ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ДАМУДЫҢ ЖАРҚЫН БЕЛЕСІ

облыста ауылдық округтер әкімдері сайлауы ашық әрі ұйымдасқан түрде өтті

Басқаруды жетілдірудің жаңа қадамы
Жергілікті өзін-өзі басқару саясатына жаңалық болып еніп отырған ауыл әкімдерінің сайлауы Атырау өңірінде де болып өтті. Әкімдікке үміткер ретінде облыс бойынша тіркелген барлығы 214 үміткердің кандидатурасы сайлауға түсіп, өңір бойынша 72 әкім сайланды.

Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде өткен сайлау барысында Атырау қаласы бойынша 9 ауылдық округ әкімі сайланды. Дамбы, Геолог, Қайыршақты, Кеңөзек, Атырау селолық округтері, Ақсай, Жұмыскер, Балықшы және Еркінқала округтері әкімдерін сайлауға қалалық мәслихаттың он алты депутаты қатысты. Ал бір депутат белгілі себептермен сайлауға қатыса алмады.
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ауылдық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, ауылдық округтер құрамына кірмейтін кенттердің әкімдерінің сайлауы ел бойынша тамыздың 5 мен 9-ы аралығында өтіп жатқанын айтқан қалалық мәслихат хатшысы Бекболат Қазиманов осы саяси оқиға нәтижесінде ел бойынша барлығы 2457 әкім сайланады деп күтілуде екендігін айтты. «Бастысы сол, сайлау атқарушы билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігін арттырудың маңызды тетігіне айналғалы отыр» деп, сайлаудың маңыздылығына тоқталды.
Одан әрі қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ақсерік Ғали сайлау комиссиясының мүшелері мен байқаушыларды таныстырып өтті. Бұдан соң сайлау тәртібіне сәйкес, мемлекеттік Әнұран орындалып, депутаттар корпусы өз таңдауларын жасады.
Дауыс беру аяқталып арада біраз уақыт өткенде алдын-ала нәтижелері де белгілі бола бастады. Сайлау бюллетендерін санаған сайлау комиссиясының мүшелері әр кандидатқа берілген дауысты санап шықты. Сайлауға түскендердің ішінде басым дауысқа ие болғандар да, бірде-бір таңдаушының назарына ілікпеген кандидаттар да болды.
Ашық әрі жариялы түрде өткен сайлау барысында саяси оқиғаға қатысушылардың пікірін білген едік.
Қалалық мәслихат депутаты Бақтыгүл Хаменова бұл оқиғаны қоғамның демократиялық бағыттағы көрінісі деп қабылдайтынын айтты. «Депутаттарды халық сайлады. Сондықтан, олар әкімдерді халықтың атынан сайлады деп ойлаймын. Ендігі жерде үлкен іріктеуден өтіп барып таңдалған әкімдер өз жұмыстарына тыңғылықты жауапкершілікпен қарауы керек. Сайлау алдында біздер, яғни депутаттар корпусы әр кандидатпен арнайы кездестік. Ауыл әкіміне кандидаттардың сайлауалды бағдарламасымен таныстық. Кандидаттар негізінен жер, үй, ауыл шаруашылығын дамыту мәселесін басты меже етіп алған екен. Меніңше сайланған әкімдер ең алдымен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жұмыстануы тиіс» деп атап өткен депутат жаңа қызметке отырған селолық округтер басшыларының еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауға, әлеуметтік-экономикалық ахуалды дамытуға жұмыстанады деген сенімде екендігін жеткізді.
Атырау облысы бойынша іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, байқаушы Нұрлы Әйтиева сайлаудың қажырлы еңбекпен үлкен дайындық нәтижесінде болып жатқандығын айтты. «Мемлекет басшысының саяси шешіміне сәйкес, тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет ауылдық округтердің, аудандық маңызы бар қалалардың әкімдері сайланып отыр. Бұл ең алдымен халық тікелей сайлаған депутаттарға зор жауапкершілік жүктейді. Байқаушы ретінде, сайлау барысының әділ де ашық, ешбір заң бұзушылықсыз өткендігін атап айтқым келеді.
Байқаушылар арасында, әр округтен келген сенімді өкілдер, қатысуға ниет білдірген қоғамдық бірлестік басшылары, сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарының да болуы саяси оқиғаға неғұрлым жариялылық сипат беріп отыр» деген ол сайланған әкімдер ең алдымен ауылдың әл-ауқатын арттыру бағытында, әсіресе мәдени нысандарды іске қосу мақсатында жұмыс атқарар болса, ауылдық жерлердің де әлеуеті артар еді деген ұсынысын білдірді.
Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының облыстық комитетінің бірінші хатшысы, байқаушы Ерболат Дәулетқазиев тұңғыш рет өткізіліп отырған сайлауды нақты демократиялық қадам деп бағалайтындығын айтты. «Әкім халықпен тығыз байланыста болатын жергілікті биліктің басты әрі бірден-бір өкілі болғандықтан, өз басым әкімдердің сайланбалылығын енгізуді оңды қадам деп санаймын. Бара-бара біз әкімдерді халықтың өзі тікелей сайлайтын деңгейге де жететін боламыз» деген байқаушы ауыл әкімдерін мәслихат арқылы сайлау-халықтың демократиялық санасының, азаматтық позициясының қалыптасуына зор ықпалын тигізетіндігін айтты. «Ашық та, жариялы түрде өткен сайлауды көріп көппартиялы еліміздің азаматтардың таңдау құқығына шектеу қоймайтындығына, саяси маңызды істің өзін де бұқара мен байланыса отырып шешетіндігіне дән риза болдым. Бастысы халық өзі тұратын елді мекеннің жағдайына немқұрайлы қарамайтын болады» деді ол.
«Ауыл әкімдерінің сайлауы Оңтүстік Қазақстан облысында тамыздың 5-і күні бастауын алған болса, енді міне, саяси оқиға Атырау өңірінде жалғасын табуда. Меніңше, әкімдерді таңдау құқығының депутаттар корпусына берілуінің өзі құптарлық, – дейді «Тарлан-Атырау» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі, байқаушы Жаңылсын Қадырғалиева. Өйткені, депутаттар қашан да ел сенімінен шығуы тиіс тұлғалар. Бұл орайда депутаттардың оңды таңдау жасайтынына сенемін. Саяси маңызы зор айтулы оқиғаға қызығушылық танытқан қоғамдық бірлестіктердің қатысуына да еш кедергі болған жоқ. Бұл орайда сайлау туралы ережелер мен жалпы тәртіптің толық сақталғандығын атап өткім келеді» дейді ол.
Сайлау барысын бақылаушы сенімді өкілдердің бірі Айсұлу Балапанова ауылдық жерлерде ауызбен ғана айтылып, жүзеге аспай жүрген түйіткілді мәселелердің жетіп артылатындығын, ауыл әкімін сайлау ісі айтыла-айтыла жауыр болған проблемалардың шешімін табуына септігін тигізеді деп санайтындығын айтады. «Бастысы, селолық әкімдіктерге қосымша өкілеттіктер берілгелі отыр. Бұл дегеніңіз, жергілікті жердегі түйткілді мәселелерді енді атқарушы билік өз деңгейінде шеше алады.
Осылайша, еліміз мемлекеттік басқарудағы тағы бір маңызды оқиғаны артқа тастады. Депутаттар өз таңдауын жасады. Ендігі кезек аттай қалап алынған жаңа әкімдерде. Сайланған әкімдер ауылдардың жаңа тынысын ашса игі.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз