40 жыл бойғы проблема: Атырауда қоқыс өңдейтін зауыт салынып жатыр

img 3240 scaled Жаңалықтар

atr.kz/22 қыркүйек, 2020 жылМұнайлы өңірдің экологиялық ахуалы күн санап ластанып барады. Мұның бір себебі қала сыртында 40 жыл бойы жиналған қоқыс полигонының проблемасына да келіп тіреледі.

Бұл жағдайда атыраулықтарды алаңдатқан не мәселе? Тау-тау болып үйілген қоқыстың жайы не болмақ? Біз осы және өзге де сауалдарға жауап іздедік.

Полигон: бүгінгі тынысы

«Атырау–Орал» тас жолы аумағында облыс орталығынан 5 шақырым қашықтықта орналасқан қоқыс төгу орнындамыз. Көліктен түсе салысымен, мұндағы мүңкіген иістен демалу мүмкін еместігін бірден сездік. Тұмшаланып алдық. Үсті-басымызды лезде шаң-тозаң басып үлгерді. Соған қарамастан қоқыс полигоны алаңының əр жағына жаяу беттедік. Үйілген қоқыстың үстінде жемтік іздеген қарға-құзғынның қарасы мол. Желмен ұшқан қағаз, целлофандар алаңның қоршауынан шығып, жанжаққа шашылуда.

Өйткені, аумағы шамамен 35 гектарды құрайтын қоқыс алаңы стандартқа сай қоршалмаған. Бұл жерде қалдықтардан аяқ алып жүрудің өзі қиын, иісі қолқаны қабады. Өртенген қалдықтың түтіні тағы бар. Бəрі қосылып қоршаған ортаға орасан зор зиян келтіруде. Мəселенің алдын алу үшін өткен жылы полигонда қоқыстарды сұрыптау кешені ашылды. Зерделеу барысында аталған кешеннің жұмысымен де таныстық. Орталық директоры Олег Янушконың айтуынша, кешен жеке инвестор есебінен Белоруссиядағы «Сифания-Экотехника» компаниясынан сатып алынды. Мұндағы жабдықтар жылына 100 мың тонна қатты қалдықты сұрыптауға арналған. Қазір тəулігіне 50 тоннаға дейін тұрмыстық қалдықты іріктеп жатыр.

 – Кешенге əкелінген қоқыс алдымен бункерге төгіледі. Одан əрі көлбеу конвейер арқылы кабинаның ішіндегі сұрыптау таспасына түседі. Сол жерде қалдықтардан пайдалы заттар – қайталама полимер, пластик бөтелкелер, макулатуралар, тоқыма өнімдері, металл сынықтары, шыны жəне сынған əйнек бөлектеледі. Таспалы кон вейердің жанында сұрыпталған қоқысқа арналған контейнер қойылған, – деді О.Янушко.

Бір жылдан бері Атырауда осындай сұрыптау кешені жұмыс жасауда. Алайда, мұндағы жұмыстар қолмен іріктеу арқылы жүзеге асырылады. Бір кабинада – 4, жоғарыдағы үлкен кабинада 22 адам қызмет етеді. Олар сыртында арнайы жазылған жəшіктерге қалдықтарды бөліп, салады. Сұрыпталғандары нығыздалып, əрқайсысы бөлек-бөлек жиналады.

 Əрі қарай Алматы, Павлодар қалалары мен Ресейге тасымалданады. Қазір кейбір престелген жеңіл қалдықты Атырауда да қабылдай бастады. Мысалы, А4 қағаздары өзімізде қабылданып, кері өңдеу үшін басқа қалаларға жеткізіледі. Мұндағы қағаз, картондардың басым бөлігі тамақ қалдықтарымен бүлініп қалғандықтан, оны қайта өңдейтін фабрикалар қабылдамайды. Сондықтан, қоқысты түріне қарай бөлек-бөлек жинауға көшу маңызды.

– Бұл үшін көшелерге əрбір тұрмыстық қалдық үшін жеке-жеке жəшік қойсақ, оларды алып кетуге бөлек-бөлек көлік шығару қажет болып, бұл жұмыс қомақты қаржыны қажет етеді. Шетелде мұндай тəжірибе бар. Ал, Қазақстанда əлі қолданысқа енген жоқ. Атырауда Қазақстан бойынша қоқыс шығару жұмыстарына белгіленген тариф сомасы да ең төменгі деңгейде. Бұл біраз жұмысты жүйелі атқаруға кері əсерін тигізеді, – деді О.Янушко.

Ас қалдықтары бөлек жиналса…

Əрине, дамыған елдерде де қоқысты бөлек жинау тəжірибесі бірден енген жоқ. Олар осы деңгейге жету үшін 10, 20, тіпті 30 жыл жоғалтты. Бірақ, біздің жағдайда бұл қымбат əдісті қолданудың қажеті жоқ. Бізге екі қоқыс контейнерін қою жеткілікті. Біріне күнделікті тұтынылатын тамақ өнімдері қалдықтарын салып, жинау керек. Бұл контейнер айналаға иіс шығармайтындай жабық болуы тиіс. Себебі, бұлар биологиялық тұрғыдан алып қарағанда ыдырап, шіритін заттар.

Оны топырақ құнарын арттыруға қолдануға əбден болады. Ал, қағаз, картон, пластик өнімдерін бөлек контейнерге жинаса жеткілікті. Себебі, оларға тамақ қалдықтары араласпаса, қазіргідей бүлінбейді. Іріктеп, бөлу де оңай болады. Сонда, əр адам қоқысты үйден екі қапқа жинап алып шығады. Бұл қоқыс алаңындағы сұрыптау жұмыстарын жеңілдетеді əрі полигонда жиі-жиі орын алатын өрттің де алдын алады.

img 3290

– Қоқыс алаңында үйілген ас қалдықтары жарылысқа өте бейім.

Өйткені, шіріп, иістеніп жатқан ас қалдықтарында зиянды газдар бу түрінде пайда болады. Егер күн райы ыстық немесе басқа да өрт туғызатын жағдайлар орын алса, мұның арты бірден өртке ұласып, төтенше жағдай орын алады. Сондықтан, полигонда өрттің алдын алу үнемі бақылауда. Өрт сөндіруге арналған су толтырылған көліктер қашан да дайын. Отты өшіру үшін топырақ та шашылады. Өз күшіміз жетпей жатса, төтенше жағдай департаментінің көмегіне жүгінеміз, – деді сұраптау кешінінің басшысы.

Облыстық экология департаменті ұсынған ақпарат бойынша, биыл қалдықтар 2 рет өртенген. «Арнаулы автобаза» ЖШС өкілдері мұның полигондағы қалдықтардың шіру процесінде «қалдық» газы бөлініп, ауа райының ыстық мезгілінде өздігінен тұтану салдарынан болғанын айтады.

Соның кесірінен «Арнаулы автобаза» серіктестігіне жүргізілген тексерулер нəтижесі бойынша қоршаған орта заңнамаларын бұзуға жол бергені үшін облыстық экология департаменті 5 млн. 450 мың теңге айыппұл салған. Аталған орталықта қызмет ететіндер осы маңдағы шағынаудандар мен ауылдардың тұрғындары. Соның бірі Қымбат Долбекова сұрыптау кешеніндегі проблемаларды да айтып берді.

«Қазір 30 жұмысшы қызмет еткенімізбен, қол кері əлі де жеткіліксіз. 8 жұмысшының орны бос тұр. Жалақымыз зиянды өндірістік жұмыс үшін төленетін ақыны қоса есептегенде 80 мың теңгені құрайды. Жұмыс кестесі 6 күндік. Таңертең келгеннен кешке дейін осы жердеміз» деді ол.

Сұхбаттасушымыздың айтуынша, бүгін полигонда 33 қоқыс шығаратын КамАЗ, 22 трактор бар. Техника жеткілікті болғанымен, кадр тапшы. Карантин жағдайына байланысты Орта Азия елдерінен келетін гастарбайтерлер шекарадан өте алмай жүр. Ал, жергілікті тұрғындар мұндай жұмысты менсінбейді.

 Жаңа нысан қашан іске асады?

Тəулігіне шамамен – 230, айына − 7000, ал жылына 85 мың тоннадай қалдық төгілетін бұл полигонның бүгінгі тынысы осындай. 1977 жылы пайдалануға берілген жалғыз нысанның қазіргі аумағы 35 гектарға жеткен. Ал, қалдық көлемі 3 млн. тоннаны құрайды. Мұнда миллиондаған тонна қоқыс қыстыгүні өртеніп көк түтінге оранса, ал жазда мүңкіген исі қаланы тұншықтырады. Қоршаған ортаға тигізген зияны үшін тиісті органдар тарапынан айыппұл салынуда. Десек те, мəселенің шешімі бұл емес.

img 3311

Себебі, айыппұл тұрғындарға ауа болмайтынын ескерер кез əлдеқашан жетті. Мəселе осылай жалғаса берсе, атыраулықтардың ертеңін ойлаудың өзі қорқынышты. Сондықтан, жылдар бойы айтылып келе жатқан жаңа полигонның жайы қашан реттеледі?

– Қазір облыс əкімдігімен жобалық қуаты жылына 150 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды төгетін жаңа полигон мен сұрыптау кешенін салу жоспарлануда. Бұған жобалықсметалық құжаттары жасақталуда. Осы мақсатқа арнап Алмалы ауылдық округіне қарасты территориядан көлемі 50 гектар жер учаскесі тағы бөлінді.

Бұл телім Атырау қаласынан шамамен 15 шақырым жерде орналасқан, – деді облыстық экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Аспандияр Насилов. О н ы ң а й т у ы н ш а , ж е р г і л і к т і əкімдікпен жаңа полигон құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгеннен кейін қазіргі қолданыстағы орын жабылып, рекультивация жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Қазіргі қалдық сұрыптау кешені экологиялық проблеманы кезеңкезеңімен шешу үшін қолға алынған. Болашақта бұл үлкен зауытқа айналады.

Шетелдік тәжірибеге сүйенсек…

Жалпы, алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін тұрғындардың тазалық сақтау мəдениетін де арттыру маңызды. Өйткені, бей-берекет қоқыс тастауға болмайтынын əлі үйрене алмай жүргеніміз рас. Адамдар үйінен шығатын қоқысты жинақтаудың қарапайым тəртібін тіптен білмейді. «Ас атасы – нанды» да басқа лас қалдықтармен қосып, лақтыра салу əдетке айналған. Сондықтан, бізге шетелдік тəжірибелерден үйренсек артық емес. 2000 жылдан бері Швейцарияда қоқыс полигондарын салуға тыйым салынған. Мұндағы əр отбасы тұрмыстық қалдықтарды өздері сұрыптап, тиісті мекемелерге өткізеді. Қалдықтардың кейбірі үшін ақы да алады. Бұл елде қоқысты сұрыптау мəдениеті балабақшадан бастап қолға алынған. Əр үйге қалдықтарды

бөлу, қайда өткізу қажеттігі туралы анықтамалық кітапша таратылады. Соның нəтижесінде швейцариялықтар қоқысты табыс көзіне айналдырды. Ал, Жапонияда қоқысты бөлек жинауға қатты мəн беріледі. Қала көшелерінде қалдықты бөліп жинайтын бірнеше контейнер қойылып, əу бастан іріктеліп салынады. Кейін қайта өңделіп, құрылыс материалы немесе шикізат ретінде пайдаға асырылады.

Осы секілді тəжірибелерді біз де қолдансақ, бірден керемет болып кетпегенімен, елімізде жаңа мəдениеттің қалыптасары сөзсіз. Зерттеулерге сүйенсек, əр адам ғұмыр бойына 20 тоннадай қоқыс төгеді екен. Ал, оны жою мəселесі əлемдік проблемаға айналған. Əсіресе, жерде 450 жыл бойы өзгеріссіз қала беретін пластикалық бұйымдардың қоршаған ортаға зияны шаш-етектен.

Одан бөлінетін улы заттар топырақ арқылы жерасты суларын ластайды. Сондықтан, экологтардың «əлем пластикалық қалдықтан тұншыға бастады» деп дабыл қағуы тектен-тек емес. Ендеше, қалдықты қайта өңдеу ісі уақыт күттірмейтін жұмыс болуы тиіс.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің мәлімдеуінше, республикада қалдықты өңдеудің орташа үлесі те тмен. Небәрі 15 пайызды құрайды. Ал, Еуропа елдеріндегі көрсеткіш – 30 пайыз, яғни біздегіден 2 есе көп. Жасыл экономика тұжырымдамасына сәйкес, Қазақстанда бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай 40 пайызға дейін жетуі қажет. Олай болса, аталған факторларды ескере отырып, Атыраудағы мәселе тағы да бірнеше жылдарға созылып кетпей, оңынан шешімін тапса игі.

 Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Фото Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз