АЙМАҚТЫҢ ҮЗДІК ТАУАРЛАРЫ

облыстық байқауда анықталды

Газетімізде бұған дейін хабарланғанындай, таяуда  Атырауда «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-жәрмеңкесінің өңірлік кезеңі өткен-ді. Бірден айта кетуіміз керек, бірнеше жылдан бері жүйелі жалғасын тауып келе жатқан бұл конкурс биыл «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен оның өңірлік өкілдіктері ұйымдастырып отыр.

 

– Басты мақсатымыз отандық кәсіпорындар мен ұйымдардың өндіретін өнімдері мен көрсететін қызметтерінің сапасын арттыру. Қазақстандық рынокты елімізде жасалған, жергілікті кәсіпкерлер шығарған, жоғары сапалы, бәсекеге қабілетті тауарлармен толықтыру,-деді тілдескенімізде облыстық жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер одағының басқарма төрайымы Әлия Бекқожиева.

Назарымызды аударғаны, осы жолғы өңірлік көрме-жәрмеңкеге бұрыннан да талай мәрте тауарларын көпшіліктің назарына ұсынып, лайықты бағасын алып, жақсы атаққа ие болып жүрген белгілі бизнесмендерден бөлек, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің көптеп қатысуы еді. Олардың арасында Исатай ауданының Хамит Ерғалиев ауылынан келген «Дәулетов С.» ЖК-нің негізінен тұрмыста қолданылатын бұйымдар мен үй жиһаздарын (оның ішінде ас үй мен жатын бөлмеге және кіреберіске арналған, сондай-ақ, бесік, орындық, т.б. заттар) жасаумен шұғылданатынын көрдік. Алдыңғы жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы несие алып, былтырдан бастап өз ісін ашқан кәсіпкер жігіт Сайлаубек оны отбасылық  бизнеске айналдыру ниетінде екен. Әнебір көп болмағанмен тапсырыс берушілер де табылып тұрғанға ұқсайды. Енді міне, кәсіптерінің өрісін кеңейтіп, нәсіптерінің көлемін көбейту үшін осындай байқауға қатысуды ұйғарыпты.

Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласынан келген «Жеті қыз» ЖК-нің (иесі Нәбира Хамзина) осыннан тігін ательесін ашып, жұмысын бастағанына он жыл толыпты. Негізінен ұлттық үлгідегі сахналық және той киімдерін тігумен айналысатын, басқа да тапсырыстарды орындайтын ісмерлер ұжымында бүгіндері 20-дан астам адам еңбек етеді. Қадамдары табыссыз да емес. Ендігі жерде өз алдарына кең отауларын сайлап, оңаша орынға шығып, бизнестерін өрістетпек ниетте.

Қызылқоға өңірінің Мұқыр ауылынан атбасын тіреген Айгүл Жиембаеваның да жеке кәсіпкерлігін құрып, бизнесін бастағанына бес жылдан асыпты. Бұған дейін нан-бөлке өнімдері мен тәтті түрлерін пісірумен шектеліп келген ол былтырдан бері жылыжай шаруашылығын да қолға алыпты. Аумағы 0,3 гектарды құрайтын жаңа нысанда тамшылатып суару тәсілімен қияр дақылы өсіріліп, жыл бойына үзілмейді. Тасшағылдық Шақар Есенбаеваның жеке кәсібіне кіріскеніне екі-үш айдың ғана жүзі болыпты. Айтуынша, бастамалары сәтсіз емес. Шағын нау-байханасында дәмді нан мен бөлке түрлерін пісіріп сататын ауыл кәсіпкері мүмкіндігіне қарай мал өнімдерін дайындап, тұтынушыларына ұсынып отыруға бел буыпты.

Облысымыздың өзге өңірлерінен де аймақтық деңгейдегі көрме-жәрмеңкеге қатысушы жеке кәсіпкерлердің аз еместігіне көзіміз жетті. Нәтижесінде, «Өнерпаз» ЖШС «Үздік халық тұтынатын тауар», «Первомайский» ЖШС «Үздік азық-түлік тауары», «ШевронМұнайгазИнк» компаниясы «Үздік өндірістік тауар» аталымдары бойынша бірінші орынды  иеленіп, республикалық конкурсқа жолдама алды. Жеңімпаздар дәрежелі дипломдармен және бағалы байрақтармен марапатталды. Осылайша, Атыраудың отандық үздік тауар өндірушілері де белгілі болды.

Дәулетқали АРУЕВ.   

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз