Атырауда республикалық қобызшылар байқауы басталды

1111 1 Жаңалықтар

Atr.kz/18 қараша, 2019 жыл.Бүгін Атырауда Қазақстан Республикасының мәдениетінің еңбегі сіңген қызметкері, өңірдегі кәсіби қобызшылар мамандығының негізін қалаушы Раушан Нұрпейісова атындағы ІІ республикалық байқау басталды.

Облыс әкімдігі, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі қолға алған өнер додасы Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияда ұйымдастырылуда.

Қазақтың қасиетті аспабын кеңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа, жеткізіп, жас таланттардың есімдерін анықтап, оларға қолдау көрсету арқылы қобыз өнерін қайта жаңғыртып, рухани байлығымызға айналдыру мақсатында өткізіліп жатқан байқауға еліміздің әр түкпірінен  барлығы 17 өнерпаз  қатысуда.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, конкурста Қазақстанның өнер саласында ресми атағы бар немесе өнер қайраткерімен қоса халықаралық конкурстарда  бас жүлде алмаған 15 пен 35 жас аралығындағы өнерпаздар  үш кезең бойынша бақ сынауда. Олардың  кәсіби біліміне, мамандығына шектеу қойылмайды.

Алғашқы кезеңнен өтпеген үміткерлер келесі кезеңдерге жіберілмейді.

«Алғашқы сында конкурсанттар міндетті түрде композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Мәкәлім Қойшыбаевтың «Өмір гүлін» орындауы қажет.

Сондай-ақ, өз таңдауы бойынша  еліміздің композиторларының қобыз бен фортепианоға арналған шығармасын және Батысеуропалық немесе орыс композиторларының ауқымды шығармасын ұсынады. Ал, өз таңдауы бойынша екінші кезеңде халық композиторларының өңделген күйін немесе әнін орындайды. Байқаудың бұл кезеңінде күрделі формадағы шығарма-концерт те бар.

Соңғы сында тізім бойынша Қазақстан композиторларының бір шығармасы сайысқа қатысушының өз таңдауы бойынша оркестрдің сүйемелдеуімен тыңдалады» дейді Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің басшысы Сағынтай Көпжасаров.

Конкурста қазылар алқасына ҚР еңбек сіңірген қайраткері Раушан Мұсаходжаева төрағалық етуде. Ал, қазылар алқасының мүшелігінде өнертанушы, Халықаралық конкурстардың лауреаты, композитор Еділ Құсайынов, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісінің  иегері Оңайша Қарашева, ҚР Мәдениет саласының үздігі «Үздік педагог» төсбелгісінің иегері Гүлмира Қуанышбаева және  ҚР Мәдениет қайраткері Рахила Ерғалиева бар.

Байқау ертең, 19 қарашада қорытындыланып, жеңімпаздар анықталады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз