Атырауда халықты жұмыспен қамту бағдарламасы ойдағыдай жүзеге аспай отыр

Жаңалықтар Әлеумет әлеуеті

Аtr.kz/11 маусым, 2020 жыл. Биыл Атырау облысында«Еңбек» бағдарламасының арқасында 23 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.

Бұл туралы облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен жиында белгілі болды. Онда «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы мен еңбекақы берешегіне жол бермеу, сондай-ақ, электрондық еңбек шарттары талқыланды. Өңірде былтыр аталған бағдарлама шеңберінде 28 344 адам жұмыспен қамтылып, 5 млрд теңге қаржы игерілген. Жоспарланған шаралар толығымен орындалған. Биыл бағдарлама аясында 23 566 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр.

«Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталықтарына хабарласқан 11 410 адамның ішінен 6 217-і яғни 54,5 пайызы жұмыспен қамтылды. Қазір жұмыссыздар саны 9 805 адамды құрап отыр», – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолла.

Мекемелер ұсынған тұрақты жұмыс орнына 2 344 адам орналастырылып, жоспар 19,5% ғана орындалған. Бұдан да төмен көрсеткіштер Атырау қаласында (9,8%), Жылыой және Исатай аудандарында (14,8%) байқалған. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асуы тиіс жұмыстарды өз деңгейінде ұйымдастыра алмай отырған аудан әкімдерін сынға алды.

«Жұмыстарыңызда кемшілік көп. Бәрін карантинге сілтейсіздер. Маған жоспарды қай уақытта толық орындайтындарыңыз керек. Келесі айда жүктелген міндетті қаншалықты орындап, көрсеткіштерді жақсарта аласыздар? Нақты жоспарларыңызды айтыңыздар. Карантинді сылтауратуды қою керек. Жұмыс істейтіндерге әрдайым жол ашық. Төтенше жағдай, тіпті карантин кезінде де жұмыс істеуге арнайы рұқсат бердік. Облыстық арнайы штаб сол үшін күні-түні жұмыс істеді», – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі құзырлы органдармен бірлесіп, мекемелер мен кәсіпорындарда еңбекақылардың уақытылы және толық көлемде төленуіне мониторинг жасауды жалғастыруды, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әлеуметтік әлсіз топтың мәселелерін терең зерделеп, талдау жасауды тапсырды. Бұдан бұрын Атырауда «Дипломмен ауылға» жобасымен 40-қа жуық маманның ауылға аттанатынын хабарлаған едік.

“ҚазАқпарат”

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған