ИНВЕСТОРЛАР ҮЙ САЛУДЫ ТЕЗДЕТЕДІ

Кеше аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов шетелдік «ABS MODULAR» ЖШС өкілдерін қабылдады. Компания өкілдері модульдік үйлер салуға арналған өндіріс жобасымен таныстырды.
Компания басшылығының түсіндіруінше, өнімдері сапалылығы әрі жайлылығымен ерекшеленеді. Типтік үйлерді шығарумен айналысатын кәсіпорын біздің облыста да осындай жобаны жүзеге асырмақ ниетте. Құрылымы берік болаттан әзірленетін болғандықтан 5-10 қабатты тұрғын үйлерді де салуға мүмкіндігі бар. Арзан құрылыс материалдарымен тұрғызылғанмен, сапасы өзгелерден кем түспейтініне сендірген мамандар бұл орайда бірнеше елде тәжірибесі бар екендіктерін жеткізді. Мәселен, типтік үйдің екі-үш бөлмелі пәтерінде екі санитарлық торап болады. Тіпті, бесжұлдызды қонақүймен қатар, бірнеше қабатты ғимараттар тұрғызған.

Таныстырылымда көрсетілгендей, аумағы 7 мың шаршы метр кеңсені шетелдік компания бар болғаны алты аптаның ішінде салған. Сондай-ақ, мекеменің коттедждер салуда да тәжірибесі аз емес.
Мұндай модульдік үйлердің тағы бір ерекшелігі, оған тартылатын жұмыс күші 80 пайызға төмен болмақ. Материалдары да қымбат емес. Осылайша, жаңаша жобаның артықшылығын айтқан компания мамандары жергілікті басшылық тарапынан туындаған сауалдарға да жауап қайтарды. «ABS MODULAR» құрылтайшысы Сағат Түгелбаев бүгінгі таңда келер жылы наурыз айында аяқталатын фабрика құрылысы жүріп жатқанын да мәлімдеді.

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз