АРДАҚТЫ АТЫРАУЛЫҚТАР!

Жаңалықтар

 

Ұлыстың Ұлы күні – жер-жаһанды қаhарлы қыстың ызғарын ысырып, жұрттың аузын аққа жеткізіп, нұр тамшыларын аямай төккізіп, күн мен түнді теңестірген, жаңару мен жасампаздықтың  бастауы болған атыраулықтар үшін асыға күтетін ұлттық мереке.

Тіршілік біткен қайта түлеп, пейілдің түзеліп, көңілдің кеңіген кезіне, жаны мен малы аман ағайынның қуана қауышқан шуақты шағында мұнайлы өлкеміз бен сүйікті шаhарымыз да толағай табыстарымен қадам басты.

Биыл облыс пен қаланың Атырау атын иеленгеніне 25 жыл толды. Жаңарған Атырау тәуелсіздік құрдасы десе болғандай.

Облыс орталығы Атыраудың кескін-келбеті жылдан-жылға көркейіп келеді. Наурыздан наурызға дейін қаламызда ондаған жаңа өндірістік, әлеуметтік-мәдени нысандар, тұрғын үй кешендері қатарға қосылды.

Агроөнеркәсіп одан әрі дамыды, ауыл өміріне тың өзгерістер енді.

Бұның бәрі – тәуелсіздіктің арқасы, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан өңіріміздің дамуына ерекше көңіл бөлгенінің нәтижесі.

Келер жылдан да күтер үміт көп, алға қойған межелі мақсаттарымыз мол. Игі бастамалардың оң нәтижесіне ортақ мүдде мен баршамыздың ауызбіршілігіміз, жұмыла жасаған жұмыстарымыз арқылы қол жеткізетініміз сөзсіз.

Қымбатты жерлестер!

Халқымыздың қазыналы шежіресі мен көнекөз естелігі, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, ұлттық қасиеттері мен құндылықтары Ұлыстың Ұлы күнінде ұлықталып, рухы биік, намысы берік, ең бастысы жүздеген ұлт пен ұлыстың тату-тәтті Отаны ретінде әлемге танылуы тұғырлы тәуелсіздігіміз бен еңселі егемендігіміздің арқасы.

Бабаларымыздың ақ батасы мен өнегелі дәстүрін жалғаған Наурыз мейрамы әр шаңыраққа жақсылық пен ізгілік, қуаныш пен ырыс, молшылық пен құт-береке дарытсын!

Қаламыздың күш-қуатын дамытатын еселі еңбектеріңіз табысты, алар асуларыңыз биік, ел дамуына қосар үлестеріңіз мол болғай, ағайын!

Ізгі ниетпен, Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған