Атырауда жиын-той өткізу әлі де тоқтамай тұр

COVID-19: Соңғы поштадан... Жаңалықтар Мәселе Не көріп жүрсіз? Қоғам Құқық

Atr.kz/29 шілде, 2020 жыл. Атырау облысында карантиндік режим шектеулерін бұзған 1042 дерек тіркелді. Солардың арасында көп адамның басын қосып құда шақырып, келін түсіргендер анықталды.

Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиевтің мәліметінше, Атырау қаласында 24 шілдеде үйінде көп адамды жинап, жиын-той, жанұялық шара өткізген 5 отбасы анықталған. Сол күні сағат 19:00 шамасында Балауса ықшамауданында 80 адам қатысқан құдалық, ал, сағат 23:10-да Тасқала ауылында бір отбасының келін түсіру тойы әшкереленген.

«Сондай-ақ, тексеру кезінде белгіленген шектеулерді орындамаған бірнеше дүкен мобильдік топтардың назарына ілікті. Мәселен, Вокзал маңы-5 ықшамауданында орналасқан «Алкомаркет», Томарлы ауылындағы «Фариза» дүкені сағат 21:00 кейін жұмыс істеп тұрса, Береке кентіндегі, Ширина, Ақ Жайық елді мекендеріндегі азық-түлік дүкендерінің сатушылары тұтынушыларға медициналық маскасыз, қолғапсыз қызмет көрсеткен. Полицейлер рейдтік шара кезінде Балықшы кентінде көлік жуу орнын, Вокзал маңы-3-А ықшамауданында «Куры гриль» дүңгіршегінің, Баймұханов көшесінде «Донерстан» қоғамдық тамақтану орнының карантин талаптарын бұзғанын анықтады» деді департамент бастығы Қамза Үмбетқалиев.

Оның айтуынша, карантин режимін бұзудың барлық дерегі бойынша жинақталған іс-құжаттар Атырау қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды. Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында карантин 3 тамызға дейін созылған еді.

“ҚазАқпарат”

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған