БІЗДЕ ОТАН БІРЕУ, ОЛ – ҚАЗАҚСТАН!

jo2Атырауда өткен VI республикалық патриоттар форумының басты арқауы осы болды

Елдігіміздің, Егемендігіміздің бойтұмары
Тәуелсіздікті ту еткен патриоттар форумына республиканың түкпір-түкпірінен елдiң айбынын асырып, ынтымағы мен бiрлiгiн нығайтып жүрген 200-ге жуық делегат пен үш мыңға жуық атыраулық қатысты. Егемен елдің рухы – Мемлекеттік Әнұран шырқалып, елдің тұтастығын паш ететін Елтаңбасы жарқыраған, көкте көк Туы желбіреген салтанатты форум бұған дейін түркі тектес халықтардың рухани орталығы - Түркістанда бастау алып, Алаштың рухани орталығы - Семей, Павлодар, Қостанай мен Астана қалаларында жалғасқан еді.

Атырау форумы «Менің Туым! Менің Елтаңбам! Менің Әнұраным» атты патриоттық акциядан бастауын алды. Жер-жерден жиналған жұртшылықпен бірге сап түзеген автожүргізушілер, байкерлер мен салт аттылар «Ақжайық» қонақ үйі алдынан ені – 10 метр, ұзындығы – 20 метр болатын мемлекеттік рәміздеріміз Елтаңба мен Туды салтанатты түрде алып жүріп, орталық Исатай-Махамбет алаңына барып, Туды тұғырға көтерді.
Орталық алаңға жиылған дүйім жұрт республиканың барлық халқымен бірге бір мезетте егемен елдің рухы – Мемлекеттік Әнұранды бір кісідей шырқады.
– Көк байрағымыз 1992 жылдың 4 маусымында көтерілді. Бұлар – менің тұмарым. Себебі, шаңырақ – елімнің татулығы, бірлігі мен болашағы. Шаңыраққа көз тіксең, көк аспан, көк бұлттарды көресің. «Бастаудың суы лайланса, су таусылады. Рух лайланса, ел тұншығады» деген ата-бабаларымыздан қалған асыл сөз бар. Бастаудың суын, рухымызды сақтауымыз қажет. Бүгінде егемен елміз, көк Туымыз желбіреп тұр көгімізде, Елұранымыз бен Елтаңбамызға көз сүйсінеді. Көкте қалықтаған байрағымыздағы күн бізге бақыт, жарық сыйлайды. Ол – мәңгіліктің белгісі. Ал, қыран – қаһармандығымызды айғақтайды, – деп жүрекжарды лебізін білдірген Халық қаһарманы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаев патриоттық форумды жоғары деңгейде ұйымдастырып отырған облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің еңбегіне жеміс тіледі.
– Патриотизм саяси ұғым емес, ол – мәдени, тарихи түсінік, – дейді Алматы қаласынан қатысқан делегат, Ауған соғысы ардагері Әскербай Әлпейісов. – Әр адам өзінің шыққан тегін, өмір-салтын, дүниетанымын өмір сүру тәртібіне байланысты бойына сіңіріп, сол бойынша қазіргі заманның ағымына сәйкес жоғары түсінікті санасына жинақтап, ізгілікті іс жасай алса, нағыз патриот – cол. Еліне, жеріне, халқына деген боямасыз, ішкі таза сезім. Бүгінгідей бастамалардың елімізде кеңінен қанат жаюына жол ашатын, жастардың рухани жағынан өсуіне серпін беретін форум өте қажет. Өйткені, адам өз қатарына қарап бой түзеу арқылы ой-санасын жаңғыртады, жақсылыққа ұмтылады, сөйтіп, қоғамның дамуына ықпал етеді. Мұндай кең көлемді шараларды балабақшадан бастап ұйымдастыру қажет. Өйткені, баланы қалай бағып, өсірсең, ол солай өседі емес пе?! – деп сөзін аяқтады ол.
Халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмiтiн, арман-тiлегiн жеткiзетiн ерекше құнды белгiлер – Ұлттық рәміздерімізді ұлықтап, жастарды отансүйгіштікке баулитын «Менің Қазақстаным!» атты республикалық VІ патриоттар форумы осылайша ерекше басталды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз