Атырауда дәрі-дәрмекті қымбаттатқан дәріханалар анықталды

whatsapp image 2020 07 09 at 20.13.56 Жаңалықтар

Atr.kz / 10 шілде, 2020 жыл. Материалдар шара қабылдау үшін фармацевтикалық бақылауға жіберіледі.

Құрамына сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, «Адалдық Алаңы» жобалық кеңсесі, фармацевтикалық бақылау және қалалық әкімдіктің қызметкерлері кіретін мониторингтік топ бірнеше дәріханаға тексеріс жұмыстарын жүргізді. Бұған тұрғындардың Атырау қаласындағы 15 дәріхана туралы шағымдары негіз болған. 

Мәселен, «Байзар» сауда ойын-сауық орталығындағы «Зеленая» дәріханасында бағаны көтеру фактісі анықталды. Мұнда  «Канефрон»-ның  бір данасы 335 теңге, «Флемоксин Солютаб» препаратының бағасы 152 теңгеге өскен.  Ал, «На Гурьевской»  дәріханасында «Цефазолин» дәрісінің  бағасы  18 теңгеге қымбаттаған. 

– Мониторинг нәтижесі шара қабылдау үшін фармацевтикалық бақылауға жіберілетін болады.  Тұрғындардан осы мәселеге белсене қатысып, қандай да бір фактілер анықталған жағдайда  хабар беруін сұраймыз.  Дәрі-дәрмек бағасын шектен тыс көтергені үшін дәріхана басшылығы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабына сәйкес (фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналасы саласының қағидаларын бұзу) әкімшілік жауапкершілікке тартылады.  Оларға 70-тен 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін, – деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Самат Емберген. 

Еске сала кетейік, 8 шілде күні  ӨКҚ-нің баспасөз орталығында өткен онлайн-брифингте аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов дәрі-дәрмектің бағасы қатаң бақылауда екенін айтқан болатын.  Бақылау барысында  «Вердант» деп аталатын косметологиялық кабинеттің заңсыз әрекеті әшкереленді. Аталған кеңсе елімізде тіркелмеген фармацевтикалық өнімдердің жүзден астам түрін лицензиясыз сатып келген. 

– Облыста бірнеше бақылаушы органнан тұратын мобилді топ құрылды. Олар дәрі-дәрмек бағасының шекті мөлшерден аспауын қадағалайды.  Бағаны шекті мөлшерден асырғандар заң шеберінде жауапқа тартылатындығын ескертемін. Оларды анықтау жұмыстары жалғасады, – деді Атырау облысының әкімі.

Айта кетейік, тұрғындар дәріханалардағы дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуі бойынша  8 (7122) 35 42 10 байланыс нөміріне хабарласып, шағым түсіре алады. Егер дәрі-дәрмек бағасы туралы күмән туындаса, олардың негізгі шекті бөлшек сауда құнын DARI.KZ қосымшасы, ndda.kz сайты немесе Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бекітілген бұйрығы (adilet.zan.kz) арқылы тексеруге мүмкіндік бар.

«Атырау облыстық коммуникациялар қызметі»

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз