«БОЛАТ ЖОЛ» – БЕРІК ӘРІПТЕСІМІЗ

«Болат жол» ЖШС Қазақстанның Батыс өңіріндегі темір жол саласындағы ірі кәсіпорындардың бірінен саналады. 
Компания өз меншігіндегі тепловоздармен, локомотивтік және құрастырушылық бригадалармен Атырау облысы аумағында жүк тасымалдарын және маневрлік жұмыстарды ұйымдастырумен айналысады. Оның үстіне «Болат жол» 1998 жылдан бері «Теңізшевройл» (ТШО) ЖШС-нің тұрақты серіктесі, ал 2000 жылдан темір жол транспорты қызметтерін көрсету жөніндегі жалғыз ғана мердігері болып табылады. Бұл үшін компания болат жолдың бойындағы қозғалыс, жүк және жолаушы тасымалы, локомотив, вагон және басқа шаруашылықтармен шұғылданатын білікті, кәсіби деңгейі жоғары мамандарды жұмылдырады.

Аталған компанияның мүмкіндіктері мен перспективалық жоспарлары аймақ басшылығының да қызығушылығы мен бірлесіп жұмыс жасауға, басталған істерді жалғастыруға мүдделілігін туғызғаны анық. Соның айқын айғағындай, осы аптаның сейсенбісінде Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов «Болат жол» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Нығметжан Есенғаринды қабылдады.
Кездесу барысында компанияның атқарып отырған қызметі, келешектегі жоба-жоспарлары жайында келелі әңгіме қозғалды. Жүздесу соңында тараптар ілгеріде де іскерлік байланыстарды ілкімді жалғастыруға уағдаласты.

Дәулетқали АРУЕВ.
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз