«Қазына» би ансамблі халықаралық байқауда топ жарды

Жаңалықтар Мәдениет

Atr.kz/18 қараша, 2019 жыл. Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясы жанынан құрылған Санкт-Петербургте өтіп жатқан  «Салют талантов» Халықаралық  конкурсында топ жарып,  жеңіске жетті.

Аталмыш академия директорының орынбасары Дина Хайдарованың айтуынша,  байқауға ТМД елдерінің 76 қаласынан бірнеше конкурсант қатысты. «Шоқтығы биік талантты шәкірттерден құралған аталмыш ансамбль құрамында 11 жас талант бар. Олар  бұл жолы «Қосалқы» халық биін жоғары дәрежеде орындап, қазылар алқасы оларды жеңіс тұғырына лайық деп таныды. Ал, Анель Сәрсенова мен Рысбек Демеуов дуэт ретінде «Қара жорға» биін билеп,  ІІ орынмен марапатталды.

Сондай-ақ, ұжым жетекшісі, балетмейстер, хореограф Талғат Ғатауов үздік балетмейстер деп танылды. Академияның тағы бір мәрте мақтанышына айналған «Қазына» ансамблі келесі жылы наурыз айында Мәскеу қаласында өтетін конкурстың жоғары лигасына жолдама алды. Бұл сында да «қазыналықтар» қазақ биін әлем сахнасында одан әрі жаңғыртып, жеңісті қолдан бермейді деп сенеміз» дейді Дина Хайдарова.

Айта кету керек, Халыкаралық конкурсқа  Ресей Федерациясының еңбек сіңірген артисі, балетмейстер Владимир Борисов, «Барыня» мемлекеттік ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі Татьяна Тимохина, Беларуссияның Халық әртісі, профессор Валентин Дудкевич сынды  өнердің жілігін шағып, майын ішкен танымал тұлғалар  қазылық етті.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған