БАЛАЛАР САУЛЫҒЫНА – БАСА НАЗАР

Бүгінде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен игерілмей жатқан жер учаскелерінің мемлекет меншігіне кері қайтарылып жатқаны белгілі. Осыған орай, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жастарға аталған мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығы бизнесімен айналысуға кеңес берді. «Маған жоғары жалақылы жұмыс сұрап жекелеген азаматтар, соның ішінде жастар жағы көп келеді. Табыстың барлығы – ауыл шаруашылығында. Жастарымыз осыған назар аударуы керек» деген ұсынысын айтты облыстық мәслихат сессиясына арнайы қатысқан өңір басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Сессия барысында депутаттар тарапынан жан-жақты талқыға түскен мәселе негізінен мектеп оқушыларының денсаулығы және оларды ыстық тағаммен қамтамасыз ету жайы болды. Бұл жөнінде хабарлама жасаған облыстық білім беру басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиев Атырау, Құлсары қалаларынан және аудан орталықтарынан оқушыларға ас дайындайтын орталықтар салуды ұсынды. «Бұл сапа жағынан да, экономикалық тұрғыдан да тиімді болар еді» деді ол.
Еліміздің бірқатар өңірлеріндегі мектептерде жаппай улану фактілерінің тіркеліп жатқанына алаңдаушылық танытқан аймақ басшысы облыстың бас мұғалімінен ішкі жағдайды сұрады. «Мұндай фактілер бізде биылдыққа тіркелген жоқ» деген хабарламашы Берікқали Сәрсенғалиев бұл орайда барлық эпидемиологиялық талаптардың орындалуы мейлінше қадағаланып отырғандығын, сондай-ақ, тағам таситын көліктерге де санитарлық қадағалау құжатымен жүрудің міндеттелгенін айтты.
«Жас ұрпақтың уақыты көп жағдайда мектеп қабырғасында өтеді. Сондықтан да, оларды уақтылы әрі сапалы түрде ыстық тағаммен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару керек» деген облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің директоры Өмірзақ Зинуллин кәсіп ашқанына үш жыл толмаған асханаларды тексеруге заңның рұқсат бермейтіндігін айтты. Бірақ, бұл кәсіпкерлерді балалар алдындағы жауапкершіліктен босатпайды. «Сол себепті де мектептерде диетолог, технолог мамандар болса, тағам сапасын үнемі қадағалауда ұстауға мүмкіндік туар еді» дейді бас санитар. Сондай-ақ, ол өз кезегінде мектеп балаларының рационын дәруменді, минералды байытылған өнімдермен толықтыруды ұсынды. «Мәселен, сүттің және табиғи таза ара балының балалар ағзасына пайдасы зор», – деді ол.
Облыстық мәслихат депутаты Александр Думлердің ұсыныстары басқалардан өзгерек шықты. «Мемлекеттік сатып алу заңдылығының басты талабы сол – тапсырыс беруші неғұрлым төмен баға ұсынатын өнім жеткізушінің қызметін сатып алуы керек. Сонда 150 теңгеге бала қалай дұрыс тамақтанады?» деп мәселе көтерген ол осы жайтты оңынан шешу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, депутат облыстық білім беру басқармасының және оның аудандардағы бөлімдерінің жанынан тамақтандыру мәселесіне жауапты маман бекітуді ұсынды. «Бұл басқарманың негізгі міндеті, аты айтып тұрғандай, білім беру болып табылады. Сондықтан, балаларды ыстық тағаммен қамтамасыз ету мәселесі сала маманына жүктелсе, оқыс оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік туар еді», – деді депутат. Балалардың денсаулығы дұрыс тамақтанумен тікелей байланысты екенін айтқан ол «облыс орталығынан арнайы комбинат ашылса, маман дайындау мәселесі де күн тәртібінен алынар еді» деген ойымен де бөлісті.
Сессия барысында одан әрі облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім Қалауи хабарлама жасап, жұмыссыздар және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар үшін «Жастардың еңбек биржасы» орталығының ашылғанын айтты. «Ағымдағы жылдың сәуір-қазан айларында орталыққа үш мыңнан астам адам хабарласып, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне, арнайы семинарларға қатыстырылды» деген ол, жоспарланған жұмыстардың басым бөлігінің жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталғандығын айтты. «Отбасы жағдайы төмен, үлгерімі жақсы 89 студенттің оқу ақысын төлеу ұйымдастырылды, облыс басшысының қолдауымен 27 мектеп бітіруші түлек Ресей Федерациясының Уфа мемлекеттік мұнай-техникалық университетіне тегін оқуға жолдама алды», – деді хабарламашы Мейірім Қалауи. Сондай-ақ, «Жас Отау» жобасы аясында 90 пәтерлік тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары «Нұрсая» ықшамауданында жүргізіліп жатқандығы, тапсыру мерзімі алдағы жылдың алғашқы алты айына жоспарланып отырғандығы белгілі болды.
Қаралған мәселелер бойынша мәжіліс барысында сөз алған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов «тендерлерде бағаны мейлінше төмендетуді ойлағаннан бұрын, тағамдардың энергетикалық, калориялық құндылығына назар аудару керек. Ара балын, сүт өнімдерін, соның ішінде ешкі сүтін пайдаланған дұрыс» деп атап өтті. Одан әрі орталықтандырылған комбинат ашудың оңай іс еместігін айтқан ол балалардың денсаулық жағдайына қарай тамақтандырылатындығын айтып, қажетті мамандардың жетіспейтіндігі жөнінде тиісті Білім және ғылым министрлігіне ұсыныспен шығуға кеңес берді.
Сондай-ақ, сессия соңында академик Нәдір Нәдіровке және еңбек ардагері, қоғам қайраткері Әнес Бисеновке «облыстың Құрметті азаматы» атағын беру мәселесі қаралып, ұсыныс депутаттар тарапынан қолдау тапты.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз