«Өзгерісті әркім өзінен бастауы керек»

Дін Жаңалықтар Журналистік зерделеу Сұхбат

Аtr.kz/22 маусым, 2020 жыл. Назарларыңызға Атырау облысының Бас имамы Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫМЕН сұхбатты ұсынамыз.

 – Елордада өткен республикалық имамдар форумы руханият әлеміне үлкен сілкініс әкелді десек те бола­ды. Осы орайда мүфтият тарапынан жуырда қабылданған «Жеті рухани қазық» Рухани тұғырнамасына ар­найы тоқталып өтсеңіз.

– Рухани тұғырнамада көтерілген әрбір жайт ислам тұрғысынан негізделіп көрсетілген. Ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған са­лауаты мен сәлемі болсын) «Мен көркем мінезді кемелдендіру үшін жіберілдім» деп, ислам дінінің негізгі мақсаты адамзат баласын көркем мінез-құлыққа тәрбиелеу екенін баяндаған. Жүсіп Баласағұн бабамыз «Кісіге екі дүниеде пайдалы – ізгі іс немесе мінезі түзулік» деген. Ислам дінінде мұсылман баласын ізгілікке, адамгершілікке жетелейтін, көптеген асыл қасиеттер бар. Атап айтар болсақ, шынайы мұсылман – дін талаптарына бекем, жүрегі таза, рухани тұрғыдан жан-жақты жетілген тұлға болуы тиіс.

Тұғырнама мазмұнында исламның асыл құндылықтарын темірқазық ет­кен дана бабаларымыздың адамның имандылығына, кісілік қасиеттеріне ерекше көңіл бөлгені сөз етіледі. Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік етуі, қартаюы, ата мен баланың қарым-қатынасы, үлкенді-кішілі сыйластық, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді қасиеттер имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі ретінде назар­дан тыс қалмаған. Қоғамда берік қалыптасқан осындай көргенділікпен өмір кешу дағдылары жинала келіп, барша адамгершілік қағидалардың жазылмаған заңдылығына айналған. Бойында асыл қасиеттері бар жасты «тәрбиелі» деп, жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін, әрдайым жақсылықты ойлайтын адамды «иман­ды» деп атаған.

Рухани тұғырнаманың негізгі өзегі ретінде қандай дүниелерді атап өтер едіңіз?

– Құран Кәрімнің алғашқы түскен аяты «Оқы!» деген сөзден басталады. Демек, білім алу – исламдағы басты парызға жатады.

Білім алу, сауат ашу – Ислам дінінің ең басты талабы. Құран Кәрімнің көптеген аяттарында білім жай­лы айтылған. Қасиетті Құранда: «Алла Тағала араларыңдағы иман келтіргендер мен білім иелерінің дәрежелерін көтереді» («Мүжәдәлә» сүресі, 11-аят) деп білімді болудың артықшылығын білдірген.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім алу әрбір мұсылманға (ер мен әйелге) парыз», – деген. Расында, мемлекетті құраушы күш оның азаматтары. Әр адам бәсекеге қабілетті болу үшін үздіксіз дамып, өзін-өзі жетілдіріп оты­руы тиіс. Озық ақпараттық техноло­гиялар билік құрған заманда бәсекеге қабілетті жекелеген мемлекеттер ғана алпауыттарға жұтылмайды.

Дүние мен ақырет тізгінін тең ұстау мәселесі де біздіңше ерекше назар аударуға тұрарлық. Рухани тұғырнамадағы өзекті ойды құраған осы мәселе туралы не айтар едіңіз?

– Адал еңбек ету, игі іс істеу бір- бірінен ажырамас ұғым. Шариғатта ғибадат істермен қатар адал кәсіп, от­басы, қоғам алдындағы жауапкершілік секілді дүние істері бірге жүреді.

Қасиетті аятта: «Намазды оқып болғаннан соң жер бетіне тарап, Алланың нығметінен өздеріңе ырыздық-несібе іздеңдер. Алла­ны көп еске алыңдар, табысқа жетерсіңдер» («Жұма» сүресі, 10-аят) деп құлшылықпен қатар еңбек етуге, адал табыс табуға шақырған.

Рас, адал еңбегімен мал тауып, өз күнін көру – ата-анаға, туыстарға масыл болғаннан әлдеқайда қайырлы.

Ата-анасын, әйел, бала-шағасын және туыстарын нәпақамен қамтамасыз ету – отағасының міндеті. Әрбір мұсылман оған селқос қарамай, мойнына жүктелген борышын жауапкершілікпен орындауы тиіс.

Ислам дінінде адал жолмен табыс та­уып, еңбек етуге айрықша мән берген. Адал жолмен, маңдай термен табыс табу екі дүниені де абат қылатыны ескертілген. Жалпы, шариғат бойын­ша, адал еңбек етудің өзі дұғаның бір түрі екенін ұмытпаған жөн. Сондай-ақ, «Халал еңбек ету – әр мұсылманға па­рыз», «Халал табыс табу үшін шыққан адам жиһадта жүрген кісі тәрізді», – деген ардақты Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылман қауым үшін адал еңбектің қаншалықты маңызды екендігін де саралап тұрып айтып кеткен. Хакім Абай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп, еңбек етуге, адал табыс табуға өсиет еткен. Рухани тұғырнаманы оқып отырған адам ондағы сүбелі ойлармен және оның бүгінгі күн тұрғысынан өзекті екендігімен еріксіз келіседі деген пікірдеміз.

Мәселен?

– Айталық, қоғамдық орта­да мәдениетті болу, өзін ұстай білу, үлкендерді сыйлау, оларға құрмет көрсету, сәлемдесу, сыпайылық таныту – рухани байлықтың көрсеткіші емей немене?! Қазақтың қанға сіңген дәстүрі бойынша кісіні сыйлау, құрметтеу – әрбірімізге міндет. Бабаларымыз баланы бесігінен-ақ жақсы әдептерге баулыған. Ислами әдепті бойына сіңіру арқылы әрбір мұсылманның мәдениеттілігі артады. Әдептілік – ғұмырыңды ұзартып, берекеге кенелтеді.

Қасиетті Құранда: « … Ол Алла сендерді жерден жаратты әрі сол жер бетінде өмір сүріп, оны көркейтулеріңді қалады…» («Һуд» сүресі, 61-аят) дейді.

Абдулла ибн Омар: «Пайғамбар ұятсыз сөз айтпайтын және әдепсіздік істемейтін» деп айтатын.

Абай атамыз «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан бола­ды» деп, мәдениеттіліктің мәнін ашып көрсеткен.

Адамдар әлеуметтік ортада өмір сүргендіктен, бірқатар қоғамдық тәртіп ережелеріне бағынуы тиіс. Ай­наланы таза ұстауға, қоғамдық орын­дарды ластамауға, сондай-ақ өзгеге зиян келтірмеуі тиіс. Дінімізде тазалық – иманның жартысы делінген. Ислам діні тазалыққа, ұқыптылыққа үлкен мән берген. Әрбір мұсылман қоғамдық ортаның әдебінен аттамай, басқа адамдардың ренішін туғызатын іс- әрекеттен аулақ болуы тиіс.

Әділдік – ізгіліктің өзегі. Әділдік жоқ жерде береке бола ма? Алла Тағала әрбір жаратылысты өз өлшемімен әділ жаратқан. Қоғамдағы қиянат пен жемқорлықтың жолын бөгейтін күш ол – әділдік. Әділдіктің салта­нат құруымен ғана қоғам өркендейді.

Қ а с и е т т і Қ ұ р а н д а : «Әділ болыңдар. Шын мәнінде Алла Тағала әділ болғандарды жақсы көреді» («Хужу­рат» сүресі, 9-аят) деп бұйырады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Расында әділ болғандар қиямет күні нұрдан жаратылған мінберлерде болады …» (Имам Муслим) деп, әділдікті ұстанғандарға айрықша мәртебе берілетіндігін айтқан. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің өмірінің соңына дейін әділдікті, адалдықты насихаттап, басқаларға іс жүзінде үлгі бола білді. Одан тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге алған сахабалардың өмірі де әділдік пен адалдыққа негізделді.

Хакім Абай «Кімде-кімнің әділдігі жоқ болса, оның ұяты да жоқ» деп әділдікті адами құндылықтардың өзегі ретінде көрсеткен.

Мұсылманның ішкі жан дүниесі мен сырт келбеті, барлық іс-әрекеті әділдікке негізделуі тиіс. Төле би ба­бамыз «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп, туралыққа, әділ болуға шақырған.

Жалпы алғанда, ел болу үшін өзгерісті жеке басымыздан бастағанымыз дұрыс. Елге деген, еңбекші қауымға деген, мемлекетке, болашаққа деген дұрыс көзқарас қалыптастыра білуіміз керек. Өзін тәрбиелей алмаған жанның өзгелерді тәрбиелеуі мүмкін емес.

Ендеше, ізгілікке әуелі өзімізді баулу арқылы өзгелерге үлгі бола білуіміз керек. Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазіреттің «Өзгерісті өзіңнен баста» деп қоғамға ой таста­уы да сондықтан. Жоғарыда тілге тиек етілген жайттарды әрдайым назарда ұстасақ, етек-жеңі жинақы, еңселі ел болуда өз септігін тигізеді деген ойдамыз.

Ұрпақ тәрбиесі мәселесінде қандай дүниелер назардан тыс қалып жатыр?

Ел болу, тәуелсіз мемлекет құру идеясы қаймана қазақтың о ба­стан асқақ арманы болып келді. Қазақстанның тәуелсіздік тұғырында нық орнауы оның болашағын сомдайтын бүгінгі жас өркеннің тәрбиесімен тығыз байланысты. От­басында ертең ел тізгінін ұстайтын азаматтарды тәрбиелеу ісіне де­ген жауапкершілікті бір сәтте де естен шығаруға болмайды. Бесік сөзі тәрбиенің ұлттық сипатта болуы қажеттігін аңғартатындай.

Бүгінде осы ұлық міндеттің көп салмағын мұғалім мен ата-ана бірлесе көтеріп келеді. Анығында айдарлы ұл мен қылықты қыздың тәрбиесіне қоғам өкілдері тұтас жауапты. Мек­теп, ата-ана, ұстаз үштігінің бала тәрбиесіндегі рөлін әрдайым бекем­дей білген дұрыс. «Баланы өз дәуір талаптарына қарай тәрбиелеңдер» деп әзірет Әли (р.а.) айтқандай, бала заман талабына сай білім алуы тиіс. Әрине, біліммен қатар тәрбиені де лайықты түрде бере білсек, нұр үстіне нұр болар еді. Бала тәрбиесінде оның рухани толысуы да ерекше мәнге ие.

Десе де, кейде Әл-Фарабидің « Т ә р б и е с і з б е р і л г е н б і л і м қоғамға зиянын ғана келтіреді» дегенін назардан тыс қалдырып жатқандаймыз…

– Б а л а н ы ң м ұ с ы л м а н д ы қ тәрбиесінде оны қаршадайынан адалдыққа, еңбекқорлыққа, тазалыққа, білім ізденуге, дене шынықтыруға, өз жынысына сай еңбек түрлеріне баулудың мәні зор. Ардақты Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) ұл баланы күреске, жүзуге, садақ атуға, жүгіруге баулу керектігін өсиет еткен.

Қыз баланы да ұлдан кем көрмей білім алуына жағдай жасаған дұрыс. Дегенмен «Қызға қырық үйден тыйым» демекші, оның жүріс тұрысын жат көздерден қорғау да қамқоршылары мен жақындарына үлкен жауапкершілік жүктеген. Мек­теп қабырғасында өсіп келе жатқан жасөспірімдер проблемалары оларға көп көңіл бөлу керектігін аңдатуда.

Жастар арасындағы әлімжеттік, өз-өзіне қол жұмсау, ерте жүктілік, ерте неке қидыру, оқуды тастап кету, арақ, есірткі секілді жаман әдеттерге үйірсектік, ата-аналарынан безіну, діни жіктелу бұлардың барлығы да оларға көңіл бөлудің аздығы мен тәрбие беру жүйеміздің нашарлағандығында. Оқушыларды қандай жағдайда да мем­лекет қамқорлығымен тегін білім алу­дан шеттетуге болмайды. Әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен ай­налысатынына қатаң бақылау жасаса, жастар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне көп септігін тигізер еді.

Сұхбатымызды қорытындыласақ…

– Қазақта «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген керемет сөз бар. Қай уақытта да, қай ғасырда да өзектілігін жоймайтын бұл сөз – болашағымыздың жарқын болуы бүгінгі бірлігімізге тікелей байла­нысты екенін білдіреді. Бірлігімізге бекем болсақ, болашағымыз баянды, берекелі болары хақ.

Сұхбаттасқан: Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған