БІРЛІГІ БЕКЕМ ЕЛДІҢ КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Конституциясының 20 жылдығына орай, 2015 жылды Ассамблея жылы деп жариялады. Осы орайда Астанада Қазақстан халқының форумы өтетін болды. Сондай-ақ, келер жылы Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезі өтеді.

Атырау облысының әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің төрағалығымен өткен Атырау облысы Ассамблеясының ХVІІІ сессиясында осы және тақырып төңірегіндегі өзге де маңызды мәселелер сөз болды.

Үстіміздегі жылдың 18 сәуірі күні Бейбітшілік және келісім сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Ассамблеяның ХХІ сессиясы «Қазақстан-2050: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» тақырыбымен өткен болатын. Бір ту астына бірнеше ұлт пен ұлыс өкілдерін біріктіріп, татулықты ту еткен тәуелсіз Қазақ елінің болашағы үшін бағыт-бағдар берген маңызды шара барысында Елбасымыз бірнеше нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Осы міндеттердің өңірімізде жүзеге асырылу барысын саралап, үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығындағы атқарылған жұмыс қорытындылары  жөнінде  жан-жақты   баяндап өткен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) төрағасының орынбасары Еркін Қадырғалиев: «Татулық пен келісімнің қазақстандық үлгісі біздің зор табысымыз және қоғамдағы бірлік пен толеранттылықты сақтап, оны нығайту – басты мақсатымыз. Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа қазақстандық патриотизмнің, ұлттық-мемлекеттік сәйкестіктің және ұлттық бірліктің нығаюына өз септігін тигізіп отыр» деп атап өтті.

Ассамблея алдына қойылған міндеттердің бірі – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, Қазақстанда тұратын өзге этностардың тілдерін дамыту. Бұл бағытта біздің облысымызда этномәдени бірлестіктердің өкілдерін мемлекеттік тілге оқыту тәжірибесі жалғасын тауып келеді. Жергілікті әкімдіктің есебінен жыл сайын 60 адам мемлекеттік тілді меңгеруде.

Сол секілді этномәдени бірлестіктер аймақтың мәдени өміріне де белсенді араласуда. Осы ретте елімізбен қатар, шетелдік сахналарда да өнер көрсетіп жүрген «Татулық» әйелдер хоры, «Балақай» балалар вокалды тобы, «Довира» ансамбльдерінің қосқан үлесі орасан. Сонымен қатар, ХХІ сессияда берілген тапсырмаға сай, ҚХА мен «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы екіжақты байланысты одан әрі дамыту мақсатында Меморандум қабылдады. Бұл маңызды құжаттың өз кезегінде ұлттық бірлікті қалыптастырып, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор үлес қосып отырғаны анық.

Бұл күнде өңірімізде 17 этномәдени бірлестік жұмыс жасауда. Әр бірлестік мүшесінің қоғам өміріне етене араласуын қамтамасыз ету мақсатында бірнеше саланы қамтыған жұмыс топтары құрылған. Ақсақалдар алқасы, «Алтын шаңырақ» әйелдер кеңесі, ұлттар бірлігін нығайту жөніндегі кеңес аймақта атқарылып отырған шаралардың қай-қайсысына болмасын кеңінен араласуда.

Ел Президентінің аймақтардағы Ассамблеялар базасын нығайтып, жаңа деңгейге көтеру туралы тапсырмасына орай, жыл соңына дейін Атырау қаласында Достық үйі салынып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Сессия барысында Атырау мұнай және газ институтының тәрбие жұмысы және жастар департаментінің директоры, осы институттың қоғамдық келісім Кеңесі төрағасының орынбасары Ұлдай Қойбақова, «Тхоньил» кәріс этномәдени бірлестігі  төрағасының орынбасары Людмила Ли, «Татулық» татар-башқұрт бірлестігі төрайымы Гүлсина Байкеновалар сөз алды.

Сессия жұмысын қорытындылаған аймақ басшысы: «Еліміздегі бірлік пен келісім –Елбасының кемел келешекке деген байыпты бағдарының нәтижесі. Осы жылдар аралығында еліміз де бірнеше сыннан өтті. Бір кездері құлдыраған экономикасы бар ел – бұл күнде дамып келе жатқан еңселі елу ел қатарында. Ендігі ортақ мақсат – озық отыздық. Бұл межеге жетуге аумағы үлкен, табиғи қазба байлық қорлары молынан  сақталған еліміздің мүмкіндігі мол. Үш тұғырлы тіл саясатын ұстану бағытында да аймақта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Балаларымыздың бірнеше тілді меңгерумен қатар, шетелдік білім ордаларында да білім алуларына мүмкіндіктері бар» дей келе, облыс көлемінде ауқымды шаралар атқарылып, инновациялық жобалар жүзеге асуда екендігін жеткізді. Сонымен қатар, облыс әкімі үстіміздегі жылы Ресей-Қазақ бірлескен форумының Атырау төрінде өтетіндігін, маңызды шараның өз мәнінде жүзеге асуын қамтамасыз ету мақсатында да жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқандығын айтып өтті.   

 

Жиын соңында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов ел бірлігі, этносаралық келісім мен татулығымыздың нығаюы жолында белсенді еңбек етіп жүрген бір топ азаматқа Алғыс хат табыстап, еңбектеріне жеміс тіледі. Қорытындысында, Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІІІ сессиясына қатысушылардың облыс тұрғындарына Үндеуінің жобасы қабылданды.

Гүлжан ӘМІРОВА.
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз