ІРГЕЛІ ІСКЕ – ҮЙЛЕСІМДІ ЫРҒАҚ

Атырау қаласының әкімі Серік Айдарбеков шаһарда атқарылған жұмыстар жөнінде кеңінен баяндап болған соң журналистердің сауалдарына жауап берді.
Ең алдымен микрофонға облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің тілшісі Нәсіп Шалабаева келіп, қала әкіміне жабайы иттерді ату мәселесі қаншалықты шешімін тауып жатқандығы жөніндегі сұрағын қойды.
- Қала бойынша жабайы иттерді ату жауапкершілігі «Арнаулы автобаза» КМК-на жүктелген, - деді қала әкімі. – Былтыр 10 мыңға жуық жабайы ит атылса, биыл бұл көрсеткіш 11 мыңға жетіп отыр. Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық станция мамандарымен және «Арнаулы автобаза» КМК қызметкерлерімен бірігіп бұл мәселені бақылауда ұстап келеміз.

«Астана» телеарнасының тілшісі Базаргүл Нәдірқызының сауалы қаладағы «Орал» мейрамханасы жанындағы Жайық өзенінің қорғалған белдеуі маңынан Үндістан азаматына берілген жер теліміне байланысты болды. Шетел азаматына жер телімін беру заңды ма?
– Бұл азаматқа жер телімі былтыр тамыз айында берілген, – деді Серік Кенғанұлы. – Қала әкімінің шешімі шықты. Табиғат қорғау прокуратурасының тергеу жұмыстарына сәйкес қазір бұл іс сотқа берілді. Егер сот бұл жағдайды «заңсыз» деп таныса, жер телімін мемлекетке қайтарамыз. Барлық құжаттарды қарап, тексердік. Нәтижесінде, «Жайық-Каспий» бассейндік инспекциясының жер телімін беру жөнінде келісімі жоқ болып шықты. Заңға сәйкес бұл келісім міндетті түрде болуы шарт. Соған орай, бұл құқық бұзушылыққа байланысты сот дұрыс шешім шығарады деп ойлаймын.
«Қазақстан-Атырау» телеарнасының тілшісі Әнуар Жаманқұловтың «Балықшы кентіндегі Ғ.Қожақаев көшесіндегі екі қабатты тозығы жеткен үйлерді құлату және тұрғындарды жаңа үйге көшіру мәселесі келер жылы шешімін табады ма? Сондай-ақ, осы аталған кенттегі кейбір құлатылған үйлердің орнына қазір жаңадан бой көтеріп жатқан үйлер кімдерге берілмек?» деген сауалына шаһар басшысы толықтай жауап берді.
Қала әкімінің айтуынша, облыс орталығы бойынша апаттық жағдайда 34 көп қабатты үй, 17 көп қабатты жатақхана бар. Аталған екі үйдің тұрғындары заңға сәйкес кезекке алынады. Ал, екінші сауал бойынша құрылысы жүріп жатқан үйлер мемлекеттік бағдарламаға негізделіп салынуда. Бұған қаладағы апаттық үйлердің тұрғындары қоныстанатын болады.
«Атырау» газетінің тілшісі Меңдібай Сүмесінов Еркінқала ауылдық округіне қарасты Балауса елді мекенінің мәселелерін көтерді. Мұндағы жол мәселесі алаңдатады. Алдағы жылы осы мәселе шешіле ме? Сонымен қатар, Атырау мен Еркінқала тас жолы бойында көше жарығы жоқтығы салдарынан жол-көлік апаттары да жиі орын алуда.
Осы екі мәселе қалалық әкімдіктің бақылауында тұр. Сондықтан, келесі жылы жол салудың жобалық-сметалық құжаттары дайындалатын болады. Сараптама қорытындысымен жергілікті бюджеттен қаржы бөліп, жол салуға кірісеміз. Жарық мәселесі де солай. Жобалық-сметалық құжаттары келесі жылы әзірленеді. Бұл құжаттарсыз біз ешбір құрылыстың басын бастауға құқығымыз жоқ, – деді қала әкімі.
Қала жанындағы Сарыөзек елді мекеніндегі жаяу жүргіншілер көпірінің жағдайы қалай шешілетінін сұраған облыстық «Атырау» газетінің тілшісі Алтыншаш Құрмашева да өз сауалына толыққанды жауап алды.
Қала әкімі аталған мәселеге орай жобалық-сметалық құжаттарын жасау үшін төрт миллион теңге бөлінгендігін, қазір аяқталу үстінде екендігін, көктемде құрылыс жұмыстары басталатынын жеткізді.
Ал, «Прикаспийская коммуна» газетінің тілшісі Алма Тұрғанова редакцияға келіп түскен нұрсаялықтардың сауалын қойды.
– Нұрсая – қаладағы ең қарышты дамып келе жатқан мөлтекаудандардың бірі. Аталған мәселелер жөнінде қалалық әкімдікке көптеген ұсыныстар түсуде. Шешімін табу мақсатында «ГАЗель» автокөліктерін кең автобустарға ауыстырдық. Келер жылдың басында жолаушылар сыйымдылығын қамтамасыз ететін 15 автобус қызметке кіріспек. Ал, екінші сауалға келер болсақ, жыл соңына дейін көшелерге отыз тренажер орнатпақпыз. Балалар алаңдарын салуды Нұрсаяда да жалғастырамыз, – деп жауап берді Серік Кенғанұлы.
Ал, «Ақ Жайық» газетінің тілшісі Сәуле Тасболатова Жеңіс саябағындағы ойын аттракциондарын неліктен жинастырып жатқандарын және «қаланың жоспарында балаларға арналған ойын-сауық орындарын ашу қарастырылып жатыр ма?» деп сұрады. Сонымен қатар, жеке адамдарға тұрғын үй салуға жер телімі қалай беріліп жатқаны жөнінде де сауалын қойды.
Қала басшысы ойын аттракционы орналасқан жер жекеменшікте болғандықтан, жердің иелері бұл орынға коммерциялық нысан тұрғызғалы жатқандығын және алдағы уақытта қалада екі саябақ салуды жоспарлап отырғандығын жеткізді. Оның бірі – Отбасы демалысына арналған саябақ болса (Тұрғындар қалашығында салынбақшы – ред.), екіншісі жастарға арналған саябақ Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті маңынан ашылады деп күтілуде.
– Елбасының тапсырмасына сәйкес қазіргі таңда жеке тұрғын үй салуға жер телімін беруді уақытша тоқтаттық, – деді қала әкімі С.Айдарбеков. – Бұрын инфрақұрылым жүйелері жүргізілмеген кез келген жерден жер телімдері беріліп келген болатын. Енді сол жер иелері бұл орындарда ешқандай құрылыс жұмыстарын бастай алмай жатқандықтан, арызданушылар саны артуда. Осы жағдайды ескере отырып, біз 13 мың жер телімін қайтардық. Енді Атырау және Қайыршақты ауылдық округтерінде берілетін жер телімдерін белгілеп, инфрақұрылым жүйелерін жүргізбекпіз.
«КТК» телеарнасының тілшісі Жанар Низамутдинованың сауалы тұрғын үй мәселесін қамтыды. Сырым Датов көшесі бойында №33 үйдің пәтер кілттері иелеріне 20 қараша күні тапсырылған болатын. Алайда, әлі күнге дейін жарық және газ желісі жүргізілмепті. Қоныстанған уақыттан бастап жаңа пәтер иелерінен коммуналдық қызметті төлеу де талап етілуде. Егер үйдің инфрақұрылымдық жұмыстары толықтай аяқталмаса, пәтер кілттері неге беріледі және бұл үйге жарық, газ желілері қашан тартылады?
Қала әкімінің айтуынша, қазір бұл жұмыстар жүргізілуде. Жақын арада бұл үйге жарық және газ қосылатын болады. Ал, жаңа пәтер иелері үй жалдап, көшіп жүрмесін деген мақсатта баспана кілті алдын ала табысталды.
Облыс орталығының басшысы өзінің есептік баяндамасында 17 жатақхананың жағдайы нашар екендігін айтып өткен болатын. Осы мәселеге орай «Мұнайлы астана» газетінің тілшісі Гүлфайруз Төремұратова қала әкіміне осы жатақханалардың мәселесі қалай қаралуда екендігі жөнінде сұрақ қойды.
Біріншіден, заңға сәйкес жағдайы нашар тұрғын үйлер, соның ішінде жатақханалар апаттық тізімге тіркелуі керек, – деп түсіндірді қала басшысы. – Аталған 17 жатақхананың барлығы бірдей апаттық жағдайда емес. Алайда, кезекте тұрған 240 шақты жатақхана тұрғындары кезегімен пәтер алады.
Газетімізде қала әкімінің баспасөз мәслихаты өтетіні жөнінде хабарландыру жариялағаннан бастап өз сауалдарын жолдап, хабарласқан оқырмандарымыз көбейді. Соның ішінде Баймұханов-Берғалиев көшелері қиылысында бағдаршамның жоқтығынан бұл жерде автокөлік апаттары мен жол кептелісі көп, жаяу жүргіншіге қиын боп тұрғандығына алаңдаған тұрғындар осы мәселе қаншалықты шешімін тауып жатқанын сұраған. Сонымен қатар, осы Берғалиев көшесіндегі жаяу жүргінші белгісі қажет жерге орнатылмағанын, балалардың мектепке өтетін жерге жылжыту жөнінде өтініш білдірген.
– Қазір қалаға 18 бағдаршам орнату жөнінде жұмыстар жүргізілуде, – деді Серік Айдарбеков бұл сауалға орай. – Келер жылдың басында қаладағы ең қауіпті деген жерлерге бағдаршамдар орнатылады. Ал, мектепке барар жолдағы жаяу жүргіншілер жолы мәселесін қарастырып, анықтаймыз. Қажет болған жағдайда, орнын ауыстырамыз.
Республикалық «Мұнайлы астана» газетінің тілшісі Арай Бағытжан Химпоселок елді мекенінің бірқатар мәселелерін көтерді. Мұндағы көше жарығы орнатылғанына біршама уақыт болғанымен, әлі іске қосылмаған. Және сол ауылға қарай қатынайтын №7 маршруттың саны алты-жеті данадан аспайды.
Қала әкімі Серік Кенғанұлы бұл сауалдарға байланысты Химпоселоктегі көше жарығы жылдың аяғына дейін іске қосылатынын, ал, №7 маршрутқа қатысты мәселені шешу үшін тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар беретінін айтты.
«Атырау» газетінің тілшісі Лиза Сейтімова көптің көкейінде жүрген сауалын қойды. Оның сұрағы Геолог поселкесіне баратын темір жол өткелі құрылысы сол күйі аяқталмай қалғаны жөнінде болды.
– Осы мәселе бойынша қалалық әкімдікке де көптеген сұрақтар түсті. Темір жол жұмыстары «Қазақстан темір жолы» мемлекеттік компаниясының балансында атқарылды. Жалпы, жоспар бойынша бес айдың ішінде бітетін жұмыс еді. Алайда, біз үш айдан астам уақыт ішінде жұмыстарды аяқтадық. Енді аптаның аяғына дейін көліктер жүретін жердің екі жағын асфальттап, бітіреміз, – деп Серік Айдарбеков нақты уәде берді.
Аудандар және қала әкімдерінің облыс орталығындағы брифингі осымен өз мәресіне жетті. Ел экономикасының күретамыры саналатын Атырау облысы орталығының әкімі Серік Айдарбеков өңір журналистері арқылы барша тұрғынды қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен, шешімін күткен мәселелерімен таныстырды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз