Атырау облысында жеке әлеуметтік карта жасалады (+ВИДЕО)

53243745 646244125810257 2356358052317233152 o1 БЕЙНЕЖАЗБА

Atr.kz/7-наурыз. 2019 жыл. Мемлекет басшысы әлеуметтік осал топтар мен көп балалы отбасылар мемлекет қамқорлығын көп кешікпей сезінулері керектігін айтқан болатын. Осы орайда, қазақстандықтарды 1 сәуірден бастап оң өзгерістер күтіп тұр.

https://youtu.be/3Ck_Mw6324Y
Брифинг

Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында журналистермен жүздескен  облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолла әр отбасыға жеке әлеуметтік карта жасақталатынын жеткізді. Айтуынша, биыл 1 қаңтардағы дерек бойынша облыста мекен-жай әлеуметтік көмегін 2035 отбасы (10949 адам) алған. Оны алу үшін тек жеке куәлікті көрсету керек. Құжаттарды өңдеуге қатысты басқа жұмыстар мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы жүргізіледі. Осы санатты азаматтар үшін бюджеттен 677 млн. теңге қаралыпты. Президент тапсырмасына сәйкес, бұл соманы 1 млрд теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр.

– Қазір тізімді бірыңғайлау жұмысы жүріп жатыр, – деді Серік Қамидолла. – Қызметкерлеріміз әр үйге барып, ондағы жағдаймен танысуда. Қазір облыс бойынша 16 485 көп балалы ана, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған 3341 ана бар. Аталған төлем табысы ең төменгі күнкөріс мөлшерінен 50% төмен азаматтарға, отбасыларға шартты немесе шартсыз ақшалай көмек түрінде тағайындалады. Ал, отбасының жиынтық табысынан – көп балалы отбасыларға (аналарға), «Күміс алқа», «Алтын алқа» иегерлеріне, мүмкіндігі шектеулі балаларға берілетін жәрдемақылар алып тасталады. Ай сайын аз қамтылған отбасындағы әр балаға 20 789 теңге мөлшерінде кепілдік көмек төленеді.

Сонымен қатар, мемлекет көмегін мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырғандар да алады. Бұрын мекен-жай әлеуметтік көмегін алып келген 10 949 адамның 1525-і тұрақты жұмыспен қамтылды.

Лиза СЕЙТІМОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз