Кірме жолдағы КЕЛЕҢСІЗДІК жүргізушілерді мезі қылды

Ел жаңалықтары Жаңалықтар Журналистік зерделеу Экономика

Atr.kz/27 ақпан, 2020 жыл. Атырауда жүк пойыздарының рельстен шығып кету оқиғалары жиіледі. Жылжымалы құрамның соқтығысқан кезі де аз болмай тұр. Кірме жолдардағы тосын жағдай бақылаудың жоқтығы мен қадағалаушы мекеме құзыретінің шектелуінен орын алуда. Бұл осылай жалғаса бере ме?

Оқыс оқиғаның орын алу себебі Өткен жылы елімізде көліктің барлық түрімен жеткізілген жүктің көлемі өсті. Тасымалдауда теміржолдың да елеулі үлесі бар. Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы теміржол көлігін бақылау бөлімінің басшысы Сырымбет Костаевтың айтуынша, облыс аумағымен 855 шақырым магистралды теміржол желісі өтеді.

– Бүгінде Атырау облысы бойынша 179 кірме жол тіркелді. Соның 169-ында жұмыс жүруде. Осы кірме жолдардың көпшілігі жеке адамдардың иелігінде, – деді ол.

Президент Жарлығымен ш а ғ ы н к ә с і п к е р л і к субъектілерін тексеруге, профилактикалық бақылау мен қадағалау жүргізуге мораторий жарияланды. Бұл түрлі себеппен кәсіпкерлерді тексеруге жиі келетіндердің санын азайтты.

«Осы Жарлыққа сәйкес, шағын кәсіпкерлік нысандарының кірме жолдарында болған жылжымалы құрамның соқтығысу, рельстен шығып кету оқиғасы бойынша тексеру тоқтатылды» деді Сырымбет Костаев.

Мемлекет шағын және орта бизнеске зор қолдау жасауда. Тексеруге тыйым салу да осы мақсаттан туды. Алайда, оны кейбіреулер өзгеше түсінетін секілді. Теміржолдағы төтенше оқиғаларды соның мысалы ретінде айтуға болады. Кірме жолдарды күтіп ұстау соның иелері – кәсіпкерлердің міндеті саналғанымен, олар бұған көңіл бөлмей отыр.

Өткен жылы облыста жылжымалы құрамның соқтығысуы мен жүк вагондарының рельстен шығып кетуіне байланысты 8 дерек тіркелді. Ал, биылғы жыл басынан бері оның саны 4-ке жетті. Оның бірі – ірі, қалғаны шағын иелікке қарасты аумақта орын алды.

– Т е м і р ж о л д а ғ ы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қабылданған тиісті заңдылықтар бар. Оны сақтау, теміржолдарды жөндеу, күтіп ұстау маңызды. Өйткені, осындай олқылықтар адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіп төндіреді. Дегенмен, көптеген кәсіпкерлер қаржының тапшылығын сылтау етіп, мәселеге жеткілікті көңіл бөлмейді, – деді Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы теміржол көлігін бақылау бөлімінің басшысы.

Заңсыздық жасау әдетке айналды Мәселен, 5 ақпанда Индер–Мақат аралығындағы теміржолда төтенше жағдай орын алды. Жүк тиеуге арналған 5 вагон орта жолда рельстен шығып кетті. Оған шойын жолдың тозуы, ағаш шпалдардың шіруі себеп болды. «Индер теміржолы» ЖШС өткен жылы да осындай жағдайға кезігіпті. Әйткенмен, одан қорытынды шығармағанға ұқсайды.

Вагондардың рельстен шығу дерегі бойынша «Батыр – 2017» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «көштің» алдында тұр. Олар өткен жылы 3, осы жылы бір рет көлденең оқиғаға жол берді. Мамандар кінәлілердің жауапкершілікке тартылғанын айтады. Былтыр салынған 477 мың теңге айыппұлдың 95 мыңы осы құрылымға тиесілі. Жыл басынан бері тағы 50 мың теңге шығындады.

Коммерциялық ұйым аз ақшаны шыбын құрлы көрмей отырғанға ұқсайды. Өйткені, олқылықтардың орнын толтыруға ұмтылмауда. Ал, жергілікті көліктік бақылау инспекциясының өкілдері «біз серіктестік басшыларын шақырып, жиналыс өткізуден, заңдылықтарды түсіндіруден өзге жасайтын амалымыз жоқ» дейді.

Кірме жолдардың сын көтермейтіндігі, шпалдардың тозғандығы, кейбірінде Р-43 рельсі (бұл талапқа сәйкес келмейді) тұрғаны ешкімді мазаламайды. Жеке құрылымдар теміржолды жөндеу кезінде а р н а й ы м а м а н д а р д ы шақырмайды. Оны тұрақты қадағаламайтыны, тіпті қажет те етпейтіні белгілі болды. Сонда, оқыс оқиғадан адам зардап шексе кім жауап береді?

Біздің қоғамның басты балығы адам. Оның денсаулығына, өміріне қауіп төндіретін жағдайға жол берілмеуі қажет. Айтпақшы, бізде осы мәселеге байланысты Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының Көлік комитетіне жолдаған хаты бар. Оған келген жауапта «…шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне жылжымалы құрамның соқтығысу, рельстен шығып кету оқиғасы, авария мен апат салдары орын алған кезде инспекция тарапынан тексерулер, профилактикалық бақылау және қадағалауды барып жүргізуге тыйым салынады» деп жазылған. Яғни, кірме жолдағы келеңсіздік, күрмеуі қиын түйін әзірге тарқатылмайтын секілді.

Азамат БАЗАРБАЕВ

*Өткен жылы республика аумағымен тасымалданған транзиттік жүк тасымалының көлемі 20 млн. тоннаға жуықтады. Жүктің негізгі бөлігі, 17 млн. 500 мың тоннасы теміржол бағыттарының үлесіне тиесілі. Соның ішінде 11 млн. 500 мың тоннасы Орталық Азия аймағындағы елдерге жөнелтілді.

*Тасымалданатын жүктің негізі – мұнай, металл, химикаттар, сода, астық, тағы басқасы. Өткен жылдың транзиттік жүк көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 23 пайызға артып, 664 мың контейнерді құрады.

*Былтыр Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен 7,5 мыңға жуық контейнер тасымалданды. Бұл 2018 жылдағыдан екі есе көп.

*Еуразиялық трансқұрлықтық дәлізі тасымал құны жағынан тиімді. Өйткені, Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне қатысушы елдер жыл сайын барынша төмен баға белгілейді. Қазақстан аумағымен тасымалға 19 күн кетеді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған