Кооператив құруға кедергі көп

8d931d15688cdc9c54b6e1fe30a3b41b XL Жаңалықтар

Бүгінде аймақта 16 ауыл шаруашылық кооперативі құрылған. Олардың біреуі сүт, қалғаны ет өндірісін дамытуға бағытталған. Жыл соңына дейін Қызылқоға мен Құрманғазы аудандарында тағы да үшеуін ұйымдастыру жоспарланған. Әйтсе де, мемлекеттің қаржылай қолдауына ие болу үшін кооператив мүшелерінің саны тиісті 20 адамға жетпей отыр. Неге?

8d931d15688cdc9c54b6e1fe30a3b41b_XL

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Серік Сәрсекеновтің айтуынша, істі ілгерілетуде Атырау қаласы мен аудан әкімдіктері немқұрайлылық танытуда.

Құрылған кооперативтердің тек алтауы ғана қажетті мал сою, сүт қабылдау құралдарымен жабдықталған. Ал, Жылыой, Индер, Құрманғазы аудандарындағы «Құлагер-Т», «Бақ Дәулет», «Береке-2» бірлестіктерінде небәрі алты-ақ адам жұмыс жасайды. Демек, жоғарыда айтқанымыздай, олардың саны жиырмаға жетпейінше мемлекеттен көрсетілетін жеңілдіктерді пайдалана алмайды. Сондықтан, кооперативтерге жедел түрде мүше тарту керек. Екіншіден, ешбір кооперативтің жұмысына мониторинг жүргізілмейді. Мәселен, облыс орталығындағы «Атырау-Чифтлик» кооперативінің жылдық жоспары бүгінге дейін тапсырылмай отыр. Атырау қаласы мен аудандардағы жауапты қызметкерлер әр аптада есеп жүргізбейді.

Әйтсе де, кооператив өкілдерінің айтуынша, адам қарасын көбейткеннен ешнәрсе ұтпайды екен.  Айталық, 20 адамның басын қосу қиындық келтірмейді. Бірақ, олар ертең әрқайсысына бөлінген табысты азсынып, мүшеліктен шығып кетсе қайтеді? Шаруашылықтардың басын бір арнаға тоғыстырған соң оның басшылығы құрылымның болашағы үшін де жауапты.

Оның үстіне, сүттің әр литріне бөлінетін он теңге субсидия Құрманғазы ауданынан өнімді облыс орталығына тасымалдау құнын ақтамайды. Демек, оның  көлемін жүз теңгеге дейін өсіру қажет. Ақырында, мүйізді ірі қараның салмағы 380 келі болуы керектігі жөніндегі талап біздің өңірдегі мал тұқымына сәйкес келмейді. Міне, атакәсіп иелері осындай уәж айтады.

Амандық Абдол

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз