Әр ауылға – жеке бюджет

Әр ауылға – жеке бюджет Жаңалықтар

Бұған дейін де бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғанындай, таяуда  «Бюджеттік талдау және экономикалық мониторинг орталығы»  республикалық қоғамдық қоры Атырау облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен бірлесіп,  жергілікті әкімдер мен қоғамдастықтар жетекшілері үшін семинар ұйымдастырды.

Әр ауылға – жеке бюджет

Село әкімдеріне сенім

Аталған ұйымның сарапшысы Шолпан Әйтенова шараға қатысушыларды  алдымен еліміздің аумағындағы ауылдық округтерде өзін-өзі басқару жүйесін енгізудің тарихымен қысқаша таныстырды. Оның айтуынша, 2011 жылы республикамызда жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің екі кезеңнен тұратын тұжырымдамасы қабылданған. Бұның алғашқысы – ауылдық округ әкімдерінің сайланып қойылуы еді. Осы мақсатта бізде француздық әдіс таңдалып алынған. Яғни, мұнда ауыл әкімдерін халық емес, оның өкілі болып табылатын жергілікті мәслихат депутаттары сайлайды. Осылайша, Қазақстан Республикасында барлығы 2,5 мың ауылдық округтің әкімі сайланып қойылды. Сарапшының түсіндіруінше, мұндай  таңдаудың  жасалуына елді мекендердің бір-бірінен қашық орналасуы себепші болған. Мәселен, көршілес Маңғыстау өңіріндегі Болашақ ауылының қашықтығы аудан орталығынан – 300, ал облыстан  500 шақырымды құрайды екен.

Сайланған округ әкімдерінің  әрқайсысында айыппұлдардан, жарнамалардан және басқа көздерден қаражат келіп түсетін бақылау есепшоттары ашылды. Жаңа жобаны дайындаушылар осындай жолмен ауылдық округтерде 2 млрд. теңгеге дейін ақша жинақталады деп болжамдаған. Алайда, нақтысында түсім  500 млн. теңгемен ғана шектелді. Ал, біздің облыстағы  көрсеткіш бар болғаны 30 млн. теңгеге тұрақтаған.

Қазына айыппұлдан құралмай ма?

Сарапшы келтірген тағы бір дерек, өткен жылдың тоғыз айында республикамыздың ауылдық округтерінен жинақталған қаражат көлемі 7 млрд. теңгені құраған. Алдыңғы жылдың сәйкесті кезеңіндегімен салыстырғанда,  түсім көлемінің сәл де болса ұлғаюына  салық салынатын нысандардың, яғни, кіріс көздерінің көбейтілуі  септігін тигізген.  Әрине, жоба авторларының  әу баста бұдан да жоғарырақ нәтижеге кол жеткізуді мақсат тұтқандығы анық. Осыны ашып айтқан сарапшы есепті мерзімде Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарындағы ауыл әкімдерінің әрқайсысы 1 млрд. теңгеден асыра салық жинағанын да алға тартты.

«Қазаншының еркі бар…» десек те

Жобаның келесі кезеңінде қарастырылғанындай, 2018 жылдан бастап, 2000-ның үстінде тұрғыны бар ауылдық округтердің әкімдері қала, аудан және облыс әкімдерімен тең дәрежеде жергілікті бюджет қаражатының әрбір тиыны үшін жауап беретін болады. Әзірге олар бұрынғысынша, бар жинақталған қаржысына өз билігінше иелік етуді жалғастыра береді. Осы тұста «Ауыл әкімдері бұған дейін   жиналған ақшаны қалай жұмсады, қайда жіберді?» деген сауалдың туындайтыны заңдылық. Мысалға жүгінсек, Түркістанда бұл қаржыға күнелтіс деңгейі төмен, аз қамтылған отбасыларына арналып  тұрғын үй салынған. Тағы бір жерде сондай жарлы жанұяларды азық-түлікпен қамтамасыз еткен. Енді біреулері жаңажылдық шырша сатып алуға жұмсаған. Заң талаптарына сүйенсек, мұндай қадамның өзі дұрыс та сияқты болып көрінеді.  Себебі, қазына  қаржысы жекелеген адамдардың мүддесіне емес, «жергілікті маңызы бар мәселенің шешімін табуына бағытталғаны, қоғамның қажетіне жаратылғаны жөн» деп бағаланған.

Мұның сыртында, бюджет қоржыны 30-40 млн. теңгемен шектелген  кейбір ауылдық округ әкімдері автобус пен тұрмыстық қоқыс-қалдықтарға арналған контейнерлер мен шағын спорт кешендерін сатып алған. Әйтсе де, ауыл әкімдері сол мүліктер мен нысандарды өз балансына қабылдай алмайды. Заң бойынша олардың бәрі де аудандық әкімдіктің меншігі болып табылады. Сонда жаңағы нысандар мен мүліктерді күтіп-ұстау жауапкершілігі кімге жүктеледі? Егер  де  белгілі бір себептермен ауыл әкімі мерзімінен бұрын қайта сайланса, жағдай не болмақ? Бар игілікке тағы да жоғарыдағы  басшылар  қожалық етпей ме? Осыны ескерген жоба дайындаушылары 2015 жылы заңға бірқатар өзгертулер енгізді. Онда жергілікті қоғамдастықтың келісімінсіз аудандағылардың ауылдық округ әкімдігіне тиесілі мүлікті иемденіп, алып кетуіне құқының жоқтығы атап көрсетілген.

«Кеңесіп пішкен тон…»

Заңдағы жағымды жаңалықтың бірі  ауылдық әкімдіктердің  де кез  келген мәселені кеңесіп шешетін өз мәслихаттары болады. Олардың депутаттары (әр көшеден бір адамнан) тұрғындар жиындарында сайланады. Шартты түрде оны «Жергілікті жиналыс» деп  атайды. Дәл осы құрылым жергілікті бюджет қаражатын алқаға салып, қажетіне қарай бөліп отырады. Әйткенмен, соңғы және нақты шешімді округ әкімі қабылдайды. Жергілікті жиналыстың қатарынан сайланған тексеру комиссиясы (3-5 адамнан құрылған) қаржы қозғалысын қадағалап, бақылау жүргізеді.

Осылардан хабардар қылған сарапшы маманның мәлімдеуінше, келер жылдан бастап басқалары тәрізді жергілікті бюджет қаражаты да заңда атап көрсетілген 19 негізгі бағытпен  бөлінуі тиіс. Мұнда да артық-ауыс ақша автоматты түрде жоғары тұрған орган- аудандық әкімдіктің есебіне аударылады. Осы жайдан құлағдар болған  семинарға қатысушы ауылдық округ әкімдері ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.

Құптау да, күдік те бар

Келешекте әр округтің дербес  бюджеті болатынын құптаған тыңдаушылар: «Бәрібір де ауыл әкімі бұрынғысынша аудан әкіміне тәуелді, бағынышты, ал  оның мақұлдауынсыз жергілікті әкімнің әрекеті жарамсыз болып қала бермей ме?» деген көкейлеріне ұялаған күдіктерін де жасырмады. Бұл сұрақты да жауапсыз қалдырмаған спикер,  сайып келгенде, жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа жүйесін енгізу атқарушы билік пен бұқара арасындағы өзара ынтымақтастық үрдісін дамыту мақсатын көздейтінін меңзеді. Оның үстіне, Шолпан Әйтенованың өзі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі жанындағы «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы қолданыстағы заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі» жұмысшы комиссиясының мүшесі екен. Сондықтан да кездесуде айтылған орынды  ұсыныс-тілектердің бәрі де заң жобасын мақұлдап, бекіту барысында ескеріліп, қаперге алынатынын мәлімдеді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз