршылық. Өңірде төрт білім беру ошағы апатты жағдайда тұр. Оның біреуінің құрылыс жұмыстары аяқтала келсе, қалған үшеуі де жөндеуден өтеді деп күтілуде. Жолдауда Елбасы білім берудің қазіргі заманғы жаңа тиімді жүйесін құру бірінші кезектегі міндеттер қатарында екенін айтқан. Бәсекеге қабілетті ел болу үшін сауаттылығы жоғары, білімдар ұрпақ тәрбиелеу қажет» деген ол, білім мен тәрбие ісінде мектеп орнының ерекшелігін тағы бір мәрте қадап айтты. Өйткені, бүгінгі бастауыш сынып оқушысы 2050 жылы жасы 40-тан асқан ақыл тоқтатқан азаматқа, ал қазіргі 9,10,11 сынып оқушылары елуден асқан ел ағаларына айналады емес пе? Олардың жалынды жастық шақтары, орда бұзар отызы қуатты Қазақ мемлекетінің даму кезеңімен тура келеді. Сол межелі уақытта олар елдің тірегі мен тұтқасына, мемлекеттік биліктің барлық салаларында орта және басшылық қызметтің негізгі тізгінін ұстаушылары болады. Сондықтан, ел ертеңі жасөспірімнің бүгін алатын білімдері мен тәрбиесіне тікелей байланысты.
– Экологияны біз қоршаған орта деп түсінеміз. Қате пікір. Экология өзіңнен басталады. Экожүйе – адамның өзі. Қоршаған орта өзінен-өзі бүлінбейді, – деп сөзін адами тазалықтан бастаған профессор Ғарифолла Есім әріптесінің әңгімесін әрі қарай жалғады. – Біз оны ластайтын темекі тұқылын тастаймыз, қағаз, басқа да қалдықтарды лақтыра саламыз. Немесе, зауыт директоры пайданы ойлап, табиғатқа кесірін тигізіп отырғанын білмейді. Яғни, адам өзі экосистема бола алмағаны. Енді үшінші индустриялық революцияда жасыл экономика болған кезде мемлекет экологиялық мемлекет болуы керек. Мұндай мемлекет құру үшін балабақшадағы тәрбиешіден бастап министрге дейін экологиялық таза адам болуы тиіс. Біз келе жатқан жасыл экономика – адамша өмір сүріп, таза жүру».
Әрі қарай әңгіме қоғам, дін, өзге де саладағы тақырыптарға ұласып, ұстаздар нақтылы жауаптарын алды. «Мектептегі дінтану пәні 9-сыныптан емес, балабақшадан оқытылса, себебі, баланың санасын әбден уланғаннан кейін тазалағаннан гөрі, оның алдын алып, ертерек қамданған мейлінше дұрыс болар еді» деген ұсыныстар да айтылды.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.
Суретті түсірген
Әнуар Әбілғазиев.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған