*Қаз-қалпында: ТАЖАЛмен ТАЙТАЛАС

aenkneknknknkn COVID-19: Соңғы поштадан...

Atr.kz/16 қазан, 2020 жыл. Жасым алпысты алқымдап қалса да, осы уақытқа дейін ауырып, аурухана төсегіне таңылып көрмеппін. Көктем, күз айларында соғатын тұмаудың да телпегін теріс кигізіп, аяқүсті өткізіп жіберетінмін.

Дәрігерді жағалап, ем алып жүрген құрдастарыма: «қайдағы жоқ ауруды шақырып, күндеріңнен бұрын не бастарыңа ат теуіп жүр?!» деп әзіл-шыны аралас біраз «сілкіп» алатын едім. Сол бір астамшылығым Құдайдың құлағына шалынды ма, маусым айының аяғында омақаса құладым. Біразға дейін «әуселеңді көріп алдым» деген пиғылмен аурумен біраз ерегістім. Сөйтсем, уақыт өткізіп алыппын. Ақыры, қызуым көтеріліп, тынысым тарылып, жан алқымға таялғанда «жедел жәрдем» шақыруға тура келді. Сөйтіп, облыстық аурухананың провизорлық орталығынан бір-ақ шықтым.

 Ғайыптан пайда болған бөгде ғаламшарлықтар секілді бірыңғай қорғаныш киімдерін киіп, бет-аузын тұмшалаған өңкей бір түстес адамдар қоршап алып, менімен шындап «айналы­са» бастады. Көзәйнектің арғы жағынан жылтыраған көздері біртүрлі сұстылау көрінеді. Бәлкім, маған солай көрінген болар. Бақсам, олар дәрігерлер мен медбикелер екен.

– Алып жатқан еміңіздің «эффектісі» шамалы болып тұр. Сондықтан тағы да сараптама­дан өткізіп, қарсы әсері болмаса, басқа антибиотик қолданамыз, – дейді маған тәптіштеп түсіндіріп. Менде бас изеуден басқа дәрмен жоқ.

Сонымен, үміт пен күдік арпалысқан өң мен түстің арасындағы ауруханадағы сүреңсіз күндерім өтіп жатты. Жансақтау бөлімінен «фильтр» деп аталатын екі кісілік бөлмеге ауыстырды. «Өліп бара жатыр­мын, тез укол сал, тыныштанды­ратын дәрі беріңдер» деп аузы бір жабылмайтын мазасыздау көршімді басқа жаққа алып кетіп, әйтеуір құлағым тыншығандай болды.

Кешкісін тағы бір науқасты қасыма әкеліп салды. Кезінде мұғалім болған ақсақалдың сөзі түзу, бекзат болмысы да көзге ұрып тұр. Ауруы жаны­на батып жатса да маған іш тарта сөйлесіп қояды. Қасына медбикені шақырып алып, өзінің ұялы телефонын беріп, сондағы біраз номерге қоңырау шалдыр­ды. Бала-келін, қыз-күйеулері таң атысымен қажетті дәрілердің бәрін жеткізетіндерін айтып, самбырлап сөйлесті. Ал, таңға жақын үлкен кісінің жағдайы нашарлады. Біреулердің атын атап, сандырақтап сөйледі, жан­таласып, аласұрды. Кезекші дәрігер келіп, тыныштандыратын екпе салуға пәрмен берді. Сәл мызғып алған ақсақал дауыс- тап тазалықшыларды шақырып, үлкен дәретке отыруға көмек сұрады. Кереуеттің үстінде аяғын салбыратып отырған қарттың жүзі біртүрлі нұрланып кеткен­дей көрінді. Соның арасынша медбикелер де келіп, тамыры­на система қойып кетті. Бір қарасам, системаның инесін су­ырып тастап, қария шалқасынан жатыр. Ешқандай қимыл, ты­ныс алу байқалмайды. Енді бір сәтте көрші атаны медбике, тазалықшылар болып жылжыма­лы кереуетімен сүйреп бара жат­ты, беті ақпен жабулы. Жүрегім оқыс дір етті. «Ажал – қас пен көздің арасында деген осы екен» деп ойладым…

Система алып жатқан кезімде медбикелер келіп: «Сізді палатаға ауыстырамыз» деп, кереуетіммен

 Сөйтсем біреуі: «аға, бұл жер­де хуже, анда желдеткіші бар, жақсы болады, ауруханада адам өлмеген бұрыш жоқ» деп жұбату айтты. Армиядағы казарманы көзге елестететін палатада он бес шақты адам қаз-қатар жатыр екен. «Кемедегінің жаны бір» де­гендей, зейнет жасына енді жет­кен бір ағамыз «бұрын бір жерде кездескенбіз, есіңде ме?» деп, мені айналшықтап шықпайды. Сақылдатып шәй қайнатып әкеліп, «іш» дейді, бір-екі ұрттап қоя саламын. Өйткені, тамаққа ешқандай тәбетім жоқ. Үйден күн сайын келіп тұрған ыстық сор­паны да сол күйінде ауыз тимес- тен тазалықшылардың қолына ұстатамын (әрине, үйдегілер мұны білмейді).

Бір күні кереуеттес ағам (та­нымал адам болғасын аты-жөнін көрсетпедік):

– Нұрымжан, бұлай жата бе­руге болмайды. Тұр орныңнан, – деді қату дауыспен. – Мына сорпаны менің көзімше үш ұртташы…

Бұл жолы даусы сәл жұмсақтау шықты. Айтқанын істедім.

– Ішкің келмесе, жата тұр!..

Сәлден соң тағы тұрғызып, үш ұрттатты. Сөйтіп, бір кесе сорпаны әрең тауысып, сәл маңдайым жіпсігендей болды. «Әуелі Алла, сосын сол бір жаны жайсаң ағам өмірімді ұзартып, туралап келген ажалдан араша­лап қалды-ау» деп, ес жиған соң тәубеме келдім.

Ал, енді айтсаң да, айтпасаң д а , ау а д а қ а л ы қ т а ғ а н а қ көбелектей ұшып жүрген ақ ха­латты дәрігерлерге бәс жетпейді ғой. Дәл жанымдағы адам: «жоғары қабатта әйелім жатыр, соның қасына барамын» деп ауы­сып кетті. Екінді мен ақшам ара­сында екі иінінен демалған, ауыр тынысты тағы бір еңгезердей науқасты жанымдағы бос орынға салып, дереу жасанды дем беру тетігіне қосты. Менен су сұрап ішті. «Қайдан көрдім сені?!» дегендей, тесіле қараған өткір жанары өңменнен өтіп барады. Біртүрлі тіксініп қалдым. «Бәрі жақсы болады, неге әбіржіп тұрсың?» деп, телефон арқылы әйелінің қоңырауына жауап берді. Содан іле-шала «әкешім, әкешім» деген әуен ұялы байланыста біраз тұрып алды. Бәлкім, әкесін ойлап, шыбын жаны шырқырап хабарласқан тілекші қызы бо­лар. Бірақ, телефонын көтермеді. Онсыз да дімкәс жүрегіне салмақ түсірмейін деген болар, бәлкім!..

Бірте-бірте тынысы тары­ла бастады. Медбикелер де: «мұрныңызбен дем алыңыз, көзіңізді ашыңыз» деп орамалмен желпіп, шыр-пыры шығып жа­тыр. Бір ышқынып барып, соңғы демін үзді. Менің қожанасырлау ағам түнгі төртте сарнатып, дұғасын оқып жатыр. Мен шыдай алмай, әрі ерсі көріп: «мұныңыз не, бәлкім әлі ол кісінің көрер жарығы таусылмаған болар» деймін өлімге қимай. Ал, ол кісі жайбарақат: «жаназасын оқыған сауап болады» деп қарап тұр…

х х х

Пандемияға байланысты ар­найы жабдықталған орталықта тұп-тура 21 күн жатып, 14 келі салмақ жоғалтып, үйге сұранып шығып, қосымша емді жалғастырдым. Күндіз-түні бір тыным алмайтын дәрігерлер м е н о рт а бу ы н м ед и ц и н а қызметкерлерінің еңбегіне тәнті болып, олар қандай құрметке де лайық екендіктеріне көзім жетті. Кезекті операциядан шыққан кезекші дәрігер:

– Сілем қатып тұр. Аздап болса да көз шырымын алайын деп едім, жансақтау бөлімі бос па? – деп, өзімен бір ауысымдағы м ед б и кед е н с ұ р а ғ а н ы н ө з құлағыммен естідім. Соның ара­сынша: «шұғыл жетіңіз, жедел жәрдеммен ауыр науқас түсті» деген хабар жетті.

Ауруханадан шыққасын бір ай бойы қаладағы пәтерде оқшауланып, ем қабылдадым. Бірнеше күн өтіп, өз-өзіме кел­геннен кейін кешкі астың үстінде күтуші міндетін атқарып жүрген зайыбым сәл қуыстанып:

– Сен ауырып жатқанда біраз адам бақилық болып кетті. Соны айтсам ба, айтпасам ба, білмей отырмын, – деді.

– Неге айтпайсың, жүрегім жарылып кетер дейсің бе? Мен өліктермен бірге жатып келген адам емеспін бе?..

Ол қинала-қинала көзіне жас ала отырып, 11 адамды тізбелеп айтып, қазаны естіртті. Бас-аяғы айға жетпейтін уақытта ең жақын араласатын осыншама қимас жандардан айырылу оңайға соққан жоқ. Тіпті, қапелімде сенгің де келмейді. Бәрі де сол қапысын тауып, қамсызды баудай түсіріп жатқан «пандемия» деген пәлекеттің құрбанына айналған. Бұған қалай өкінбессің? Бұл кім- кімді де ойландыруға тиіс!..

Қ а й д а ғ ы б і р қ а ң ғ ы ғ а н тозаң бар адамды бір тарының қауызына сыйғызып, тәубесіне келтірді. Орманда алапат өрт болған жағдайда бір-бірін ата жау санайтын аң біткен ұжымдасып, достасып, бір бағытқа қашып, тілсіз жаудан қорғануға әрекет жа­сайтындары сияқты, бұған дейін кекірігі азып кердеңдегендер де, айлығы шайлығына жетпей жүрген әлеуметтік аз қамтылған топтар да бір-бірімен теңесіп, індетпен күреске жұмылды.

Ке й б і р еул е р д і ң б а н к ке салған көк қағаздары өмірлерін арашалауға жарамай жатты. Спортты серік еткен небір апайтөс азаматтар да аңдаусызда ажал құшты. Айтқан ақыл- кеңеске құлақ аспай, ерегісіп, қисайған жағынан тұрмайтын кейбір қиқар мінезділер (сөзіміз ауыр болмасын) де тілге кел­мей жантәсілім етті. Бұл нені көрсетеді?

Д е м е к , а ж а л а д а м таңдамайтыны дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. «Жығылғанға ж ұ д ы р ы қ » д е г е н д е й , о с ы пандемияны пайдаланып, көзі қат дәрілерді бірнеше есе қымбат бағасына сатып, аяқ астынан бай­ып кетуді көздеген пысықайлар да төбе көрсетіп қалды. Жиған- тергенін қайырымдылыққа жұмсаған жомарт жандар жөнінде әңгіме басқа. «Біреуге мал, біреуге жан қайғы» деген осы.

Қазірдің өзінде Еуропа елдерінде басталған қатерлі індеттің екінші толқыны біздің елімізді де айналып өтуі екіталай. Әсіресе, Атырау аймағы алыс- ж а қ ы н м е н т ы ғ ы з қ а р ы м – қатынаста. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жағдайды саралап, өткеннен сабақ алу жөнінде барлық мемлекеттік органдарға нақты тапсырма беріп, бақылауында ұстап отыр. «Қажетті дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, ауруларды қабылдайтын арнайы орындар дайын» деген ресми ақпараттарға сенгің-ақ келеді. Оны енді уақыт көрсетер…

Бастысы, «негізгі күш – халықта» деп мемлекет басшы­сы айтқандай, әр адам өз саулығы үшін өзі күресуі шарт. Ол үшін қарапайым санитарлық тазалық, сақтық шараларын сақтаған жөн.

Осыны түсінетін уақыт жетті. Өкінішке қарай, есігімізді қағып тұрған зілзаладан айылын жимай, қаннен қаперсіз жүріп жатқандар аз емес. Мәселен, қоғамдық көліктегі жолаушылардың дені бетпердемен отырғанда, кейбіреулер қымсынбастан сағызын шайнап, жайбарақат тұрады. «Жастарға сөз шығындап опа таппаспын» дей ме, жол- серіктер де, жолаушылар да көрсе де көрмеген болып, әлгі тәртіп бұзғандарға бір ауыз ескерту айтуға жарамайды. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» де­ген қазақтың мақалы осындайға қаратылып айтылса керек. Кездескенде көшеде тұра қалып, сүйісіп амандасатындардың да мишықтарына ештеңе кіріп шықпайды. Сондықтан, осын­дай жағдайларға да ұсақ-түйек деп қарамай, індеттен сақтану мақсатындағы баршаға бірдей қойылып отырған талап пен міндеттің бұлжытпай орындалу­ына атсалысқанымыз жөн. Сонда ғана баса көктеп, алға ұмтылған пандемияның тұмсығы тасқа тиіп, тауы шағылар еді.

х х х

…Көп болса бір апта жа­тып, емделіп шығармын деп тап болған ауруға (пневмония) жеңіл- желпі қарап барған мен күн өткен сайын жағдайым қиындай бастағанын сезіп, көңіліме шын қорқыныш кірді. Әп-сәтте бүкіл өмірім санамда сағымдай сырғып өтті. Өң мен түстің ара­сында жатып, тілімді кәлимаға келтіріп, Жаратушы Алладан рахым сұрадым. Тілеулес дос- тарым да отбасыммен хабар­ласып, жүрегіне иман ұялаған кейбіреулері маған арнап дұға тілегін арнаған. Осының бәрін сана сүзгісінен өткізіп: «бір- біріміздің қадірімізді біліп, тірлікте сыйласып өтейікші, дос-туыстарым» дегенді жан жүрегім елжіреп, іштей сан рет қайталадым.

Иә, ақиық ақын Мұқағали айтпақшы:

Бекер ғой бәрі, бекер ғой, бәрі бекер ғой,

Өмір дегенің бір күндік сәуле екен ғой!..

P.S.

Тұтқиылдан шабуылдайтын жымысқы жаудай, ізімізден аңдып жүрген індеттен сақтанып, болашақта қателіктерге, теріс түсініктерге бой алдырмасын де­ген ізгі ниетпен осы мақаланы жазғанды жөн көрдім. Әйтпесе, ауырып, жазылып шыққан жалғыз мен емеспін ғой…

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз