КӨРШІМІЗДІҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАНДАЙ?

Сәрсенбі күні Президент жанындағы Қазақстанның орталық коммуникациялық қызметінде өткен брифингтің кезекті қонағы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев болды. Ол журналистердің өңірдің дамуы, экономикалық-әлеуметтік жағдайы, сонымен қатар өткір проблемаларына қатысты қойған сауалдарына барынша дәйекті жауап берді.

Бүгінде Батыс Қазақстан облысының еліміздің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 5,6 пайызды құрайды.
– 2012 жылдың нәтижесі бойынша жалпы өңірлік өнім 1 трлн. 700 млрд. теңгеге жетті. Бұл жан басына шаққанда 2 млн. 800 мың теңгені құрайды және ол республикалық көрсеткіштен 1,5 есеге артық, – деді Н.Ноғаев.
Баяндауынша, биылғы қаңтар-тамызда республика көлеміндегі өңір өнеркәсібі өнімінің үлесі тоғыз пайызды құрады. Бұдан бөлек республикалық көлемдегі өңірдің ауыл шаруашылығы өнімінің үлесі 4,7 пайыз деңгейінде болды. Батыс Қазақстанда балаларды (3-6 жас аралығындағы) мектепке дейінгі ұйымдармен қамту 95 пайызға жетіпті. Әйткенмен, апатты жағдайдағы мектептердің саны өңірде аз емес көрінеді. Облыс әкімі «Апатты мектептер бойынша алдағы жылы қаражат бөліп, мұндай мектептерді толығымен жоямыз. Атап айтқанда, келесі жылы бізде апатты жағдайдағы, үш ауысымдағы мектептер болмайды» деді.
Журналистер БҚ облысындағы ана мен бала саулығы, сәби шетінеуіне қатысты сұрақ қойды. Оған да өңір жетекшісінің тосатын жауабы дайын болып шықты. Айтуынша, облыста өткен жылы және биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша облыста ана өлімі тіркелмеген. Бала өлімі 12 пайызға төмендепті. Н.Ноғаевтың сөзіне қарағанда, облыста орташа өмір ұзақтығы 69 жасты құрап отыр. 2012 жылы 12 мың 500 сәби дүниеге келген.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз