Атырауда ұрланған көлік әлі табылмай отыр

заң және заман Жаңалықтар

Қызылқоға ауданының тұрғыны Айбек Жаңай ұрланған көлігін әлі таба алмай отыр. Жас жігіт бұдан бұрын жағдайын айтып, редакцияға шағымданған. Газеттің дабылынан соң тоқтап қалған қылмыстық іс қайтадан қозғалған еді. Сонда тергеушілер дәрменсіз бе, әлде мұнда басқа сыр бар ма?

заң және заман

Шағымның мазмұны мынадай: өткен жылдың маусым айында Айбек Жаңай ВАЗ-21060 «Жигули» автокөлігін сатып алады. Оның құжаттары түгел, техникалық жағынан ақауы жоқ екен. Тек сыртқы шанағында, есіктерінде таттанған, бояуы ұшқан жерлері бар. Осыны жөндеу мақсатында шанақ жұмысымен айналасатын адам іздейді. Сұрастыра жүріп тапқаны – Атырау қаласының И.Тайманов көшесі, 16 үйде тұратын Жылқыбай Баймағамбетов. Шебер өзінің ауласында автокөліктердің шанақтарын дәнекерлеумен, бояумен айналысып, ақша табатын көрінеді.

2016 жылдың 14 тамыз күні арызданушы Айбек Жаңай өзара келісімге сәйкес, техникасын сол үйдің ауласына қалдырып кетеді. Өзі бояу, шанақтың сол жақ табалдырығы, оң жақ есігі, басқа да керек-жарағын әкелмекші болады. Алайда, қажетті дүниелері дер кезінде табылмай, уақыт өте береді. Ол туралы шеберге арнайы барып ескертеді. Әңгімеміздің кейіпкері арасында барып, көлігін тексеріп те тұрады.

Содан өткен жылдың 8 қараша күні көлігін алып кетуге барса, онысы аулада жоқ болып шығады. Үйдің иесі Жылқыбай Баймағамбетовтен сұраса, «Мен ештеңе білмеймін. Сол күні болған жоқпын» деп жауап береді. Ал, шебердің баласының айтуынша, бір апта бұрын екі жігіт келіп, техниканы алып кеткен.

Арыз иесі Айбек Жаңай осы оқиғаға байланысты 2016 жылдың 9 қарашасында Атырау қалалық ішкі істер басқармасына арызданған. Бұл іспен алғашқыда тергеуші Темірлан Ақсейітов айналысқанымен, одан ешқандай нәтиже шықпапты. Екінші тергеуші Расул Биғалиевтің де жұмысының қорытындысы байқалмайды.

P.S. Осы арыз бойынша біз Атырау қалалық ішкі істер басқармасының тергеушілері Темірлан Ақсейітов, Расул Биғалиевтермен сөйлескенбіз. Олар аталған іске байланысты ешқандай ілік таба алмай отырғандарын айтты. Облыстық ІІД бастығы Аян Дүйсембаевқа редакцияның атынан ресми хатпен шығуымызға осы жағдай себепші болды. Құрылым басшылығының пәрменімен тоқтап қалған қылмыстық іс қайтадан қолға алынған еді. Алайда, бүгінге дейін оның нақты нәтижесі болмай тұр.

Заңдылыққа сәйкес шешім алынады

Айсұлу ОМАРОВА, адвокат: Жөндеуші көлікті кім әкеліп бергенін біледі. Оны иесіне тапсыруға міндетті. Бүгінгі жағдайда ол техниканы қабылдап алғандығы жөнінде растауы керек. Тергеушілер көлік жөндеушіден түсініктеме алып, мәселенің анық-қанығына көз жеткізеді. Істі орта жолдан тоқтатудың жөні жоқ. Қандай түйінді тарқатудың да жолы табылады.

Зардап шегуші жағдайын айтып, облыстық прокуратураға шағымдануы қажет. Соған сәйкес, аталған орган заңдылық шеңберінде жауап береді. Яғни, өзіне тапсырылған мүлікке салдыр-салақ қараған жөндеушіге қатысты азаматтық тұрғыда (мұндай жағдайда қылмыстық жауапкершілікке де тартуына болады) шешім қабылдау үшін шаралар қабылданады. Осындай негізге сүйенген зардап шегуші соңында сотқа шағымданып, өзіне келтірілген шығынды өндіріп алуына мүмкіндігі бар.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз