Атырауда жол салу, жол жөндеу кезінде кемшіліктер жіберілген

EGOV Басты жаңалық Газет және оқырман Ел жаңалықтары Жаңалықтар Жаңғырту 3.0 Жолдау

Atr.kz/31 қаңтар, 2019 жыл. Ақаулар негізінен республикалық маңыздағы және жергілікті деңгейдегі жол құрылысына байланысты болып отыр.

Бұл туралы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының директоры Ербол Кенжешов мәлімдеді.

«Нақты айтқанда, өткен жылы технологиядан ауытқудың 80 дерегі анықталды. Ал, 36 дерек жол құрылысына пайдаланылып жатқан материалдардың  мемлекеттік стандартқа сәйкес еместігіне байланысты болып отыр. Дер кезінде тапсырыс берушілер мен мердігер мекемелерге ескерту беріліп, кемшіліктер уақытылы жойылды» деп нақтылады спикер.

 Филиал басшысының мәліметінше, былтыр облыстағы республикалық маңызға ие және жергіліктегі деңгейдегі жолдарға 559 мәрте тексеріс жүргізілген. Жол құрылысы материалдарынан 490 рет сынама алынған.

«Әсіресе, «Ақтөбе – Атырау – Астрахан» тас жолы қатаң бақылауда. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады. Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 1120 шақырым болатын республикалық, 2500 шақырым болатын жергілікті деңгейдегі автокөлік жолдарын сараптау көзделіп отыр» деді спикер Atr.kz-ге берген сұхбатында.

Еске сала кетелік, «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны өткен жылы құрылды. Оның   басты функциясы – автомобиль жолдарын салу, қайта жаңарту, орташа жөндеу, ағымдағы жөндеу, күтіп ұстау  кезіндегі жұмыстарға  және материалдардың сапасына сараптама жүргізу. 

Орталық республикалық маңызы бар жолдардан бөлек, жергілікті деңгейдегі жолдардың да сапасын тексеру құқығына ие.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған