Биыл Атырауда тағы 288 пәтер пайдалануға беріледі

6fc4b422c7f9340f233ee41dd44a5d3f Жаңалықтар

Аtr.kz/12 мамыр, 2020 жыл. Сонымен бірге, Атырауда «Бақытты отбасы» бағдарламасына өтінімдер қабылдау жалғасады.


«Бұл туралы Атырау қалалық әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы транспорты және автожолдар бөлімінің басшысы Рафхат Жолдиев мәлімдеді» деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.


«Ағымдағы жылы Атырау қаласында төрт тұрғын үй, яғни, 288 пәтер пайдалануға беріледі. Құрылыс аяқталуына қарай, тұрғындарға пәтерлер кезек ретімен беріле бастайды. Тұрғын үй кезектерін азаматтар электронды үкімет порталы арқылы бақылай алады» дейді спикер.


Белгілі болғанындай, өткен жылы Атырауда «7-20-25» бағдарламасына қатысуға 708 адам өтінім берген.
«Бұдан бөлек, «Бақытты отбасы» бағдарламасына 200 өтінім келіп түсіп, 70 отбасының өтінімі мақұлданды. Аталған бағдарлама биыл да жалғасып жатыр. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша наурыз айында өтінімдер қабылдауды бастаған болатынбыз.

Бірақ, елімізде төтенше жағдай режимі енгізілуіне байланысты, өтінім қабылдау уақытша тоқтатылды. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыс қайта қалпына келтіріліп жатыр», – дейді Атырау қалалық әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы транспорты және автожолдар бөлімінің басшысы Рафхат Жолдиев.


Еске сала кетелік, өткен жылы Атырау қаласында 246 пәтер тапсырылды. Оның ішінде, 173 пәтер көп балалы отбасыларға берілді. Биыл төтенше жағдай енгізілгенге дейін Атырауда 89 отбасы баспаналы болды.


Айта кеткен жөн, қазіргі таңда Атырауда 21 мың тұрғын пәтер кезегінде тұр. Олардың қатарында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, жетімдер, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылар, көп балалы отбасылар, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік сала қызметкерлері және тұрғылықты үйлері апатты жағдайда тұрған азаматтар бар.


Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз