«Жұмыс іздесең, жәрмеңкеге кел!»

zhymusdfБұл шара Атырауда да белсенділік жағдайында өтті

Жұмыссыздар жәрмеңкеден жұмыс тапты. Ал, белгілі себептермен мамандықтары бойынша қызметке орналаспағандар қайта даярлау курсына оқу орнын таңдауға мүмкіндік алды. Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан алдағы уақытта облыста төрт мыңның үстінде жұмыс орындарының ашылатынын жеткізді. Еліміздің барлық аймақтарында ұйымдастырылған осындай жәрмеңке аудан орталықтарында да өткізілді. Сөйтіп, «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» жаңа бағдарламасы аясындағы шараға облыс көлемінде 151 мекемеден сегіз жүзден астам бос жұмыс орнына сұраныс түсті. Бұдан бөлек 47 мамандық түрі бойынша 16 оқу орны қатысып, кәсіби даярлау курсын ұсынды.

Әдеттегідей, таңертеңнен бастап бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне келушілер легі толастамады. Республиканың түкпір-түкпірінде бір уақытта өтіп жатқан шараны ресми түрде облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан ашты. Мұнайлы өңірде жұмыссыздықты жою бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған ол жәрмеңкенің ерекшелігін былайша түсіндірді: 
– Бұл жолы жәрмеңкеге оқу орындары да қатысып отыр. Яғни, жұмыс беруші мекеменің ұсынып отырған бос орындарына мамандықтары сай келмегендер қайта даярлау курсына оқу орнын өзі таңдай алады. Бюджет есебінен олар тегін оқытылып, сұранысқа сай сол мамандығы бойынша жұмыс таба алады. Жергілікті билік ірі жобалардан қысқарып қалған мыңдаған жұмыссыздарды еңбекпен қамтуда бірқатар компаниялармен Меморандумға отырды. Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жобалар құрылысын жүргізіп жатқан «Синопэк Инжиниринг-Қазақстан» компаниясы, «Батыс Ескенеде» жол салумен айналысатын мекемемен келісімге келдік. Олар өңірімізде іске асатын индустриалды-инновациялық бағдарламалар бойынша 300-ге тарта жұмыс орнын ұсынып отыр. Соңғы бес айдағы мәліметке сәйкес, шағын және орта бизнесте 91 мың адам еңбекпен қамтылып отыр. Өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстыр-ғанда бұл 8 пайызға артқан. Жәрмеңкеге келушілерге лайықты жұмыс табуға тілектеспін,-деп тілегін білдірген Шыңғыс Жұмабекұлы жалпы алдағы уақытта облыста төрт мыңнан астам жұмыс орны ашылса, оның ішінде тұрақтылары да болатынын атап айтты.
Жәрмеңкенің ресми бөлімінен кейін-ақ жұмыссыздар жұмыспен қамту орталығына ағылды. Бәрі де ортақ мақсатқа үлкен үмітпен қарайды. Мәселен, қысқартуға ұшырағанына екі айдан асқан Нұрболат Терлікбаев бұған дейін электрик мамандығы бойынша жұмыс істепті. Отыз екі жастағы екі баланың әкесі бүгінгі таңда жұмыс табу оңай еместігін, сондықтан жәрмеңкеге сенім артатынын айтады.
– Түйіндемелерімді мамандығыма сай келетін компанияларға тапсырдым. Басқа мекемелерде жасаған еңбек өтілім де бар. Осындай шаралар жиі өткізіліп тұрса жақсы ғой. Жолдасым да жұмыссыз еді,-дейді ол.
Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжін заңгер мамандығымен былтыр бітірген Дмитрий Бекмұрзаев жұмыс берушілердің барлығы дерлік тәжірибесі болмағандықтан, қызметке алмағанына қынжылады.
-Оқу орнын жақында аяқтап, әлі толыққанды жұмыс жасап көрмеген кісіде қайдан еңбек өтілі болсын? Әбден көңілім қалған сәтте таныс-тамырсыз жұмысқа орналасу мүмкін емес деп ойлайтынмын. Сосын жұмыссыз ретінде тіркеліп, өтілі жоқ жастарға «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бар екендігіне көз жеткізген соң қатысуға бел будым. Оның үстіне, өзім қосымша Еуразия Академиясында электронды оқыту арқылы сырттай жоғары білім алып жатырмын. Негізі, заңгер болу өзіме ұнайды. Бірақ, болашақта жұмыс таба алмасам, басқа мамандықтарға оқымақ ойым бар,-дейді Д. Бекмұрзаев.
Жұмыссыздармен қатар, жұмыс беруші де жәрмеңкеден лайықты кадр табуға тырысты. «Болашақ-Атырау» мекемесінің мамандарды таңдау жөніндегі аға кеңесшісі Айгүл Исқалиева темір конструкторы, кран операторы, өрт бақылаушысы, келісім-шарт ассистенті, қаржыгер ассистент, дәнекерлеуші мамандықтары бойынша 30-ға тарта бос жұмыс орны бар екендігін жеткізді. Бұған дейінгі осындай жәрмеңкелерге тұрақты түрде қатынасып отыратын компания өкілі шарадан өздеріне талай қызметкер алғандығын айтты.
– Кейде қосалқы мекемелер жұмысшыларға талапты өздері қояды. Сондықтан, біз сертификаттарын сараптап жолдаймыз. Ал, компаниямызға қажет болған жағдайда өзіміз сөйлесіп, хабарласып отырамыз,-деген ол жұмысшыларға вахталық әдіспен, бес күндік жұмыс тәртібімен жұмыс ұсынатындықтарын атап көрсетті.
«Синопэк Инжиниринг-Қазақстан» филиалының мемлекеттік органдармен және қоғаммен байланыс жөніндегі үйлестірушісі Досжан Меңдігереевтен білгеніміз, бұл жолы жәрмеңкеге компания 70-тен астам жұмыс орнын ұсынып отыр екен.
– «Қашаған», «Болашақ» жобаларынан босағандарды қызметке орналастыруға облыс әкімдігімен Меморандумға отырдық. Қазірдің өзінде 550 маманды жұмысқа алдық, сөйтіп жыл соңына дейін жалпы 1040 жұмысшыны алмақ ниеттеміз,-деді ол.
Бұдан бөлек оқу орындары да қандай мамандықтарға оқытатындығы жөнінде мәлімет берді. Мысалы, Атырау индустриалды колледжі негізінен құрылысшы және тағы басқа мамандықтарға үш бағытта оқытады екен. Курстар бір айдан үш айға дейін созылады. Мемлекеттік бағдарламамен білім алғандарға стипендия берілетін көрінеді. «Базамыз 80 пайызға жабдықталған. Теориялық сабақтармен қатар тәжірибеге де көп мән береміз»,-деді колледж өкілі.
Айбөпе САБЫРОВА.
Сурет автордікі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз