«Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген»

140 1500635649 Жаңалықтар

Atr.kz/25 қараша, 2019 жыл. Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Жоламан Аралбаевтың 75 жас мерейтойына орай өткен шығармашылық көрмесі осылай деп аталды.

Қылқалам шеберінің шығармашылығын кеңінен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған көрменің ашылу салтанатында аталмыш музейдің директоры Төлеген Орынбасарұлы сөз сөйлеп, Жоламан Аралбайұлының  бейнелеу өнерінде сіңірген еңбегі туралы айтып, оның туындыларын жұртшылыққа насихаттау қажеттігіне тоқталды.

Жоламан Аралбаев 1944 жылы 10 маусымда Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданында дүниеге келген. 1972 жылы Н.Гоголь атындағы көркемсурет училищесін бітірген. Қылқалам шебері Германия, Венгрия, Югославия, Оңтүстік Корея, Сингапур, Бирма, Малайзия, Алжир, Марокко, Тунис, Пәкістан елдерінде өткен көрмелерге қатысқан. Шығармашылық жұмыстарына арналған көрмелер еліміздің бірқатар қалаларында да өткен.

Жиын барысында кеш иесінің өнердегі әріптестері ҚР Суретшілер Одағының мүшелері Бақтыгерей Телеубай мен Қамбарбек Аманов сөз сөйлеп, мерейтой иесін құттықтады. Сондай-ақ, «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» атты өнер иесінің шығармашылық өмірінің әр кезеңінде, кесінкідеме  және графика жанрында жазылған еңбектерінің топтамасынан жасақталған жинақтың тұсауы кесілді. 

– Жоламан – суретшілердің жетекшісі. Біз бәріміз суретшілікті содан үйренгенбіз.  Бүгінде одан да жақсы суретшілер бар шығар. Алайда, алғашқы ұстаз болудың өзі үлкен талантты аңғартады. Қарапайымдылық пен кішіпейілділік өнер адамының басты қасиеті болуы керек.

Міне, осы қасиеттер арқылы Жөкеңнің туабіткен болмысын аңағарамыз. Біз Жөкеңнің туындыларынан ұлттық рухты көтеретін мұрат-мүдделерді көреміз. Оның композицияларынан халқымыздың тұрмыс-тіршілігіндегі әже-аналарымыздың еңбектерінің жемісінен пайда болған туындылары құрақтан жасалған көрпелерінің көзге іліне бермейтін реңдік үндестіктерінің жаңаша түрін  байқаймыз, – деген ҚР Суретшілер Одағының Атырау облыстық филиалының төрағасы Айса Отаралиев Жоламан Аралбайұлын «Қазақстанның бейнелеу өнеріне сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.

Сонымен қатар, бұл кеште  белгілі өнер иелері Илья Жақанов, Сағын Абзалов, Исім Арыстанов, Кеңес Әйіпқалиев және Мұхтар Шеруеновке ҚР Суретшілер Одағының мүшесінің куәлігі табыс етілді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз