КЕШЕГІ СТУДЕНТ – БҮГІНГІ МАМАН

keshegestudentОблыстағы іргелі оқу орындарының бірі Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін бітіруші түлектерге диплом тапсыру салтанаты болып өтті. Білім ордасының биылғы көрсеткіші бойынша әр сегізінші студент үздік бағамен тәмамдады. 

 

Салтанатты шараға қатынасқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан түлектер өміріндегі маңызды күн саналатын оқу орнын бітіру кешімен құттықтап, магистранттарға диплом табыстады. «Университетте білім алу қиын емес, қызықты. Бүгінгі күні сіздердің алдарыңызда өмірден лайықты орындарыңызды тауып, өздеріңді тұлға ретінде қалыптастыра білу міндеті тұр» деген Шыңғыс Жұмабекұлы түлектерге ақ жол тіледі. Биылғы жылы магистратураны бітірген түлек саны 65 болса, оның ішінде он студент мемлекеттік емтиханды жоғары бағаға тапсырған.
Сонымен қатар, оқу орнының түлектеріне тиесілі дипломдарын табыс еткен мәртебелі меймандар қатарында жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев, ақын, республикалық «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ұлықбек Есдәулет, білім саласының ардагері Жайлы Өмірбекова сынды танымал тұлғалар болды.
Айта кетелік, Атырау университеті өңірге қажетті педагогикалық және гуманитарлық бағыттағы мамандар даярлау ісінде алдыңғы қатарда. Осы жылы қолына диплом алып, үлкен өмірге қадам басқан бітіруші түлек саны – 798. Оның ішінде 90 студент үздік диплом иегері атанды.
Жоғары білімді маман атағына ие болған түлектердің қай-қайсысы да жұмыс жасауға әзір, оқу орнында алған теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға асығулы. «Күн санап әлеуеті артып, экономикасы дамыған еліміздің қай саласына болмасын өз үлесімізді қосып, мамандығымызға сай қызмет атқару – басты мақсатымыз» дейді олар.
Салтанатты шара барысында сөз алған университет ректоры Бейбіт Мамраев білім алуға кеңінен жол ашылғандығын айта келіп, бүгінгі түлектердің жаңа жүйе бойынша дәріс алып, соны технологияларды жетік меңгергендігін жеткізді. Құттықтау сөзінің соңында оқу орнының басшысы үздіктерге диплом тапсырды.
Шара соңы мерекелік концертке ұласып, түлектерге тамаша көңіл-күй сыйлады.

Өз тілшіміз.
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз